The website color
Distance between letter distance
Images
19.05.2017

Мәжіліс депутаттары Ақтөбе қаласында діни экстремизм мен лаңкестіктің алдын-алу мәселелерін талқылады


Астана. 19-мамыр. Мәжіліс үйі. Ақтөбе қаласында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулинның қатысуымен Палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті ұйымдастырған көшпелі отырысы өтті.   

 «Терроризм мен діни экстремизмнің алдын-алуды күшейту, сондай-ақ, осы саладағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі шаралар» талқыланған маңызды жиынға Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев,  Бас Прокуратура, Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің төрағалары, басқа да құзырлы министрліктер мен құрылым жетекшілері, жергілікті атқарушы орган басшылары, қоғамдық ұйымдар, діни бірлестіктер мүшелері,  теологтар мен сарапшылар қатысты.  

Көшпелі отырыстың ашылуында сөз алған Мәжіліс Төрағасы бейбітшілікті қорғау, тыныштықты сақтау және татулықты күшейту бабаларымыздан келе жатқан қасиетті жол екенін, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев құрған тәуелсіз Қазақстанымыздың   ең басты  мұраты да осы екенін алға тарта келіп,  тәуелсіздік алған күннен бастап елімізде қауіпсіздікті нығайту жолында атқарылып келе жатқан шараларға тоқталды. Әсіресе, заңнамалық тұрғыдан қолдау мәселесіне ерекше көңіл бөлді.

Атап айтар болсақ, елімізде «Терроризмге қарсы іс-қимыл» заңы қабылданды, өткен жылы тікелей терроризм мен экстремизм сұрақтарына қатысты заңнамаларға  бірқатар   өзгерістер енгізілді. Оған Парламент депутаттарымен қатар, тиісті орган өкілдері,  үкіметтік емес  ұйымдар мен    Мәжіліске кірмеген барлық партияның мүшелері, журналистер және елімізге белгілі саясаткерлер мен сарапшылар қатысып, қоғамдық ортада кеңінен талқыланды. Нәтижесінде қазақстандықтардың құқығын, қауіпсіздігін қорғауға бағытталған сапалы заң қабылданды.

 Сонымен бірге, Қазақстанда   терроризммен күрес жөніндегі арнайы    комиссиялар да    бар. Басқа да   мемлекеттік деңгейде үлкен шаралар қолға алынды. Н. Нығматулин атап өткендей,  соның нәтижесінде   біздің еліміз  көптеген конфессиялар мен ұлттардың   бейбіт орталығына айналды. Бірақ та,    «жаман айтпай – жақсы жоқ», қазіргі уақыт өте сақ болуды талап етеді.

-Осыған орай Елбасымыз   өзінің Жолдауында терроризм   менэкстремизмнің  жолын кесу үшін   нақты    тапсырмалар берді.

Ендігі әрекетіміз - тыныш өмірді бұзатын ұйымдарға қарсы     күресті  күшейтуіміз қажет.  Қазіргі уақытта ақпарат құралдарында және   интернетте   діни экстремизмнің алдын-алу жұмыстарын жүргізіп, халықтың ішінде, жастар арасында  ел тыныштығын қорғау, одан әрі дамыту жолында  тәрбие жұмыстарын қолға алуымыз керек. Бұл ретте Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының маңызы өте зор,-деп атап өтті Мәжіліс Спикері.

Жиын барысында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жиналғандарды атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етті.

Мәселен, «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында 115 жұмыссыз азаматтар еңбекпен қамтылған, тағы да 100-ге жуық бизнес жобалар қаржыландырылған. 500 ден астам адам кәсіби медициналық көмек алған. Сондай-ақ, тіркелген қылмыс саны 35 пайызға азайған.

Шара кезінде ҰҚК Төрағасының орынбасары, ҚР Террорға қарсы орталық басшысының орынбасары Нұрғали Білісбеков, Бас Прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов, Ішкі Істер министрінің бірінші орынбасары Марат Демеуов, Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің хатшысы Жанат Қожахметов талқыға түскен тақырыптың өзекті сұрақтары жөнінде өз баяндамаларында кеңінен атап өтті.

Бірнеше сағатқа созылған талқылауды қорытындылау барысында Нұрлан Нығматулин сондай-ақ, діни экстремизммен күрес мәселесінде барлық қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар, мемлекеттік органдардың бірлесе жұмыс жасауы керектігін ескертті. Өйткені, ол тек құқық қорғау органдарының ғана емес, баршаның ортақ міндеті. Өз сөзінде: - Елбасымыз әрқашанда мемлекетіміздің қауіпсіздігіне ерекше назар аударып келеді. Биылғы Жолдауында да осыған байланысты нақты тапсырмалар берілді. Олардың барлығын сапалы заңдармен қамтамасыз ету Парламент депутаттарының басты міндеті. Сондықтан, бүгін біз мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар және дін өкілдерімен бірлесіп, маңызды ұсыныстарды талқыладық,- деді.

Бұл айтылғандар Үкімет алдағы күзде Парламентке енгізуге жоспарлап отырған діни қызмет мәселелері жөніндегі заң жобасына түзетулер енгізу барысында баса назарға алынбақ.

Осы орайда Мәжіліс Спикері айтылған ұсыныс-пікірлерді есепке алып, алдағы уақытта да экстремизм мен терроризмге қарсы барлық мүмкіндікті, барлық күшті біріктіре отырып, Елбасы тапсырмасына сәйкес, өте сапалы, өте тиімді заң жобасының әзірленетіндігіне сенім білдірді.

 

(ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

 

 


Using of any information is acceptable in case of indicating the link to the official website of the Mazhilis of Parliament of the Republic of Kazakhstan