Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
01.03.2024

Мәжіліс кредиттеу кезінде тәуекелдерді азайтуға және қарыз алушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған заң жобасын қарайды


Астана, 1 наурыз, Мәжіліс үйі. Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.

Депутаттарға кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда қарау ұсынылады. Құжатты Парламент депутаттары Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатымен әзірледі.

Ұсынылып отырған нормалар азаматтардың шамадан тыс несиесін төмендетуге, қарыз алушылардың құқықтарын қорғауды арттыруға, азаматтардың банкроттық рәсімге қол жеткізуін жеңілдетуге, сондай-ақ кредит беру кезінде алаяқтық әрекеттерді азайтуға бағытталған. Атап айтқанда, кредиттер бойынша 90 күннен артық мерзімі өткен жағдайда азаматтарға жаңа тұтынушылық несие беруге тыйым салу ұсынылады. Бұдан басқа, кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды жылыту маусымында жалғыз тұрғын үйінен шығаруға тыйым салатын норма, сондай-ақ қарыз алушының банк шотында кредиттер бойынша берешекті өндіріп алу процесінде кемінде 2 күнкөріс мөлшерінде ақшаның сақталуын қамтамасыз ететін түзетулер көзделген.

Депутаттар алдағы жалпы отырыста «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасын бірінші оқылымда ілеспе түзетулермен талқылайтын болады. Олар ғылыми қызметтің стратегиялық, кәсіби және әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған және ғылымның ел экономикасын дамытуға қосқан үлесін жақсартуға, ғылыми әлеуеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететін болады.

Сонымен қатар «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралады. Бұл заң жобасына Парламент депутаттары бастамашылық етті. Ол салықтық преференциялар беру арқылы ғылымның дамуын ынталандыруға бағытталған.

 
Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-01. Сурет түсірген – Ж.Жұмабеков


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі