Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
02.04.2024

Еділ Жаңбыршин: Кейбір делдал компаниялар 1 кВт/сағат жылудан 25 теңге пайда алып отыр


АСТАНА. KAZINFORM – Депутат, Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин Kazinform тілшісіне өз жетекшілігімен әзірленіп жатқан «Жылу энергетикасы туралы» заң жобасының негізгі бағыттары мен мүмкіндіктері туралы айтып берді.

Еділ мырза, жылу энергетикасы туралы заң кейінгі жылдары тұтас қалалардың жылу жүйесі істен шығып, инфрақұрылым әбден тозып біткен кезде қолға алынып отыр ғой. Жаңа заң осы қордаланған мәселелерді шеше ала ма?

- Өздеріңіз білесіздер, бүгінгі таңда «Жылу энергетикасы туралы» жеке салалық заң жоқ. Бұл заңнамадағы олқылықтардың орын алуына және осы салада стратегиялық мақсаттар мен даму жоспарларының жоқтығына, электр энергетикасы саласындағы көптеген мәселелердің қордалануына әкеп соқтырды. Сонымен қатар, саланың инвестициялық тартымдылығының жоқтығы, кәсіпорындардың тиімсіздігі де көзге көрініп тұр.

Заң жобасындағы негізгі жаңа нормалар бірнеше өзекті мәселеге бағытталған. Оның біріншісі – жылу-энергетика саласындағы құзыреттер мен жауапкершілікті қайта бөлу. Қазір Энергетика министрлігінің құзыретіне Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жүзеге асыратын жылу энергиясын тасымалдау функциясы кіреді. Біз әзірлеп жатқан заң жобасы бойынша Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жылумен жабдықтау жүйелеріне, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа байланысты үй ішіндегі жылуды тұтыну бөлігінде жауап беретін болады.

Екінші бағыт – жылумен жабдықтау бағытындағы бақылау функцияларын қайта қарау. Заң жобасы жылу желілеріндегі бақылау функцияларын (мемлекеттік орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелері шегінде) жергілікті атқарушы органдардан атом және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетіне беретін нормаларды көздейді. Демек, Астана елдегі жылумен жабықтау кәсіпорындарының қысқа дайындығын қазіргідей жергілікті әкімдіктердің баяндамасы бойынша емес, бір ғана жауапты комитеттің жұмысын қадағалау арқылы қамтамасыз етеді.

Үшінші бағыт – жылу энергетикасын дамытуды жоспарлаудың жаңа құралын енгізу. Қарапайым сөзбен айтсам, кейінгі кезде әр жылдың басында «Биыл мына өңірде бәлен шаршы метр баспана, түген мектеп пен аурухана береміз» деп келетін жоспарлар айтылып жатады. Осындай жоспардың көбінде аталған нысандарға қанша инфрақұрылым керек екені нақты есептелмейді. Соның салдарынан қыста жылудан, жазда ауыз судан тарығу басталады. Осыны тоқтату үшін аумақтарды дамыту, тұрғын үй салу, халық санының өсу динамикасы, өнеркәсіпті дамыту жоспарлары мен бағдарламаларды жылу-энергетиканы үдемелі дамыту жоспарымен байланыстырып іске асыру қажет.

Төртінші бағыт – кешенді әрі тұрақты мониторинг. Бұл құралды енгізу қазіргі жағдайды неғұрлым нақты түсінуге және саланың одан әрі дамуын сапалы болжауға мүмкіндік береді.

Бесінші бағыт – тарифтерді белгілеу принциптерін анықтау. Жылу энергетикасында мемлекет реттейтін тарифтер бар екенін білесіз. Осы тарифтерді мемлекет тарапынан реттеу қағидаттары мен өлшемшарттары белгіленді. Сонымен қатар әлеуметтік ахуалы әлсіз тұтынушыларды бюджеттен тікелей қолдау тетігі қарастырылған.

Алтыншы бағыт – жылу-энергетика саласының құрылымын қайта қарау, яғни жылумен жабдықтау және жылу тұтыну субъектілерінің құқықтары мен міндеттері нақтыланды.

Жетінші бағыт – төтенше жағдайлар кезінде жылумен жабдықтау жүйелерін басқаратын арнайы кәсіпорын құру. Заң жобасына осындай ұсыныс айтылғанмен, бұл қандай компания болатыны, оны кім басқаратыны және кім жасайтыны әзірге белгісіз. Қазір бұл нормаға депутаттар өз түзетулерін ұсынып, мемлекеттік органдар мен сарапшылармен талқылап жатыр.

- Төтенше жағдайлар кезінде жылумен жабдықтау жүйелерін басқаратын арнайы кәсіпорын деген не жалпы? Ол сонда көшпелі кәсіпорын бола ма? Төтенше жағдай бірнеше өңірде бірдей болса, арнайы кәсіпорын қалай жұмыс істейді?

- Қалай құрылатыны және қалай жұмыс істейтіні нақты анықталмаған. Депутаттарға да түсініксіз. Сондықтан бұл норманы не алып тастау немесе басқа жаңа норма ұсынылады. Қазір Энергетика министрлігімен жұмыс жасалып жатыр.

- Сіздер әзірлеп жатқан заң жобасы ертең тиімді жұмыс істеу үшін қандай заңдар мен нормативтік актілерді өзгерту керек?

Айта кету керек, энергетика саласын мемлекеттік бақылаудың қазіргі қалыптасқан жағдайына Кәсіпкерлік кодекстің қабылдануы себепкер болған. Осыған байланысты құзырлы орган Кәсіпкерлік кодекстен электр станциялары мен «KEGOC» АҚ бақылау тәртібін алып тастауды ұсынды.

Бұл ретте депутаттар Кәсіпкерлік кодекстен алып тасталатын субъектілердің тізімін кеңейтіп, оған жылу көздеріне, электр және жылу желілеріне қызмет көрсететін ұйымдарды қамтуға қатысты түзетулер енгізуге бастамашылық жасап, қабылдады.

- Осы тұсына кеңірек тоқталсаңыз. Жекелеген компаниялар тексеруден босатыла ма, әлде керісінше жаңа заңда тексеруден босатылған кәсіпорындардың тізімі қысқара ма?

- Кәсіпкерлік кодекс бойынша, бұрын энергетикалық компанияларды тексеру үшін прокуратураның келісімі керек болатын. Депутаттар энергетикалық компанияларды профилактикалық және жоспарлы тексеру арнайы кесте бойынша, прокуратура органдарының келісімінсіз жүргізілсін деген ұсыныс қосты. Ал осы тексерулер қорытындысы бойынша адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың мүддесіне қауіп төндіретін жағдай анықталса, онда да прокуратура келісімінсіз жоспардан тыс тексеру жүргізіледі.

- Сарапшылар энергетика саласындағы бизнесті қорғау саясаты қазіргі күрделі ахуалға жеткізгенін айтып жүр. Заңсыздыққа жол бергендердің жазасы күшейтіле ме? Екібастұз, Риддер сияқты қалалардағы қайғылы оқиғалардың қайталанбауы үшін жауапкершілік мәселесін қатаңдату керек шығар?

- Менің білуімше, жазатайым оқиғаларға кінәлі тұлғалар өз міндеттеріне адалдық танытпағаны үшін жазаланды.

Ал жекелеген уәкілетті тұлғалардың басқаруындағы акционерлік қоғамның акционерлерін жабдықтардың жағдайының талапқа сай болмауына қатысты жауапкершілікке тарту заңмен қарастырылмаған.

Заң жобаларында электр және жылумен жабдықтау саласындағы мемлекеттік бақылау функцияларын, оның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске жаңа баптар енгізу арқылы күшейту көзделген.

Неге Әкімшілік кодекске ғана өзгерістер ұсынылып отыр. Жылу жүйесінде апатқа жол берген жауапты тұлғаларды қылмыстық жауапқа тарту керек деп есептемейсіз бе?

- Жалпы заңнама тәжірибесінде бірінші әкімшілік жауапкершілік қарастырылады. Егер заңның орындалуы барысында қылмыстық жауапкершілік қажет болса, сонда ғана қылмыстық жауапкершілік қарастырылуы мүмкін.

- Сіз бұған дейін Премьер-Министрдің атына энергиямен жабдықтаушы ұйымдарды тарату туралы депутаттық сауал жолдадыңыз. Бұл ережелер ілеспе заң жобасына енгізілді ме?

- Бұл нормаларды Мәжіліс депутаттары әзірлеп, ұсынған болатын, ілеспе заң жобасын қарау аясында қабылданды. Осы түзетулермен біз «Ескі Қазақстан» жүйесінің негізі болған барлық деңгейдегі делдалдарды жою бойынша «Аманат» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. 20 жылдан астам уақыт бұрын либерализация және электр энергиясының бөлшек сауда нарығында бәсекелестікті енгізу идеялары аясында энергиямен жабдықтаушы ұйымдар, яғни тұтынушыларға электр энергиясын көтерме бағамен сатып алып, басқа бағамен сататын компаниялар немесе жеке кәсіпкерлер пайда болды.

Делдал компаниялар деп нақты кімдерді айтып отырсыз? Нақты мысалмен түсіндіріңізші. Мысалы, өзіңіз шыққан Маңғыстау өңірінде қандай делдалдар іске кедергі келтіріп отыр?

- Делдал компаниялар деп отырғаным – энергия жабдықтаушы ұйымдар. Қазіргі таңда бұл ұйымдардың реттелетін және реттелмейтін екі түрі нарықта жұмыс жасап отыр. Реттелетін ұйымдар тұрғындарға, заңды тұлғаларға және бюджеттік ұйымдарға қызмет көрсетуде және мемлекет тарапынан олардың операциялық шығындары ескеріліп, жабдықтау тарифінің орташа бағасы 1 кВт сағатқа 1 теңге жобасында бекітіліп отыр.

Ал, реттелмейтін ұйымдар, тарифтерін өздері белгілейді, яғни оларға «әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ»!

Ұлттық оператор «KEGOC»-тың мәліметі бойынша еліміздің тұтынушыларына жіберілетін электр энергиясының 18 пайызы тарифі реттелмейтін жүздеген ұйымдар арқылы сатылып отыр. Демек, делдалдар арқылы миллиардтаған қаржы өтеді.

Біздің болжамды есебіміз бойынша әрбір делдал жылына кемінде 1 миллиард теңге таза пайда көреді. 120-дан астам реттелмейтін ұйымдардың бір жылдық таза табысы – кемі 150 миллиард теңге. Бұл – әзірге болжам цифрлар, нақтысын ешкім білмейді. Өйткені, бұлар ешкімге есеп бермей, тек делдалдық қызмет арқылы, кеңседегі азғантай ғана қызметкерлерімен, халықтың адал табысынан миллиардтап қаржы тауып отыр. Сорақысы, бұл ұйымдардың балансында бір метр электр желісі, тіпті электр бағаны мен трансформаторы жоқ. Мысалы, кейбір өңірлерде делдалдардың тарифіндегі таза пайда бір кВт сағат үшін 25 теңгеге жеткен. Ал, Қазақстандағы ең ірі Екібастұз 1-ші электр станциясының 1 кВт сағат электр энергиясын өндіру тарифі – 8 теңге. Делдалдар ештеңе өндірмей-ақ станциялармен салыстырғанда кемі 3 есе пайда көріп отыр.

Қынжылтатыны, сол таза табыстарынан энергетика саласына бір тиын да инвестиция салмаған. Тіпті бірде-бір есептегіш құралды орнатпаған. Тірліктері – тек қана қалтаны томпайту, пайда табу.

Маңғыстауда қазір бір реттелетін «Маңғыстау Жарық» және «Теміржолэнерго», «АВ Энерго», «АктауЭнергоСбыт», «МаңғыстауЭнергоСервис» сияқты барлығы 9 реттелмейтін энергия жабдықтаушы ұйым жұмыс істеп отыр деген мәліметтер бар. 1-ші ақпаннан бастап Үкіметтің шешімі бойынша тарифі реттелмейтін делдалдардың лицензиясы тоқтатылды.

- Жаңа заң солардың жолын толық кесе ала ма?

- Бағана айттым, электр энергиясын Бірыңғай сатып алушы механизмі енгізіліп, осы нарықта баға бәсекелестігін тудыратын барлық қажеттілік жойылды. Депутаттар делдалдарды жоятын норманы қабылдады, ал Үкімет қаралып жатқан заң жобасы күшіне енгеннен кейін оны жүзеге асыру үшін тиісті нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуі қажет.

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі