Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
03.04.2024

Мәжіліс жылу энергетикасы туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады


Астана, 3 сәуір, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың жетекшілігімен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар жылу энергетикасы және мемлекеттік сатып алу туралы заң жобалары мен оларға ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.

Мәжіліс «Жылу энергетикасы туралы» заң жобасы және оған ілеспе жылу энергетикасы мен электр энергетикасы мәселелері бойынша заң актілеріне түзетулер енгізу туралы және Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексіне толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады. Елімізде жылу энергетикасы саласындағы жеке заң алғаш рет әзірленіп отыр.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев заң жобасы жылу энергетикасы саласы саясатындағы құзыреттер мен жауапкершілікті қайта бөлу, жылу бөлігі бойынша бақылау функцияларын қайта қарау және басқа да бағыттарды қамтитынын айтты.

– Саланы одан әрі дамытуға қажетті шараларды әзірлеу үшін бүкіл салаға мониторинг жүргізілмек. Бүгінгі таңда елдегі саланың жай-күйіне қатысты мониторинг туралы деректер жоқ. Бақылауды енгізу қазіргі жағдайды нақтырақ түсінуге және сектордың одан әрі дамуын сапалы болжауға мүмкіндік береді, – деді А.Сәтқалиев.

Заң жобасында облыстардың, облыс көлеміндегі қалалар мен аудандардың жылу энергетикасының жұмыс істеуі мен дамуы қарастырылады. Ол әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдары әзірлеген жылу энергетикасын дамытудың ұзақ мерзімді (20 жыл) және орта мерзімді (5 жыл) әмбебап жоспарлары негізінде жүзеге асырылады.

Жұмыс тобының жетекшісі Еділ Жаңбыршин жылу энергиясын өндіру мен тасымалдау құзыреті Энергетика министрлігіне берілетінін айтты. Ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті орган жылу энергиясын тұтыну саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысатын болады.

– Жылу-энергетиканы дамытуды жоспарлаудың жаңа құралы енгізіледі. Еліміздегі жылу энергетикасы саласының құрылымы айқындалады, жылумен жабдықтау және жылуды тұтыну субъектілерінің құқықтары мен міндеттері бекітіледі. Сонымен қатар заң жобасында энергетика нысандарында төтенше жағдайлар орын алған кезде жылумен жабдықтау жүйелерін басқару, арнайы құрылатын бірыңғай жылу энергетикалық компанияға беріледі деген норма ұсынылып отыр, – деді Е.Жаңбыршин.

Оның айтуынша, теңгерімдеуші нарық тетіктерін және электр энергиясын бірыңғай сатып алушыны енгізу бөлігінде электр энергетикасы саласын реформалауға бағытталған толықтырулар енгізіледі.

– Энергетика нарығында тарифтерді негізсіз көтеріп және одан пайда көріп, энергетика саласына 1 тиын да инвестиция салмай, делдалдық қызмет атқарып отырған энергиямен жабдықтаушы ұйымдарды жою жөнінде  депутаттар арнайы нормалар енгізді. Бұл түзетулер концептуалды болғандықтан Үкіметтің қорытындысына жіберілді, – деді Е.Жаңбыршин.

Сонымен қатар Мәжіліс «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасы мен нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуі тұрғысынан ревизиялау мәселелері бойынша және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобалары туралы Қаржы министрі Мәди Тәкиев баяндады.

Баяндамашы құжаттың Мемлекет басшысының мемлекеттік сатып алудың жаңа сапалы жүйесін құру туралы тапсырмасын орындау мақсатымен әзірленгенін айтты. Бұл ретте сатып алынатын тауарлар мен қызметтердің бағасына емес, сапасына басымдық берілуі тиіс.

– Қоғамдық мониторинг, әсіресе, құрылыс жұмыстарына жүргізіледі. Тапсырыс беруші тарапынан шарттың тиісінше орындалуын бақылау – құрылыс сапасын арттырудың маңызды шарттарының бірі. Осы ретте жұмыстарды орындау кестелерін, шарттардың орындалуы бойынша есептерді, жалпы қолжетімді етіп жариялау, сондай-ақ шарттарды орындау мониторингіне қоғамдық кеңестерді тарту ұсынылады, – деді Мәди Тәкиев.

Заң жобасы процесті жеңілдетуге және бюрократиядан арылтуға бағытталған. Алдын ала қабылдау кезеңін жою, сондай-ақ жеке рәсімдерді өткізу мерзімдерін қайта қарау ұсынылады. Нәтижесінде мемлекеттік сатып алу рәсімінің жалпы ұзақтығы екі айдан бір айға дейін қысқарады.

Қаржы министрінің мәліметінше, бір көзден сатып алуды жетілдіру бойынша жұмыс жалғасады. Егер конкурсқа қатысуға бір өтінім беріліп, ол біліктілік талаптарына сәйкес деп танылса, мұндай сатып алуларды жарамды деп тану ұсынылады. Тапсырыс берушіге сатып алу процедурасын қайталау қажет болмайтындықтан, бұл уақытты айтарлықтай үнемдеп, процесті жеңілдетеді.  

 Сондай-ақ жұмыс тобының жетекшісі Руслан Қожасбаев қосымша баяндамасында ауыл әкімдіктеріне тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді конкурс өткізбей 3000 АЕК-ке дейін сатып алу ұсынылып отырғанын атап өтті. Жұмыс тобы бұл шекті арттыруды қарастырып жатыр.

Шағымдарды қараудың жаңа механизмін енгізу, офтейк-келісімшарттарын жасау, жеткізушілердің жауапкершілігін күшейту, сатып алуы ШОБ субъектілері арасында жүзеге асырылатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің тізбесін енгізуге қатысты мәселелер бойынша да жұмыс жүріп жатыр. Басқа да стандарттар, соның ішінде сатып алу рәсімдерін одан әрі автоматтандыруға және бірыңғай платформа құруға арналған стандарттар енгізіледі.

Өз кезегінде Ерлан Қошанов мемлекеттік сатып алу жүйесін қайта қарау мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқанын атап өтті. Ол мемлекеттік сатып алу барлық әлеуметтік маңызды жобаны жүзеге асыруға тікелей әсер ететіндіктен Мемлекет басшысы бұл саланы түбегейлі реформалауды тапсырғанын еске салды.

– Бұл заң жергілікті жерлерде туындайтын түйткілді мәселелердің шешілуіне оң ықпал етеді деп сенеміз. Көп жұмыс атқарылды. Енді заң жобасын тезірек пысықтап, екінші оқылымға шығару керек. Өйткені оны халық күтіп отыр. Өңірлердегі бизнес қоғамдастығы мен тұрғындар ұсынылған өзгерістер туралы өз пікірлерін білдіруі маңызды. Сондықтан бейінді комитет өңірлерге барып, көшпелі отырыс өткізгені жөн, – деді палата спикері.              

Мәжіліс комитеттері «ҚР мемлекеттiк наградалары туралы» заңға өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы және Қазақстан мен Вьетнам Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру жөніндегі шартты ратификациялау туралы заң жобаларын жұмысқа алды.

Жалпы отырыстағы депутаттық сауалдардың басым бөлігі өңірлердегі су тасқынына арналды. Мақсат Толықбай депутаттық корпус атынан Премьер-Министр Олжас Бектеновке еліміздегі су тасқынына қатысты депутаттық сауал жолдады. Үкіметке су басу қаупі бар аймақтарда алдын алу жұмыстарын ұйымдастырып, зардап шеккен тұрғындарды қолдауға арналған шараларды қабылдауды сұрады. Ерболат Сатыбалдин су тасқынынан зардап шеккен ауылдардағы малдың жаппай қырылуы туралы айтты.

Мәжілісмендер әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша жауапты мемлекеттік органдарға 11 депутаттық сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сайты мен Telegram-арнасында жарияланды.

 

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-04. Суреттер Ж.Жұмабеков, Т.Таныбаев

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі