Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
29.03.2024

Мәжілісте Қазақстандағы босқындардың құқықтық мәртебесі қаралды


Астана, 29 наурыз. Мәжіліс үйі. Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінде Қазақстандағы босқындардың құқықтық жағдайы туралы тақырыптық отырыс өтті. Жиынға комитет төрайымы Снежанна Имашева жетекшілік етті.

Снежанна Имашева кездесудің мақсаты Қазақстан 1998 жылдан бері қатысатын 1951 жылғы Конвенцияның ережелеріне сәйкес босқындардың құқықтарын қорғау және оларды интеграциялаудың өзекті мәселелерін талқылау екенін айтты.

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев қолданыстағы заңнамаға талдау жасады. Ол Қазақстанның Босқындар мәртебесіне қатысты конвенцияға қосылғаннан кейін 2009 жылы арнайы заң қабылдағанын атап өтті. Мұнда алғаш рет «босқын» және «пана іздеуші» ұғымдары ажыратылып, оларды құрметтеуге кепілдік берілген құқықтары бекітілген. Дегенмен омбудсменнің айтуынша, ұлттық заңнаманың халықаралық стандарттарға сәйкестігінде олқылықтар бар.

- Егер шетелдік қайтып оралғанда азаптау немесе қатыгездікке ұшырауы мүмкін деген негіз болса, ұлттық заңнама шетелдікті елден шығаруға толық тыйым салмайтын қорытындыға келдік. Біз ұлттық заңнама шетелдіктерді шығарып жіберуге толық тыйым салмайды деген қорытындыға келдік, егер олар қаупі бар деп санауға негіз болса. Халықаралық құқықта бұл принцип «non-refoulement» деп аталады. Бұл принцип шығару фактісіне тыйым салмайды. Мысалы, үшінші мемлекетке шығару фактісі. Біз тек адамды әділетсіз қудалауға ұшырауы мүмкін белгілі бір мемлекетке депортациялауға тыйым салу туралы айтып отырмыз, – деді Артур Ластаев.

Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан Босқындар мәселелері жөніндегі бірінші жаһандық форумда Қазақстанның жұмысына тоқталды. Оған қатысушылар Жаһандық шарттың мақсаттарына қол жеткізу бойынша ерікті міндеттемелер қабылдаған. Осылайша, Қазақстан тарапы аналарында жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ болса да, олардың балаларына туу туралы куәліктерді тіркеуді және беруді бастады. Сондай-ақ мемлекет елде тұратын босқындарды ICAO стандарттары бойынша машинамен оқылатын жол жүру құжаттарымен қамтамасыз етеді.

БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори мен БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының Орталық Азиядағы өкілі Ханс Фридрих Шоддер Қазақстанның босқындар құқықтарын сақтауға қосқан үлесін бағалау туралы баяндамаларын оқыды. Олар Үкіметтің Қазақстанның 2022-2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасын жүзеге асырудағы жұмысын атап өтті. БҰҰ босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының қолдауымен әзірленген тұжырымдама бойынша босқындардың денсаулық сақтау, жұмысқа орналасу, білім беру және әлеуметтік көмекке қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін ұлттық заңнамаға өзгерістер енгізіледі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов Қазақстанда 2022 жылға дейін босқындар мәселесі бойынша мемлекеттік саясатты ішкі істер органдары жүргізгенін атап өтті. Алайда БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы Комиссары басқармасының ұсынымдарын іске асыру үшін Президенттің тиісті Жарлығымен 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап босқындар мәселелері бойынша функциялар мен өкілеттіктер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне берілді.

– Қазақстанның заңнамасы барлық баланың құқығын қамтамасыз етеді. Атап айтсақ, босқындар мен пана іздеушілердің балаларына тегін негізде мектепке дейінгі, бастауыш, жалпы орта білім беру. Сондай-ақ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім конкурстық негізде беріледі. Бұдан бөлек біздің заңнама отбасы бірлігін сақтауға ықпал етеді, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі.

Жиында Мәжіліс депутаттары, басқа да министрліктер мен ведомстволардың өкілдері, коммерциялық емес ұйымдар мен ғылыми-сарапшылық қоғамдастықтың өкілдері өз пікірлерін айтты.  

 Қорытындылай келе комитет төрайымы бүгінде босқындар мәселесі негізінен қарулы қақтығыстар нәтижесінде туындайтынын атап өтті. Снежанна Имашева кездесуге қатысушыларға алғысын білдіріп, Қазақстан босқындар мен азаматтығы жоқ адамдардың құқықтары саласындағы ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкес жетілдіруді жалғастыратынын жеткізді.

Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-04. Суретті түсірген Ж.Жұмабеков.


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі