Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
13.03.2024

Мәжілісте оңтүстік өңірлердің алдағы суару маусымына дайындық мәселелері қаралды


Астана, 13 наурыз, Мәжіліс үйі. Мәжілісте Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаевтың жетекшілігімен тақырыптық  отырыс өтті. Онда еліміздің оңтүстік өңірлерін алдағы суару маусымына дайындау мәселелері талқыланды.  

Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаевтың айтуынша, республикада он жылға белгіленген су пайдалану лимиті бар. 2016-2025 жылдарға арналған лимит 28,6 текше километрді құрайды. Суды ең көп тұтынатын сала – ауыл шаруашылығы, оған барлық судың 65% астамы жұмсалады.

Суармалы судың негізгі бөлігін оңтүстіктегі 5 облыс тұтынады. Олар: Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстары. Соңғы жылдары бұл өңірлерде вегетациялық кезең су көлемі азайған кезде өтеді.

Арсен Жақанбаев Алматы, Жетісу және Жамбыл облыстарындағы су шаруашылығының жағдайы тұрақты екенін және су қоймалары жинақтау режимінде екенін айтты.  

Алайда Түркістан және Қызылорда облыстарында бірқатар мәселе туындауы мүмкін. 2024 жылдың 12 наурызындағы жағдай бойынша, Шардара су қоймасының көлемі 4 669 миллион текше метрді құрайды (2023 жылдың осы кезеңінде 5 030 миллион текше метрді құраған). Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының болжамды кестесіне сәйкес аталған су қоймасына келетін су ағыны – 11 171 миллион текше метр. 2024 жылдың 1 сәуіріне дейін шамамен 9 500 миллион текше метр су келеді деп болжанып отыр. Алайда Сырдария өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан елдердің әсерінен су қоймаларының аз толуына байланысты қажетті су көлемі жиналмауы мүмкін. Салдарынан осы өңірлердегі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді суармалы сумен қамтамасыз ету күрделене түсуі ықтимал. Сондықтан облыс әкімдіктеріне күріш дақылын алып тастау ұсынылады.

Сондай-ақ озық су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу қажет. Бұл 2026 жылға қарай 1,5 текше километрге дейін су үнемдеуге мүмкіндік береді.

Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов оңтүстік өңірлерде ылғалды көп қажет ететін дақылдар алқаптарын қысқарту, мәселен күріш алқабын 6,4 мың гектарға, мақтаны 11 мың гектарға қысқарту жоспарланып отырғанын айтты. Қысқартылған алқаптардың орнына өзге дақылдардың ауданы ұлғайтылатын болады. Яғни, картоп 3,9 мың гектарға, қант қызылшасы 6,5 мың гектарға және жемшөп дақылдары 20 мың гектарға ұлғаяды.

Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қызылорда және Түркістан облыстары әкімдіктерінің өкілдері өңірлерді сумен қамтамасыз ету бойынша қазіргі жағдайды бейнебайланыс арқылы баяндады.

Мәжіліс депутаттары вегетациялық кезеңде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді суармалы сумен қамтамасыз ету бойынша уақытылы шаралар қабылдау керек екенін атап өтіп, өз ұсыныстары мен ескертулерін айтты.

Қатысушылардың пікір алмасуынан кейін Серік Егізбаев отырысты қорытындылап, ұсыныс-пікірлер Үкіметке жолданатынын атап өтті.

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі