Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
14.03.2024

Мәжілісте елге шетелдік инвестиция тарту мәселелері талқыланды


Астана, 14 наурыз, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде ел экономикасына шетелдік инвестицияларды тартудың өзекті мәселелері тақырыбында кеңейтілген тақырыптық отырыс өтті. Жиынға комитет төрайымы Айгүл Құспан жетекшілік етті.

Отырысқа Мәжіліс депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың,   сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың басшылығы мен өкілдері қатысты. Айгүл Құспан Мемлекет басшысы инвестициялық тартымдылықтың тиімді жүйесін құрудың маңыздылығына ерекше мән беретінін атап өтті.

Сыртқы істер вице-министрі Назира Нұрбаева экономиканың негізгі салаларына шетелдік инвесторлар тартуды көздейтін 68 инвестициялық бағдарлама бекітілгенін айтты.

– 2023 жылы 1,1 млрд АҚШ долларына шетелдіктердің қатысумен 47 инвестициялық жоба пайдалануға беріліп, 5,2 мың жұмыс орны құрылды. Сол жылы 4,9 млрд долларға 70 жаңа инвестициялық жобаны пысықтау басталды. Биыл 1,5 млрд доллардан астам сомаға 40-қа жуық жоба пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұдан басқа инвесторлар үшін кедендік баждардан босату, мемлекеттік грант, салықтық преференциялар беруді көздейтін инвестициялық келісімшарттар жасасу тетігі қолданылады. Соңғы 5 жылда 347 инвестициялық келісімшарт жасалды, олардың көлемі 3 трлн теңге, – деді Н.Нұрбаева.

Вице-министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының шешімімен инвестицияларды тарту жөніндегі кеңестің қызметі толығымен қайта форматталған. Ол орталық және жергілікті мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерін тарта отырып, инвестициялық жобалардың проблемалық мәселелерін шешеді.

Ұлттық экономика министрінің орынбасары Бауыржан Құдайбергенов пилоттық режимде инвестицияларды қолдау шараларына сұраныстар қабылдайтын Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа жұмыс істейтінін атап өтті. Ол биыл мамыр айынан бастап толық іске қосылады.

Ал Бас прокуратураның Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі бастығының орынбасары Ризат Смағұлов ақпараттық жүйелерді пайдаланып, инвесторлардың проблемаларын жүйелі шешу үшін жаңа құралдарды енгізуге кіріскенін жеткізді. Бірінші кезекте – «жасыл дәліз» типі бойынша жеңілдетілген жағдайлар енгізу. «Жасыл дәлізге» қатысушыларға рұқсаттар алу мерзімдері мен мемлекеттік органдардың келісу саны қысқартылады. Сондай-ақ жер беру және коммуникация жүргізу шарттары жеңілдетіледі.

– Екінші кезектегі шара – барлық инвестициялық процесті цифрландыру. Бұл инвестицияларды тартудан бастап жобаны пайдалануға беруге дейінгі кезеңді нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Инвесторлар туралы өзекті ақпарат қолжетімді, инвестициялық жобаларды іске асыру процесі ашық болады. Егер құқықбұзушылықтар мен әкімшілік кедергілер болса, IT жүйесі оларды бірден Сыртқа істер министрлігі мен прокурорға жібереді, – деді Р.Смағұлов.

Оның айтуынша, бұл прокуратура, уәкілетті мемлекеттік органдар және инвесторлардың өздері тарапынан тұрақты онлайн-сүйемелдеуді және мониторингті қамтамасыз етеді. Платформаны 30 сәуірге дейін пайдалануға беру жоспарланған.

Баяндамаларды тыңдаған соң депутаттар саладағы мәселелер мен оларды шешуге қатысты сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтты. Соның ішінде елдің инвестициялық ахуалын одан әрі жақсарту, қаржыландыру мен оны тиімді пайдалану, бюрократиялық шығындарды азайту, жобаларды сүйемелдеу және басқа да мәселелер көтерілді.

– Үкіметке шетелдік инвесторлардың қатысуымен жобаларды іске асыру бойынша бірыңғай үйлестірушіні айқындау жөніндегі мәселені қарастырып, инвестициялық саясатты іске асыруға жауапты ретінде Сыртқы істер министрлігін бекіту қажет деп санаймыз. Сондай-ақ кәсіпкерлік қызметке кедергі жасауға және заңсыз араласуға байланысты шаруашылық жүргізуші субъектілердің (инвесторлардың) құқықтары мен заңды мүдделеріне қол сұғатын құқықбұзушылықтар бойынша жауапкершілікті қайта қарау қажет, – деді А.Құспан.

Жиын барысында айтылған ұсыныстар жинақталып, Үкіметке жолданатын болады.

 

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі 74-63-04, Фото Т.Таныбаев.

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі