Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
20.09.2023

Мәжіліс балаларға Ұлттық қордан төленетін төлемдер туралы заң жобасын екінші оқылымда қабылдады


Астана, 20 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Бүгін Ерлан Қошановтың төрағалығымен Мәжілістің жалпы отырысы өтті. Онда депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға төлем жасау  мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қабылдап, екі халықаралық келісімді ратификациялады.

Ұлттық қордан балаларға төленетін төлемдер туралы түзетулер Мемлекет басшысының «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске қосу мақсатымен әзірленді. Оған Парламент депутаттары бастамасышы болды.

Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Берік Бейсенғалиевтің айтуынша, Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызы балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнайы жинақ шоттарына аударылады. Бұл қаражатқа балаларға болашақта тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе білім алуына жұмсауға болады. Тұрғын үй сатып алуға немесе жақсартуға Қазақстан аумағында ғана рұқсат етілген, ал білім алу үшін шетелдік оқу орнында оқуға мүмкіндік бар.

– Бала 18 жасқа толғанға дейін есепке жазылған қаражат Ұлттық қорда болады және Ұлттық Банк қаржы құралдарына инвестициялауды жалғастырады. Баланың туған күнінен немесе Қазақстан азаматтығын алған күнінен бастап он сегіз жасқа толғанға дейін оның бағдарламаға қатысқан тиісті мерзімі үшін әрбір баланың шотына бірдей сома аударылатын болады, – деді Берік Бейсенғалиев баяндамасында.

Депутат жинақтау және төлем механизмі 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асатынын атап өтті. Шотта жинақталған қаражатты 18 жасқа толғаннан кейін ғана пайдалануға мүмкіндік беріледі. Алайда балалар азаматтықты өзгерткен жағдайда бұл құқығынан айырылады. Сонымен қатар төленетін қаражат салықтан босатылады.

Сондай-ақ заң жобасы мақсатты жинақтарды және оларды төлеуді тоқтата тұру, тыйым салу, тәркілеу мүмкіндігін шектеу шараларын, алушы қайтыс болған немесе қайтыс болды деп танылған жағдайда мұрагерлердің оларды алу құқықтарын белгілейді.

Нәтижесінде мәжілісмендер заң жобасын екінші оқылымда қабылдап, Сенатқа жолдады. Бұдан бөлек, депутаттар екі халықаралық келісімді ратификациялады. Оның бірі – Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісім.

– Қор түркі мемлекеттері құрған алғашқы және негізгі бірлескен қаржы институты болады. Оның қызметі Түркі мемлекеттері ұйымына қатысушы елдердің экономикалық әлеуетін жұмылдыруға, кәсіпкерлікке, соның ішінде шағын және орта бизнеске, сондай-ақ жұмыс орындарының өсуі мен ашылуына жәрдемдесуге бағытталады, – деді Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Айдос Сарым қосымша баяндамасында.

Қор аясында Қазақстан халықаралық және ұлттық қаржы институттарымен, сауда-өнеркәсіп палаталарымен және жеке ұйымдармен ынтымақтастық орнатуға, өңірішілік сауданы, көлік-логистикалық тізбектерді, қоймалық және өндірістік қуаттарды кеңейтуге мүмкіндік алады.

Екінші құжат – Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасындағы екі елдің азаматтарына қатысты ақпарат алмасу туралы келісім. Ол көші-қон және қос азаматтыққа қарсы іс-қимыл саласындағы тараптардың құзыретті органдарының ынтымақтастығына құқықтық негіз қалайды.

– Азаматтарға қатысты көші-қон саласында ақпарат алмасу тетігін жасау осындай фактілерді жедел анықтауға және осындай бұзушылықтардың алдын алу жөнінде тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Келісімді ратификациялау біздің елдеріміз арасындағы құқықтық тәртіпті, қауіпсіздікті одан әрі дамытуға, сақтауға және екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін болады, – деді Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Жарқынбек Амантайұлы.

Бұдан бөлек жалпы отырыста депутат Вера Ким Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің құрамына сайланды. Ол депутаттық өкілеттігін тоқтатқан Ғалымжан Елеуовтің орнына Мәжілістегі «АМАNАТ» фракциясының қатарына қосылды. Айта кетейік, кеше Орталық сайлау комиссиясы бос тұрған мандатты Вера Кимге беру туралы қаулы қабылдаған болатын. Ол 2021 жылдан 2023 жылдың қаңтарына дейін VII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты болды.

Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер өзекті әлеуметтік және экономикалық мәселелер бойынша жауапты мемлекеттік органдарға бірқатар депутаттық сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сайтында және Telegram-арнасында жарияланды.

 

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-04. Фото Ж. Жұмабеков, Т. Таныбаев


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі