The website color
Distance between letter distance
Images
27.06.2017

Н.Нығматулин Сеул қаласында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.


                Астана, 27 маусым. Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің екінші жиналысына қатысу барысында бірқатар парламенттер төрағаларымен екіжақты кездесулер өткізді.

                «Еуразия аймағында ортақ мүдделер аясында парламентаралық ынтымақтастыққа ықпал ету» тақырыбында өтіп жатқан форум барысында алғашқы жүздесу Корея Республикасының Ұлттық Ассамблеясында өтті.

 Мәжіліс Төрағасы Чунг Сэ Гюнмен парламентаралық үнқатысуды одан әрі ынталандырудың өзекті сұрақтарын талқылады. Қазақстан мен Корея арасындағы стратегиялық әріптестікке баса назар аударған Н. Нығматулин ЕАЭО үлкен мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті.  Чунг Сэ Гюн өз кезегінде біздің елімізбен ықпалдастықты тереңдетуге дайын екендіктерін жеткізді.

Ал, Ресей Мемлекеттік Думасы Төрағасы Вячеслав Володинмен жүздесуде интеграциялық бірлестіктер аясында ынтымақтастықты одан әрі нығайту сұрақтары талқыланды. Тараптар атап өткендей, Қазақстан мен Ресей басшыларының өзара белсенді іс-қимылы қос мемлекет арасында орнаған берік достық әрі стратегиялық қарым-қатынастың жарқын көрінісі.

Сондай-ақ, Қазақстан мен Армения парламенттері арасындағы байланысты дамытуға достық тобы барынша ықпал ететін болады. Оның құрамы таяу уақытта Арменияның Ұлттық жиналысында бекітіледі. Бұл туралы Ұлттық Жиналыс төрағасы Ара Баблоян Мәжіліс Төрағасы Н. Нығматулинмен кездесу барысында мәлімдеді. Одан әрі екі елдегі саяси өзгерістер төңірегінде әңгіме өрбіді.  

Армения парламенті өкілдері Қазақстан Президенті ұсынған конституциялық реформа қазақстандық қоғамды одан әрі демократияландыру жолындағы кезекті маңызды қадам екенін атап өтті.  

А. Баблоян Астанада өтіп жатқан ЭКСПО көрмесіне жоғары баға берді.

 

(ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

 


Using of any information is acceptable in case of indicating the link to the official website of the Mazhilis of Parliament of the Republic of Kazakhstan