Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
18.03.2024

Мәжіліс депутаттары Денсаулық сақтау министрлігінің жұмыс жоспарымен танысты


Астана, 18 наурыз, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовтің жетекшілігімен комитет отырысы өтті. Депутаттар Денсаулық сақтау министрінің тағайындалған уақыттан бергі жұмысы мен министрліктің алдағы жоспары жөнінде баяндамасын тыңдады.

Асхат Аймағамбетов осы жылдың ақпан айында Ақмарал Әлназарованың кандидатурасын келісу  барысында оның депутаттар алдында денсаулық сақтау саласына халықтың қалтасынан жұмсалатын қаржыны азайтуды мақсат еткенін еске салды.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова биыл медициналық көмек пен амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қызметтерін сатып алуға 2,8 трлн теңге бөлінгенін атап өтті. Соның ішінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің пакеті бойынша – 1,6 трлн теңге, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті бойынша – 1,2 трлн теңге. Дегенмен 2024 жылы республикалық бюджеттен жеткіліксіз қаржыландыру сомасы 220 млрд теңгеден асады.

– Ақпанның соңында медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегі 57,3 млрд теңгеге, соның ішінде мерзімі өткен берешек – 22 млрд теңгеге жетті. Кредиторлық берешек себептерінің бірі – қаржылық тәртіптің болмауы және медициналық ұйымдардың бақыланбауы. Дәрі-дәрмектердің шамадан тыс жиналуы, кейін оларды кедергісіз жою медициналық ұйымдардың қаржылық тұрақтылығының нашарлауына үлкен қауіп төндіреді. Қаражатты науқастарды емдеу үшін емес, күрделі шығыстар үшін пайдалану да бар. Тексерілген 24 медициналық ұйымда негізсіз шығындар 4,1 млрд теңгені құрады. Бұл – қарыздың пайда болуының екінші себебі. Еңбекақы төлеу қорынан берілген негізсіз төлемдер – үшінші себеп, – деді А.Әлназарова.

Министр кредиторлық берешек бола тұра сыйақыларды төлеу және 694 млн теңге сомасына лауазымдық еңбекақыларды ұлғайту фактілері анықталғанын атап өтті. Сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру бойынша барлық деңгейде медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған шараларға тоқталды.

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету, республикалық бюджетке түсетін жүктемені азайту және шынайы сақтандыру моделіне кезең-кезеңімен көшу мен медициналық ұйымдардың қаржылық тұрақтылығы мәселесін шешу жоспарланып отыр. Сондай-ақ кепілдіктерді қаржы ресурстарымен нақты толтыру арқылы халықтың қалта шығыстарын азайту, сақтандырылған азаматтардың алдын ала төленген сапалы медициналық көмек алу құқығын қорғау да маңызды, – деді министр.

Баяндаманы тыңдаған соң депутаттар министрге түйткілді мәселелерге қатысты сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтты. Соның ішінде, кадр даярлау, медициналық оқу орындары мен жатақханалардың жағдайын жақсарту, МӘМС жүйесінің тиімділігін арттыру, өңірлердегі денсаулық сақтау саласының дамуы, дәрі-дәрмектің жетіспеуі мен медициналық жабдықтармен толық қамту және басқа да мәселелер көтерілді.

– Бүгін көп сұрақ қойылды, бірнеше мәселе айтылды. Заңнамаға өзгеріс енгізу қажеттілігін көріп отырмыз. Әсіресе, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін міндетті түрде Кодекске, заңға өзгеріс енгізуіміз қажет. Сондықтан біздің тарапымыздан керек шешімдерді қарастырып, сіздермен бірігіп, оңтайлы жұмыс істеуге дайынбыз, – деді А.Аймағамбетов.

Бүгінді жиында айтылған барлық сұрақ пен ұсыныс жинақталып, министрлікке жолданады. Комитет төрағасы отырыс барысында депутаттар көтерген мәселелер мен сұрақтарға жазбаша қосымша жауап беруді сұрады.

 

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-04. Фото Т.Таныбаев.

 

 

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі