Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
04.07.2023

Мәжілісте қазақ-жапон ынтымақтастық мәселелері талқыланды


Астана, 4 шілде, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте Палата спикері Ерлан Қошанов Жапония Парламенті Өкілдер Палатасының мүшесі, Жапонияның Либералдық-демократиялық партиясы қоғамдық кеңесінің төрағасы, Қазақстанмен достық лигасының төрағасы Тошиаки Эндомен кездесті.

Мәжіліс төрағасы Жапония делегациясына Қазақстан мен Жапония арасындағы парламентаралық байланысты дамыту жолында елордамызға келгені үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ Қазақстан Президенті әрқашан Жапониямен қарым-қатынасты дамытуға ерекше көңіл бөлетіндігін атап өтті.

– Біз екіжақты парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ерекше мүдделіміз. Қазақстан «Орталық Азия және Жапония» диалогына 2023 жылы төрағалық етуші мемлекет ретінде Жапония мен біздің өңір елдері арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға жан-жақты көмек көрсетуге дайын, – деді Мәжіліс төрағасы.

Өз кезегінде Тошиаки Эндо Жапония басшылығының Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатын қолдайтынын және Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытудың зор мүмкіндіктер беретінін атап өтті.

– Біз Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастықтың зор әлеуетін бірлесіп жүзеге асыруға дайынбыз.  Ол үшін парламенттеріміздің, үкіметтердің және корпоративтік сектордың күш-жігерін біріктіру қажет, – деді Т.Эндо.

Ерлан Қошанов Қазақстан Үкіметі жапондық компаниялардың елімізге релокация жасауы үшін қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.

- Жапондық компаниялар Каспий дәлізін зерттеу үшін Қазақстанға келген болатын. Біз оларға осы бағытты пысықтау үшін барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайынбыз. Сондай-ақ жапон әуе операторларын әуежайларымызды жолаушылар мен жүк рейстерін транзиттеу үшін пайдалануға шақырамыз, – деді Мәжіліс спикері.

Тошиаки Эндо біздің елдеріміздің мәдениеті мен тарихында ұқсастықтар көптігін және олар тек сенім мен өзара түсіністік аясындағы ынтымақтастыққа ықпал ететінін атап өтті.

Тараптар Қазақстан-Жапония қатынастарын жан-жақты нығайтуға және кеңейтуге, елдеріміз арасындағы парламентаралық ынтымақтастықтың одан әрі дамытуға келісті.

Айта кетейік, жиынға Мәжіліс депутаттары Айгүл Құспан, Ерболат Саурықов, Сейтжан Кенжеғұл, Мәжілістегі «Қазақстан-Жапония» парламентаралық ынтымақтастық тобының жетекшісі Бақтықожа Ізмұхамбетов, Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джун Ямада, Жапония Парламенті Өкілдер Палатасының депутаты Аюко Като, Жапония Парламенті Өкілдер Палатасының депутаты Таро Хонда, Жапония Халықаралық ынтымақтастық банкінің Президенті Нобумицу Хаяши, Жапонияның Либералдық-демократиялық партиясы қоғамдық кеңесі Төрағасының орынбасары Сугимота Хироаки қатысты.

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі - 74-63-04. Суретті түсірген Ж. Жұмабеков


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі