13.05.2020

Мәжіліс ойын бизнесіне қатысты заң жобасын мақұлдады


Нұр-Сұлтан, 13 мамыр. Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Онда депутаттар бірқатар маңызды заң жобаларын мақұлдады.

Бірінші оқылымда мақұлданған ойын бизнесі мәселелері туралы заң жобасы бойынша депутаттар көптеген маңызды түзетулер енгізді. Мәселен, жұмыс тобы барысында жаңа үш ойын аймақтарын ашу туралы нормаларды алып тастау, ойын бизнесін ұйымдастырушыларға заң жобасында көзделген міндеттерді орындамағаны үшін әкімшілік жауаптылық белгілеу жөнінде, сондай-ақ, жақын туыстарының өтініші бойынша соттың құмар ойындарды және бәс тігуді теріс пайдаланатын адамдарды әрекет қабілеті шектеулі деп тануға қатысты ұсыныстар енгізді.

Осы орайда Нұрлан Нығматулин:

- Шын мәнінде, игромания ауруға жататын нәрсе. Оған үйренген адам, оны өз күшімен жеңе алмайды. Сондықтан депутаттар жаңа норма енгізіп отыр. Ол бойынша игроманияға берілген азаматты одан шығару үшін туысқандары сотқа бере алады. Бұл қажетті және тиімді норма деп есептеймін, - деді.

Тағы бір атап өтетін жағдай, заң жобасында осы сала қызметін реттеудің жаңа тәсілдері ұсынылған.

Мәжіліс Төрағасының айтуынша, жаңа заң экономикалық тұрғыдан да, моральдық-психологиялық жағынан да ойын бизнесі саласындағы бақылауды күшейтеді.

Жалпы құжат ойын бизнесі саласындағы заңнаманы жетілдіруге және бәс тігуге қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейтуге, сондай-ақ букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың қызметін бақылаудың тиімділігін арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар бүгін Мәжіліс екінші оқылымда «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің жобасын ілеспе түзетулерімен мақұлдады.

Заң жобасында Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың берген тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет ұсынған, төтенше жағдайлар мен төтенше жағдай, санитариялық-карантиндік бақылау кезінде денсаулық сақтау жүйесінің жұмыс істеуін жетілдіруге және елдің эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған түзетулер қабылданды.

Оның ішінде елдің бас санитариялық дәрігерінің рөлін күшейтетін түзетулер, уәкілетті орган мен санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің қалыптасқан жағдайға және денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік органдардың үйлестірілген жұмысына жедел ден қоюын қамтамасыз ететін түзетулер қабылданды.

Вакциналаудың халық үшін қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша депутаттар егілетін адамды екпе жүргізудің алдында міндетті түрде қарап-тексеруді, адамды немесе оның заңды өкілін профилактикалық екпе, оның мүмкін болатын қолайсыз көріністері және одан бас тартудың салдары туралы хабардар етуді бекітетін түзетулер енгізді. Бұл ретте медициналық қарсы көрсетімдері жоқ адамдарға профилактикалық екпелер жүргізілетін болып айқындалды, олардың тізбесін уәкілетті орган бекітеді.

Балалардың білім алу құқықтарын қамтамасыз ету бөлігінде мектепке дейінгі балалар мекемелерінде қолайлы санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды сақтау мақсатында «ұжымдық иммунитет» ұғымы енгізілді. Уәкілетті орган бекітетін қағидаларға сәйкес, ұжымдық иммунитет деңгейін негізге ала отырып, мектепке дейінгі балалар ұйымдарына егілмеген балаларды қабылдау мәселелерін шешуді көздейтін түзетулер қабылданды.

Сондай-ақ ата-анасының немесе заңды өкілдерінің кәмелетке толмағандарға медициналық көмек көрсетуден бас тартуы кезінде медициналық ұйымдарға қорғаншылық және қамқоршылық органдарына және сотқа жүгіну құқығы берілетін жағдайлар шектелді. Депутаттардың түзетулері арқылы мұндай құқық медициналық көмек көрсетуден бас тарту кәмелетке толмағандардың немесе әрекетке қабілетсіз адамдардың өміріне қауіп төндіретін жағдайларда ғана көзделді.

Бүгінгі отырыста депутаттар Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері туралы заң жобасы II оқылымда мақұлдады.

Сонымен қатар Палата ЕАЭО пен Қытайдың кедендік шекаралары арқылы өткізілетін халықаралық тасымалдағы тауарлар мен көлік құралдары жөнінде ақпарат алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.

Отырыста Палатаның салалық комитеттері бірқатар жаңа заң жобаларын жұмысқа алды. Олар қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату мәселелеріне қатысты және ТМД қатысушы мемлекеттердің ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуалдың туындау жағдайына дайындықты және олардың зардаптарын жою кезіндегі өзара көмекті қамтамасыз ету туралы келісімдерге қатысты заң жобалары.

Сондай-ақ, Мәжіліс Үкіметтің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2019 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін жұмысқа алды.

Жалпы отырыстың соңында депутаттар орталық мемлекеттік органдардың басшыларына бірқатар сауалдар жолдады. Олар И.Аронова, К.Мұсырман, Ф.Қаратаев, А.Қоңыров, М.Магеррамов, Е.Никитинская, Ю.Тимощенко.

(Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-01, суретті түсірген Ж.Құспанов).


Using of any information is acceptable in case of indicating the link to the official website of the Mazhilis of Parliament of the Republic of Kazakhstan