Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
05.02.2024

Мәжілісте зорлық-зомбылыққа жазаны қатайтатын, балаларды қорғайтын заң жобасы таныстырылды


Астана, 5 қаңтар, Мәжіліс үйі. Мәжіліс әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулердің жаңа пакетін дайындайды. Бүгін Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовтің жетекшілігімен заң жобаларының таныстырылымы өтті.

Заң жобалары Мемлекет басшысының жолдауын жүзеге асыру мақсатымен әзірленіп, әйелдер мен балалар құқықтары және заңды мүдделерін қорғау шараларының тиімділігін арттыруға бағытталған.

Заң жобасының авторлары – Мәжіліс депутаттары Асхат Аймағамбетов, Елнұр Бейсенбаев, Дания Еспаева және Жұлдыз Сүлейменова.

– Қылмысқа, әсіресе, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа төзбеушілік ахуалын қалыптастыратын кез келді. Бізге осы әлеуметтік зұлымдықпен күресетін түбегейлі жаңа тәсілдер мен әдістер қажет. Бұл – кәмелетке толмағандар мен дәрменсіз адамдарға қатысты қылмыстарға жазаны қатайту, Қылмыстық кодекске жаңа баптар енгізу мәселелері. Ең бастысы – заңсыз әрекеттердің алдын алу, – деді Д.Еспаева.

Заң жобасы жөнінде депутат Жұлдыз Сүлейменова баяндама жасады. Ол түзетулерде 2017 жылдан бастап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіндегі Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін, Ұрып-соққаны үшін әкімшілік жауаптылық қарастырылса, бұл баптар Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінен алынып, сәйкесінше Қылмыстық Кодекске жаңа баптар енгізілгенін айтты. Олар: 108-1 бабы – Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, 109-1 бабы – Ұру.

– Бұған қоса, балалардың құқығын қорғау саласында 2 жаңа норма енгізілді. Жобада педофилия және кәмелетке толмаған баланы өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру қарастырылды, – деді Ж.Сүлейменова.

Депутат азаматтардың өтінішін күтпей-ақ, уәкілетті органдар зорлық-зомбылық фактілері туралы БАҚ-тағы немесе әлеуметтік желілердегі хабарламалар негізінде шара қолдану туралы норма көзделгенін айтты.

– Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға сот шешімі бойынша не қылмыстық процесс тараптарының өтініші бойынша үш айдан бір жылға дейінгі мерзімге жәбірленушіні іздестіруге, қудалауға, оған баруға, ауызша, телефон арқылы келіссөздер жүргізуге және онымен өзге де тәсілдермен байланысқа түсуге тыйым салынатын ерекше талаптар белгілеу көзделіп отыр, – деді депутат.

Заң жобасында «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексінде Отбасы институтын нығайту бойынша Дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғауға, сақтауға, нығайтуға және ілгерілетуге, сондай-ақ балалардың ұлттық және дәстүрлі отбасылық құндылықтарды құрметтеу рухында адамгершілік және рухани тәрбиесін қамтамасыз етуге негізделген неке-отбасы заңнамасының қағидаттарын бекіту нормалары қарастырылды.    

Ал Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева былтыр тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 7 бала қаза тапқанын, балаларға карсы 2452 қылмыс жасалғанын атап өтті.

Отырысты қорытындылаған Комитет төрағасы А.Аймағамбетов:

– Біз бүгін өте маңызды заң жобасын қарастырып отырмыз. Жобаға қатысты сұрақ та, ұсыныс та көп екенін біз оны дайындағанда білгенбіз. Сондықтан айтылған ұсыныстарды талқылауды жұмыс тобында жалғастырамыз. Оған депутат Жұлдыз Сүлейменова жетекшілік етеді, – деді  

Отырысқа қатысушылар заң жобаларын жетілдіруге қатысты сұрақтарын қойып, саладағы өзекті мәселелерді талқылады. Түзетулерді пысықтау бойынша жұмыс Мәжілісте жалғасады.

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі 74-63-04, Фото Т.Таныбаев.

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі