Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
21.03.2024

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың Наурыз мерекесімен құттықтауы


Ардақты ағайын!

Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Наурыз – жақсылық пен ізгілікті, ырыс пен ынтымақты, береке мен молшылықты айшықтап, ұлтымызды ұйыстыратын ұлағатты мейрам.

Бабаларымыз бағзыдан төрт түлік түлеп, тіршілік қайта жаңаратын кезеңді жыл басына балаған. Бұл күнді ізгі ниетпен, зор үмітпен қарсы алған. Сондықтан осы шуақты мерекенің халқымыз үшін мән-маңызы ерекше.

Бүгінде ата дәстүріміз, салтымыз, мәдениетіміз бен тарихымыз қайта жаңғырып жатыр. Биылдан бастап Наурыз мейрамын жаңа форматта атап өтудеміз.

Бұл жолы Ұлыстың ұлы күні Атырауда өткен Ұлттық Құрылтаймен тұспа-тұс келді. Сол келелі кеңесте Президент идеологиялық, рухани бағыт-бағдарымызды белгілеп берді.

Біз ұлтымыздың жаңа келбетін айқындайтын сол негізгі құндылықтарды, ата дәстүрлерді қастерлеуіміз керек.

Қазіргі кезеңде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен мемлекетіміз де, тұтас ұлтымыз да жаңару, жаңғыру жолында келеді.

Осы жолда бірлігіміз бекем, тірлігіміз тұғырлы болсын!

Әз-Наурыз елімізге құт-береке, әр шаңыраққа шаттық пен қуаныш әкелсін!

Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі