Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
27.03.2024

Мәжіліс «Органикалық өнімдерді өндіру және оның айналымы туралы» заңды екінші оқылымда қабылдады


Астана, 27 наурыз, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар «Органикалық өнімдерді өндіру және оның айналымы туралы» заң мен оған ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Сондай-ақ ЕАЭО мемлекеттерінің бірлескен кооперациялық жобаларын жүзеге асыруға қаржылық көмек көрсету туралы және Ресей мұнайын Қазақстан арқылы Қытайға тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы екі хаттаманы ратификациялады.

Жұмыс тобының жетекшісі Айдарбек Қожаназаров «Органикалық өнімдерді өндіру және оның айналымы туралы» заң мен оған ілеспе түзетулер туралы баяндама жасады. Ол жобаны депутаттар органикалық өнімдерді өндіру және айналымы саласындағы заңнаманы жетілдіру, сондай-ақ оны органикалық өндірістің халықаралық стандарттары мен тәжірибесімен үйлестіру мақсатымен әзірлегенін айтты.

Негізгі заңда органикалық өнімдерді өндіруге көшу шарттары, оларды өндіруге, айналысқа және таңбалауға қойылатын талаптар қарастырылады. Сондай-ақ органикалық өнімдерді есепке алу мен қадағалау жүйесі және оларды өндірушілердің тізілімі жасалады. Баяндамашының айтуынша, өзгерістер органикалық өндірісті сұраныстар мен өткізу нарығының қалауына байланысты таңдалған стандарттың талаптарына сәйкестігін сертификаттауға мүмкіндік береді. Бұл ретте сертификаттау объектілерінен органикалық өнімдер алынып тасталады, тек өндіріс процесі ғана сертификатталады.

– Органикалық өнімдерді сату кезінде де бақылаулар енгізіледі. Бұл тұтынушылардың құқықтары мен халықтың денсаулығын қорғауға, «органикалық» деп сатылатын органикалық емес өнімдер айналымының жолын кесуге, отандық органикалық өнім өндірушілерді жалған таңбалауға байланысты азаматтарымызды адастыратын импорттаушылар тарапынан жосықсыз бәсекелестіктен қорғауға көмектеседі, – деді Айдарбек Қожаназаров.

Ілеспе жобада сәйкестік сертификаты құнының 50 пайызын субсидиялау және органикалық тыңайтқыштарды субсидиялау көзделген. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістерде жергілікті атқарушы органдарда бақылаудың тиісті функцияларын алып тастауға байланысты органикалық өнім өндіру саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік алынып тасталады. Осылайша, органикалық өнімді өндіру және оның айналымы жөніндегі қызмет мемлекеттік органдар тарапынан тиісті бақылаусыз қалмайды. Оны сәйкестікті растау, сондай-ақ халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті органдар жүзеге асырады.

 Талқылау нәтижесінде депутаттар заңдарды екінші оқылымда қабылдап, Сенаттың қарауына жіберді.

 Мәжіліс 2014 жылғы 29 мамырдағы ЕАЭО туралы шартқа Одаққа мүше мемлекеттердің өнеркәсіп салаларындағы бірлескен кооперациялық жобаларын іске асыруына қаржылық көмек көрсету бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялады.

Құжат жөнінде Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев баяндады. Оның айтуынша, Одақ шеңберінде өзара инвестицияларды арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндіріс активтерінің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік беретін қаржыландырудың жаңа форматы әзірленген.

– Қаржылық жәрдемдесу механизмі 5 жыл мерзімге пилоттық режимде бекітіледі. Арнайы, демпингке қарсы және өтемақы баждарынан түсетін жалпы соманың 10 пайызы қаржыландыру көзі болады. Бір жобаға субсидияның максималды көлемі жылына 1,890 млрд теңгені құрайды. Қаражат Еуразиялық экономикалық комиссия мүше мемлекеттердің ұлттық қаржы ұйымдарына және Еуразия Даму банкіне базалық мөлшерлеменің 100 пайыз көлемінде субсидия түрінде беріледі, – деді Қ.Шарлапаев.

Бұдан соң депутаттар Ресей мұнайын Қазақстан аумағы арқылы Қытайға тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы Қазақстан-Ресей үкіметаралық келісіміне түзетулер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев хаттамада транзит көлемі, тарифтер және мұнай транзиті үшін есеп айырысу қарастырылғанын айтты. Сондай-ақ жыл сайын 10 млн тонна көлемінде Ресей мұнайы транзитімен келісімді 10 жылға ұзарту көзделді. Бұл ретте мұнай айдау тарифі тоннасына 15 доллар болып бекітілді.

– Осы Хаттаманы қабылдаудың еліміз үшін тиімді тұстарын атап өткім келеді. Біріншіден, Қазақстан Ресей мұнайын алмастыру арқылы өз мұнайын сатуға мүмкіндік алады. Екіншіден, Ресей мұнайын Қазақстан арқылы тасымалдау үшін елге жыл сайын 171 млн АҚШ доллары түседі. 10 жылда бұл 1,7 миллиардтан асады. Үшіншіден, Павлодар мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуаты артады, – деді жұмыс тобының жетекшісі Вера Ким қосымша баяндамасында.

Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті «Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын жұмысқа алды.

Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша жауапты мемлекеттік органдарға 16 депутаттық сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сайты мен Telegram-арнасында жарияланды.

Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-04. Суреттер Ж.Жұмабеков, Т.Таныбаев.

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі