Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
01.03.2024

Мәжілісте экономикалық қылмыстарды қылмыстық сипаттан арылту мәселесі қаралды


Астана, 1 наурыз, Мәжіліс үйі. Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінде экономикалық қылмыстарды қылмыстық сипаттан арылтудың өзекті мәселелері талқыланды. Комитет төрайымы Снежанна Имашеваның жетекшілігімен өткен дөңгелек үстелге Палатаның Вице-спикері Дания Еспаева, мүдделі мемлекеттік органдардың, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және адвокаттар қауымдастығының өкілдері қатысты.

Отырысты ашқан Дания Еспаева кәсіпкерлердің құқықтарын қорғаудың жекелеген мәселелері Мәжілісте талай рет көтерілгенін, жуырда ғана кәсіпкерлік мәселелері туралы заң Сенатқа жолданғанын атап өтті.

– Бүгін біз бизнесті қылмыстық қудалау орбитасына негізсіз тартуға қарсы іс-қимыл туралы айтатын боламыз. Мемлекет басшысы оны императивті заңнамалық деңгейде бекіту міндетін қойды. Кәсіпкерлікті қорғау саласындағы жұмыстар жалғасуда. Біздің қарауымызда тұрған заң жобалары – соның айғағы, – деді Д.Еспаева.

 Снежанна Имашева бүгінде Мәжілісте Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық атқару кодекстерін оңтайландыру бойынша заң жобасы әзірленіп жатқанын айтты. Мәселен, депутаттардың бір тобы Қылмыстық кодекстің 197-бабында көзделген мұнай мен мұнай өнімдерін шығу заңдылығын растайтын құжаттарсыз тасымалдауға, сатып алуға, өткізуге, сақтауға, қайта өңдеуге қатысты әрекеттерді қылмыстық сипаттан алып тастауды ұсынып отыр. Ал басқа депутаттар бұл бапты Қылмыстық кодекстің «Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар» атты 8-тарауына көшіру керек деп есептейді. Өйткені, олардың пікірінше, құқық бұзушылықтың объектісі – экономикалық қызмет саласындағы қоғамдық қатынастар.

Бұл ретте Комитет төрайымы депутаттар Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатымен экономикалық құқық бұзушылықтарды декриминализациялауға және салықтық қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілікке тартудың әділ тетігін анықтауға бағытталған заң жобасына бастамашылық еткенін айтты. Осыған байланысты түзетулерді әзірлеушілер бұл мәселені сарапшылар қауымдастығымен бірлесіп талқылауды ұйғарды.

Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов заң жобасының мақсаты қылмыстық процесте азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау екеніне назар аударды. Түзетулерде несиені заңсыз алу немесе бюджеттік несиені мақсатсыз пайдалану, бухгалтерлік есеп пен қаржылық есеп туралы заңнаманы бұзу сияқты құқық бұзушылықтарды толығымен қылмыстық сипаттан шығару ұсынылған. Экономикалық контрабанда, кедендік төлемдер мен алымдарды, салықтарды төлеуден жалтарулар ішінара қаралады. Ал салық қылмыстары мен кірістерді жылыстату саласындағы қатынастар бөлек реттеледі.

Абзал Құспан Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауыстырылатын баптарға тоқталды.

– Біз толығымен Қылмыстық кодекстен алып тастағалы отырған баптардың ішінде заңсыз несие алуға байланысты 219-бап бар. Екінші норма – бухгалтерлік есеп пен қаржы есебі туралы 241-бап. Бәрімізге белгілі, жекелеген мекемелерде шешім қабылдайтын бухгалтер емес, сол мекеменің басшысы немесе құрылтайшысы. Ал қылмыстық жауапкершілікке бухгалтерлер, есеп қызметкерлері тартылып кетеді. Осы кезге дейін бұл мәселе бірнеше рет көтерілген болатын. Сондай-ақ 234-236-баптар ішініара декриминализацияланатын болады, – деді Абзал Құспан.

 Жиын барысында депутаттар мен өзге де отырысқа қатысушылар заң жобасына экономикалық құқық бұзушылықты қылмыстық сипаттан алып тастауға қатысты өз пікірлерімен, ұсыныстарымен бөлісті. Снежанна Имашева оларды алдағы уақытта жұмыс топтарында ескеретінін айтты.

 

 

 Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-04. Суретті түсірген Т.Таныбаев

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі