Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
13.04.2017

Мәжілісте: жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер таныстырылды


Астана, 13 сәуір,Мәжіліс Үйі.

Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы жобасының тұсаукесері болды. Оның жұмысына Палата Төрағасының орынбасары Владимир Божко мен аталған комитет төрағасы Сапархан Омаров қатысты.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев депутаттық корпусты Заң жобасының негізгі ережелерімен таныстырды.

Министрдің орынбасары «жер саласында туындаған сұрақтар бойынша арнайы комиссия жұмыс жасады. Қоғамдық пікір туғызған мәселелер жөнінен мораторий мерзімі 5 жылға ұзартылып Жер кодексінің 24, 37, 97 және 101- баптарына ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жеке меншікке, шетелдіктерге жалға беруді тоқтата тұратын өзгерістер енгізілді.

Комиссия мүшелерімен халықтың пікірі ескеріле отырып жерді қазақстандықтарға жалға беру институтын одан әрі жетілдіру қажеттілігі туралы шешім қабылданған болатын»,- деп Мәжіліске ұсынылып отырған Заң жобасы осы мәселелерді қамтитынын мәлімдеді.

«Сонымен Комиссия келесі шешімдерді қабылдады:

1. Ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жалға беру институтын сақтау және оны жетілдіру;  

2. Жалға берілетін ауыл шаруашылығы жерлерінің шекті мөлшерін белгілеу;

3. Шекара маңынан ауыл шаруашылығы жерлерін беруде қойылатын талаптарды күшейту;

4. Халыққа қажетті жайылым жерлерді анықтау. 

Жер реформасы жөніндегі Комиссияның ұсынысы негізінде    Ауыл шаруашылығы министрлігімен оның жанынан құрылған жұмыс тобының ұсыныстары мен ескертулері ескеріле отырып   «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының тұжырымдамасы мен жобасы әзірленді.  

Заң жобасымен ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жалға беру институтын сақтай отырып, оларды конкурстық негізде берудің жеке тәртібін белгілеу көзделген.  

Конкурстың айқындылығы үшін конкурстық комиссияның құрамына комиссия мүшелерінің кемінде 50%-ын қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың өкілдерін қосу көзделген. 

Конкурстың жариялылығы мен оған барлық қатысушыларының қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа тәртіп конкурс өткізілетіндігі туралы хабарландыру БАҚ мен АШМ, әкімдіктердің ресми интернет-ресурстарында орналастыруды, сонымен қатар, бір уақытта барлық аудан әкімдіктеріне ресми сайттары мен ақпараттық қабырғаларында орналастыруды көздейтін болады.  Аталған нормаға сәйкес, ауыл шаруашылығы жерлері конкурстық комиссиямен, арнайы тізілімге сәйкес жүргізіледі.

Аталған тізілім ауданның жер қатынастары бөлімдерімен құрылып, міндетті түрде қоғамдық кеңестер, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және қоғамдық ұйымдармен келісіліп, аудан әкімдігімен бекітіледі. 

Конкурстың өткізілуінің ашықтығын қамтамасыз мақсатында конкурстық қоғамдық кеңес пен ұйымдардың өкілдерінен құру қарастырылған.

Бұл ретте, конкурстық комиссияның құрамы жергілікті өкілді органдармен бекітілетін болады»,- деп нақтылап түсіндіріп өтті.

Мемлекеттік шекараның шекара белдеуі шегінде орналасқан орналасқан ауыл шаруашылығы жерлері жеке меншікке де, жер пайдалануға да берілмейді.

 Аталған аумақтарда ауыл шаруашылығы жер учаскелерін  жергілікті халықтың қажеттілігі үшін пайдалануға ғана (жайылым, шабындық ретінде және т.б.) рұқсат беріледі.

Жеке аула малын жаю үшін қажетті жайылым жерлердің жетіспеушілік мәселесін шешу үшін Заң жобасымен елді мекендер айналасында жеке аула малын ұстау бойынша  халықтың мұқтажына қажетті жайылымдар аудандарын анықтау бойынша норма  қарастырылған.

Аталған аумақтарда Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына жер пайдалануға беруге тыйым салынатын болады.

Бұдан басқа, қазіргі уақытта жайылымдардың көп бөлігі жеке меншікте және жер пайдалануда екенін ескере отырып, әкімдерге оларды халықтың жайылым жерлерге деген қажеттілігін мемлекет мұқтажына енгізу жолымен алып қою мүмкіндігі берілетін болады»,- деді вице-министр.

Ұсынылып отырған Заң жобасы:

- ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру институтын жетілдіру;

- жерлерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды күшейту;

- мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қою мәселелерін реттейді.

Өз кезегінде, депутаттар мен шақырылғандар жер заңнамасын қолдану практикасындағы, сондай-ақ Үкімет ұсынған заң жобасына қатысты негізгі  өзекті мәселелерді көтерді.

Нәтижесінде, заң жобасымен одан әрі жұмыс барысында қосымша қарауға және зерттеуге тұсаукесерді өткізу барысында жұмыс тобының мүшелері мен отырысқа қатысушылар айтқан көптеген ұсыныстар, ескертулер және тілектер жіберілді.

Басқосуға парламентшілер, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам өкілдері мен ауыл шаруашылық өнімін өндірушілер, сарапшылар қатысты.

Енді таныстырылған заң жобасы Мәжіліс депутаты Берік Оспановтың жетекшілігіндегі жұмыс тобында талқыланатын болады.

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі