The website color
Distance between letter distance
Images
30.09.2014

Қ. ЖАҚЫПОВ ПЕН В.ФИЛИП ЕКІЖАҚТЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТУ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ


Қ. ЖАҚЫПОВ ПЕН В.ФИЛИП ЕКІЖАҚТЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТУ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ

               

Астана, 30 қыркүйек. Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов Чехия Республикасы депутаттар Палатасының вице-спикері Войтех Филип бастаған парламенттік делегация мүшелерімен кездесіп, екіжақты қатынасты, соның ішінде, парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.

Қабиболла Жақыпов Чехияның  Орталық Еуропада, жалпы Еуропалық Одақта біздің еліміздің маңызды сауда-экономикалық және саяси әріптесі екенін алға тартты.

Мәжіліс Төрағасы Чехия Республикасының Президенті Милош Земанның қараша айында Қазақстанға алғаш рет іс сапармен келу жоспарын тілге тиек ете келіп, оның екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ықпал ететінін атап өтті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен біздің еліміз аймақтық және ғаламдық деңгейде қауіпсіздік пен бейбітшілікті дамыту жолында белсенді қызмет атқарып келе жатқанын сөз еткен Қабиболла Жақыпов Чехия Қазақстанның 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздігі Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кандидаттығын қолдайтынына сенім білдірді. 

Өз кезегінде Войтех Филип бұл мәселеде чехиялық парламенттің оң көзқарасын жеткізді.

Кездесу барысында тараптар энергетика, көлік, білім салаларындағы әсіресе, денсаулық бағытындағы ынтымақтастыққа айрықша назар аударды.

Мәртебелі мейманның атап өткеніндей, осы жолда парламенттік дипломатия маңызды рөл атқармақ.

Осыған байланысты Мәжіліс Төрағасы ынтымақтастық жөніндегі топтар мен бейінді комитеттер арасындағы байланысты ынталандыра түсу керектігін қадап айтты.

Одан әрі Мәжіліс Спикері «Қазақстан-2050» Стратегиясын заңнамалық қамтамасыз ету жолында депутаттық корпустың атқарып жатқан жұмысына тоқталды.

Кездесу соңында Қабиболла Жақыпов Қазақстанға ресми іс-сапар жасау үшін Чехия Парламенті депутаттар Палатасының төрағасына шақыру қағазын жолдады. 

(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)


Using of any information is acceptable in case of indicating the link to the official website of the Mazhilis of Parliament of the Republic of Kazakhstan