Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
21.02.2024

Мәжіліс әйелдер құқығы мен балалардың қауіпсіздігі туралы заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады


Астана, 21 ақпан, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы және ақпаратқа қол жеткізу мен қоғамның қатысуы мәселелері бойынша заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады. Сонымен қатар Қырғызстан және Түркиямен байланысты екі келісімді ратификациялады.

Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заң жобаларын депутат Жұлдыз Сүлейменова таныстырды. Құжат Мемлекет басшысының жолдауындағы тапсырмаларын іске асыру үшін депутаттардың бастамасымен әзірленді. Жұлдыз Сүлейменова заңнамалық түзетулер 5 бағытты қамтитынын айтты. Біріншісі – зорлық-зомбылыққа, басқа да қатыгездікке немесе адамның ар-намысын қорлауға жол бермеуді көздейтін нормалар.

– Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіруге – 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу жазасы қарастырылады. Дене жарақатын келтірген, бірақ денсаулығына жеңіл зиян келтіруге әкеп соқпаған ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттерін жасау – 80 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 80 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 25 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады, – деді Ж.Сүлейменова.

Екіншіден, суицидтің алдын алу мақсатымен Қылмыстық кодекске жаңа 2 құрам бойынша норма енгізіледі. Суицидке итермелегені үшін 5 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын белгілеу, суицидті насихаттағаны үшін 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салу ұсынылады.

– Сондай-ақ балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды қорғау үшін тұрмыстық жағдайы ауыр отбасыларды ерте анықтау бойынша мобильді топтардың жұмысын ұйымдастыруға байланысты шаралар кешені қарастырылған. Интернаттардағы балалардың құқықтарын қорғау үшін әлеуметтік маңызы бар нысандарда мемлекеттік бақылау алдын ала хабардар етпей жүргізілетін болады. Сондай-ақ арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарға, балаларға білім беру және сауықтыру қызметтерін міндетті лицензиялау ұсынылады, – деді Ж.Сүлейменова.  

Бұдан бөлек дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғауға, сақтауға, нығайтуға, өзара құрметке негізделген неке-отбасы заңнамасының қағидаттарын бекіту көзделген.

Талқылау барысында депутат Сергей Пономарев заң жобаларында кәмелетке толмағандар істері және балаларды отбасынан алып кету туралы нормалар қамтылғанына қоғамның алаңдаулы екенін айтты. Ол баяндамашыдан және жауапты мемлекеттік органдардан осы ақпаратты нақтылауды сұрады. Жұлдыз Сүлейменова мұндай нормалар жоқтығын және болуы мүмкін еместігін жеткізді. Өйткені заң жобалары балалардың отбасында өсіп-жетілуін қамтамасыз етуге, жалпы балалар үйі институтын жоюға бағытталған. Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан да әлеуметтік желіде тараған бұл мәліметті жоққа шығарды. Балаларды тәрбиелеу, оқыту және олардың қауіпсіздігі мәселелерінде мемлекет басқа адамдар мен мекемелерге қарағанда әрқашан ата-анаға басымдық береді.

Жалпы отырыста «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ақпаратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да бірінші оқылымда мақұлданды. Құжат ақпарат иелерін – мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерін мүгедектігі бар адамдардың ақпаратқа тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге міндеттейді. Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкестендіріп, арнайы «құпия» грифтерді есепке алмағанда мемлекеттік органдардағы барлық ақпаратты  ашық деп айқындау ұсынылатынын айтты.

– Заң жобасына сәйкес, мемлекеттік органдар таратылуы шектеулі ақпаратты тек белгілі бір мерзімге және құжаттың бір бөлігіне ғана қолдана алады. Мемлекеттік органдар бірыңғай тізбеден тыс ақпаратты азаматтардан сұрату түсуін күтпей проактивті белсенді түрде жария етіп отыруы ұсынылады. Мемлекеттік сектор ұйымдарының жауапкершілігін арттыру үшін Мәдениет және ақпарат министрлігіне тиісті құзырет беру арқылы ақпаратқа қол жеткізу саласында мемлекеттік бақылау енгізіледі, – деді вице-министр.

Бақылауды тоқсанына бір рет бақылау субъектісіне бармай профилактикалық түрде жүргізу жоспарланған. Құқықбұзушылықтар болған жағдайда оларды жою туралы ұсыным жіберіледі. Ұсыным орындалмаған немесе арыз-шағым түскен жағдайда жоспардан тыс тексеру тағайындалады.

Сонымен қатар Мәжіліс екі заң жобасын ратификациялады. Олар жөнінде Көлік министрі Марат Қарабаев баяндама жасады. Оның біріншісі – 2022 жылғы 26 мамырда Бішкек қаласында жасалған Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісім. Министр келісімнің мақсаты Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКAO) стандарты бойынша апатқа ұшыраған әуе кемелерінің жолаушылары мен экипаждарын іздестіру екенін айтты.

Екінші құжат – Қазақстан-Түркия үкіметтері арасындағы транзиттік-көліктік әлеуетті және сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға бағытталған халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалы туралы келісім. Құжатқа 2022 жылы 10 мамырда Анкарада қол қойылған. Жоба Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуды көздейді және екі ел арасында авто, теміржол және су көлігімен орындалатын жүктерді тасымалдау көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті екі заң жобасын жұмысқа қабылдады. Олар: ҚР кейбір заңнамалық актілеріне оларды Конституция нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша заң жобасы; «Құқық қорғау қызметі туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы.

Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша жауапты мемлекеттік органдарға 15 депутаттық сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сайты мен Telegram-арнасында жарияланған.

 

 

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-04. Суреттер Ж.Жұмабеков, Т.Таныбаев


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі