Халықаралық қызмет


02.10.2017

Н. Нығматулин Жапонияның Қазақстандағы елшісін қабылдады

Астана, 2 қазан, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Итиро Кавабатаны қабылдады. Қос тараптың алғашқы ресми кездесуінде екіжақты қарым-қатынасты одан әрі тереңдетудің өзекті мәселелері талқыланды. Тараптар биыл екі ел арасында дипломатиялық байланыстың орнағанына 25 жыл толғанына айрықша назар аудара келіп, осы уақыттар ішінде жеткен жетістіктерді одан әрі еселей түсудің маңыздылығына назар аударды. Н. Нығматулин атап өткендей, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэ арасындағы достық қатынастың арқасында екі ел арасындағы ынтымақтастық бүгінгі күні барлық салада кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне жетті. Сонымен бірге, біздің елдеріміз ядролық қарусыздану және таратпау, атом энергиясын бейбіт мақсатқа пайдалану, тұрақты даму бағытында өте жақын серіктестер. Мәжіліс Төрағасының пікірінше, екіжақты ынтымақтастықты дамытуда парламенттік дипломатияның өзіндік орны бар. Осы ретте Мәжіліс Спикері біздің еліміз ең дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсатын қойғанын, оған жетуде алдыңға қатарлы мемлекеттер тәжірибесінің маңыздылығын алға тарта келіп, бұл жолда 70 жылдық тарихы бар жапондық парламентаризмнің ықпалы айрықша екенін атап өтті. Елші өз қызметінің былтыр Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығында басталып, биыл қос мемлекет арасындағы дипломатияның мерейтойлық маңызды кезеңімен жалғасып жатқанын, әрқашанда елдер арасындағы достық әрі әріптестік ықпалдастықты күшейтуге дайын екенін жеткізді. Кездесу иелері ЭКСПО көрмесі төңірегіндегі қорытынды ой-пікірлерін де назардан тыс қалдырмады.

22.09.2017

Қазақстан-Вьетнам: екі ел арасындағы парламенттік байланыстар туралы баяндалды

Астана, 22 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Бүгін Парламентте Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Вьетнам Социалистік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Доан Тхи Суан Хйенмен кездесу өтті. Әңгімелесу барысында екі жақты қатынастарды, соның ішінде парламентаралық байланыстарды одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

22.09.2017

Қазақстан-ГФР: парламентаралық байланыс

Астана, 22 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Бүгін Парламентте Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің Төрағасы М. Әшімбаев пен Германия Федеративтік Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рольф Мафаэльдің кездесуі өтті. Сұхбаттасу барысында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейту, екі ел басшыларының рөлі, Астанадағы EXPO-2017 көрмесінің табысты өткізілуінің маңыздылығы мен оның ішінде неміс павильонының танымалдылығы туралы талқыланды. М.Әшімбаев алда тұрған жоспарлар туралы айта келе, басқа бағыттармен қатар энергия үнемдеу саласына да тоқталды, ал өз кезегінде неміс дипломаты мысал ретінде қазақ және неміс техникалық университеттерінің ынтымақтастығына сілтеме жасай отырып, ғылымға қызығушылықтың артуына назар аударды. Әңгіме барысы сондай-ақ, Қазақстандағы конституциялық реформа, Германиядағы алдағы уақытта өтетін парламенттік сайлау және Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастық мәселелері туралы өрбіді. Екі ел өкілдерінің кездесуінде радикализм, лаңкестік пен қауіпсіздіктің алдын алу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Тараптар осы мәселелерді ілгерілетуде парламенттік қарым-қатынастың маңызды рөл атқаратына тоқталды. Шара соңында екі жақ парламентаралық байланыстар одан әрі дамитынына сенім білдірілді.

19.09.2017

«Нұр Отан» - ХДПАФ: Мәжілістегі кездесу

Астана, 19 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Бүгін Қазақстан Парламентіне Халықтың қоныстануы және дамуы жөніндегі парламентарийлердің Азиялық Форумының төрағасы, Жапония Парламенті кеңесшілер палатасының депутаты Кейдзо Такеми келді. Мәжілісте «Нұр Отан» партиясы фракциясының Әлеуметтік кеңесі мүшелерімен кездесуі өтті. Мәжілістің вице-спикері, фракция жетекшісі Гүлмира Исимбаева отырысты ашу барысында Халықтың қоныстануы және дамуы жөніндегі парламентарийлердің Азиялық Форумы (ХДПАФ) айналысатын халықтың қоныстануы және дамуы БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттарының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Өз кезегінде, Такеми мырза гендерлік теңдік және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, жастарға инвестиция салу саласындағы Халықтың қоныстануы және дамуы жөніндегі парламентарийлердің Азиялық Форумының қызметі туралы хабардар етті. Отырыста Әлеуметтік Кеңестің қызметі туралы ақпарат берілді. БҰҰ-ға мүше мемлекеттер қабылдаған Қазақстанның орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жөніндегі жұмыста депутаттық корпустың рөлі ерекше атап өтілді. Парламентшілердің арасындағы халықты қоныстандыру мен дамуға қатысты тәжірибе алмасуда, денсаулық сақтау және әйелдердің құқығын қорғауда, жастарды қолдау және ұзақ өмір сүрудің жалпы стратегиясын әзірлеуде үнқатысуды дамытудың маңызды алаңы болып табылатын, ХДПАФ жұмысына Қазақстан белсенді түрде қатысады. Кездесуге салауатты өмір салтын, интеграция және егде жастағы адамдардың қоғамға араласуы, өмір сүру сапасын жақсарту үшін қажетті жағдайлар жасау мәселелеріне үлкен қызығушылық танытты. Кездесу қорытындысы бойынша мазмұнды пікір-алмасулар орнап, әлеуметтік саясаттың тиімділігін арттыру бойынша тәжірибелік ұсынымдар талқыланды. Айта кетейік, ХДПАФ 1981 жылы БҰҰ-ның халықты қолдау қорының бастамасымен құрылды. Форум халықаралық үкіметтік емес ұйым болып табылады. Негізгі мақсаттары - Азиядағы халықтың тұрмыс деңгейі мен әл-ауқатын жақсарту жөніндегі бастамаларды насихаттау, халықты қоныстандыру аумағындағы бағдарламаға депутаттардың назарын аудару.

18.09.2017

Мәжіліс Төрағасы Н. Нығматулин К. Такеми мырзаны қабылдады

Астана, 18 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Халықтың қоныстануы және дамуы жөніндегі парламентарийлердің Азиялық Форумының төрағасы К. Такеми мырзаны қабылдады. Н. Нығматулин атап өткендей, Жапониямен жан-жақты қатынасты дамыту Қазақстанның сыртқы саясатындағы маңызды басымдықтардың бірі. Биыл екі ел арасында дипломатиялық қатынастың орнағанына 25 жыл толды. Осы уақыттар ішінде Астана мен Токио бір-біріне тығыз қолдау көрсете отырып, ортақ мақсаттар жолында сенімді әріптестер болып келеді. Мәжіліс Төрағасының айтуынша ядролық қарусыздану және таратпау, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану басқа да халықаралық өзекті мәселелер бойынша біздің елдеріміздің ұстанымы өте жақын. Палата Спикері Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылғы Жапонияға ресми сапары бұған дейін қол жеткізілген келісімдерді бекітіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне жеткізгенін атап өтті. Өз кезегінде мәртебелі мейман Жапонияда Қазақстан Президентінің ядролық қаруды таратпау жөніндегі бастамаларын жоғары бағалайтынын және Президенттің халықаралық деңгейдегі өзекті мәселелер бойынша маңызды қадамдарына алғысын білдірді. Н. Нығматулин халықтың қоныстануы және дамуы мәселесі бойынша парламентшілердің жұмысын ынталандыру мен алға жылжыту бойынша форумның ауқымды жұмыстар атқарып келе жатқанын алға тарта келіп, біздің депутаттардың алдағы уақытта да ХДПАФ аясында әріптестермен белсенді іс-қимыл жасауға дайын екендігін білдірді. Кездесу барысында тараптар барлық бағыт бойынша байланысты тереңдету жайын сөз етіп, соның ішінде, «Нұр Отан» парламенттік фракциясы және Либералды-демократиялық партиясы, бейінді комитеттер мен ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық топтар арқылы парламентаралық әріптестікті нығайтудың қажеттілігін атап өтті. Мәжіліс Төрағасы К. Такеми мырзаның сапары біздің елдеріміздің екіжақты қарым-қатынасын одан әрі тереңдетуге ықпал ететініне сенім білдірді.

11.09.2017

Н. Нығматулин Босния және Герцеговина Президенттігі Президиумының Төрағасы Б. Изетбеговичпен кездесті.

Астана, 11 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі саммиті барысында Босния және Герцеговина Президенттігі Президиумының Төрағасы Б. Изетбеговичпен кездесті. Мәжіліс Спикері екі ел арасында дипломатиялық қатынастың орнағанына 20 жыл толған және Ислам ынтымақтастығы ұйымының Саммиті аясында өтіп жатқан кездесудің маңыздылығына тоқтала келіп, мәртебелі мейманның бұл жолғы сапары өзара ынтымақтастықты тереңдетуге ықпал ететінін атап өтті. Босния және Герцеговина Қазақстанның Балқан аймағындағы маңызды әріптесі болып табылады. Н. Нығматулин Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздік алған күннен бастап, Азия елдерімен, соның ішінде, Ислам ынтымақтастық ұйымы аясында ықпалдастықты күшейтуге ерекше назар аударып келе жатқанын айтты. 21 ғасырдағы технологиялық жаңалықтар, білім және инновациялық ғылым жарқын болашақтың кепілі. Сол үшін Қазақстан Президенті аталған Саммитті өткізу туралы бастама көтергенін алға тартқан Мәжіліс Төрағасы маңызды шара ИЫҰ мүше-мемлекеттердің тамырластығын тереңдетуге тың серпін беретін болады деді. Өз кезегінде Б. Изетбегович Қазақстанның технологиялық жоғары жетістіктері қызықтыратынын және екі ел арасындағы әріптестікті нығайтуға аса мүдделі екенін жеткізді. Тараптар халықаралық және парламентаралық ынтымақтастық жайына да баса көңіл бөліп, заңнамалық тәжірибе алмасу жайын сөз етті.

06.09.2017

Н. Нығматулин Польша Президенті А. Дудамен кездесті

Астана, 6 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бүгін Польша Президенті Анджей Дудамен кездесті. Мәртебелі мейман біздің елімізге Елбасының арнайы шақыруымен келді. Мәжіліс Спикері атап өткендей, Польша Президентінің бұл жолғы сапары өзара ынтымақтастықты тереңдетуге тың серпін беретін болады. Польша Қазақстанның Орталық және Шығыс Еуропадағы маңызды саяси және экономикалық әріптесі болып табылады. Биыл екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толды. Осы уақыттар аралығында қос мемлекет арасында сындарлы байланыс орнап, ол жыл сайын тереңдеп келеді. Н. Нығматулин Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылғы Польша еліне ресми сапары мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайтуға ықпал еткенін алға тарта келіп, экономикалық ынтымақтастық туралы қабылданған президенттер Декларациясының нәтижесінде 845 млн. АҚШ долларын құрайтын 15 инвестициялық жобаға қол қойылғанын атап өтті. Тараптар барлық салада ықпалдастықты күшейту жолдарын әңгімелей келіп, әсіресе, қос мемлекеттің транзиттік мүмкіндігіне айрықша назар аударды. Кездесу барысында ЭКСПО халықаралық көрмесінің маңызына да ерекше көңіл бөлінді. Ал парламентаралық ынтымақтастық жайына келгенде Н. Нығматулин қазақстандық Парламент өкілдері екі мемлекет президенттері арасында қол жеткізілген барлық келісімдерді заңдық тұрғыдан қолдауға дайын екендігін жеткізді.

13.06.2017

Н. Нығматулин Грузия Президенті Г. Маргвелашвилимен кездесті

Астана, 13 маусым, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Қазастанға ресми сапармен келген Грузия Президенті Гиоргий Маргвелашвилимен кездесті. ЭКСПО көрмесінде Грузия Ұлттық күнінің салтанатты ашылуынан кейін бірден Мәжіліске келген мәртебелі мейманға Н. Нығматулин халықаралық көрмеге көрсеткен қолдауы үшін шынайы алғысын жеткізді. Биыл екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толады. Осы уақыттар аралығында қос мемлекет арасында сындарлы байланыс орнап, ол жыл сайын тереңдеп келеді. Мәжіліс Спикері атап өткендей, Грузия Президентінің бұл жолғы сапары өзара ынтымақтастыққа тың серпін беретін болады. Н. Нығматулин Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Грузиямен тату көршілік, достық, тарихи тамырластық аясында барлық саладағы ынтымақтастықты тереңдетуге ерекше назар аударатынан алға тарта келіп, саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы тұрақты даму үдерісін сөз етті. Экономикалық ықпалдастық төңірегінде Палата Төрағасы өткен жылы екі ел арасындағы сыртқы сауда айналымының 41 млн. долларды құрағанын айтып, екі ел әлеуетін ескере отырып, сауда айналымын арттыру қажеттілігіне тоқталды. Сонымен бірге, Мәжіліс Төрағасы Грузияның Аджария мен Маңғыстау облысы арасында тікелей экономикалық байланыстар орнату бастамасының маңыздылығына тоқталып, Мәжіліс екі елдің тиімді ынтымақтастығын тиісті заңнамалық құжаттармен қолдауға дайын екенін білдірді. Өз кезегінде Грузия Президенті Қазақстанға жеткен сәттен бастап көрсетілген қонақжайлылық үшін шексіз ризашылық білдіріп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты күшейтудің мүмкіндігі зор екенін атап өтті. Гиоргий Маргвелашвилидің пікірінше, осы жолда парламентаралық әріптестіктің рөлі өте зор. Айта кетейік, Парламент Мәжілісінде депутат М. Айсина жетекшілік ететін Грузиямен ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық топ жұмыс істейді.

09.06.2017

Н.Нығматулин мен Сингапур Парламентінің Төрайымы парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға келісті

Астана, 9 маусым, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Сингапур Республикасы Парламентінің Төрайымы Халима Якобпен кездесті. Мәжіліс Спикері екі ел арасындағы байланысты нығайтуда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Сингапурдың бірінші Премьер-министрі Ли Куан Ю арасындағы жоғары деңгейдегі кездесулері мен жеке қарым-қатынастарының маңызына тоқталды. Сонымен қатар, әңгіме барысында Н.Нығматулин, Сингапур – Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азия аймағындағы сенімді әріптесі екенін атап кетті. Өз кезегінде, Х.Якоб мемлекет басшылары Н.Назарбаев пен Ли Куан Ю негізін қалаған екіжақты ынтымақтастықтың жалғаса беретіндігіне сенім білдірді. Сингапур Парламентінің Төрайымы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің «алдымен экономика, содан кейін саясат» атты формуласының тиімділігіне ерекше назар аударды. Сонымен бірге, Сингапур Парламентінің Төрайымы халықаралық ЭКСПО көрмесіне өз елінің ерекше ықыласпен қатысатыны туралы мәлімдеді. - Біз Қазақстанның белсенді түрде дамып келе жатқанын, экономикасының Орталық Азия өңіріндегі қарқынынан хабардармыз, сондықтан да елдеріңіздің біз үшін орны ерекше – деді өз кезегінде Сингапур Парламентінің Төрайымы. Сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастық және жаңа технологиялар мен инновация саласындағы өзара екіжақты байланысты ұлғайту мәселелері басты бағыттар қатарында аталды. Х.Якоб, сондай-ақ Сингапур мен ЕурАзЭҚ-тың арасындағы еркін сауда туралы келісімге қол қоюға ниетін білдірді. Бұл, Сингапур Парламенті Төрайымының айтуынша, ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін қосымша тұғырнама ретінде қызмет ететін болады. Н.Нығматулин сингапурлық әріптестерін елімізде өткен Қазақстандағы конституциялық реформа жайынан хабардар етті. Кездесу барысында тараптар екі ел парламентшілерінің арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қызығушылық білдірді. Мәжіліс Төрағасы парламентаралық қарым-қатынастардың кеңейуі мемлекеттік басқару саласындағы заң шығару тәжірибесін алмасуына, инвестиция тартуға, жаңа технологияларды қолдау және дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

08.06.2017

Мәжіліс депутаты Жапон Елшісімен кездесті

Астана, 8 маусым.Мәжіліс Үйі. Бүгін, Парламентте Мәжіліс депутаты, Қазақстанның ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Итиро Кавабатамен кездесті. Әңгіме барысында қазақстан-жапония арасындағы қарым-қатынастың өркендеу мәселесін талқыланды. Олар бір-бірін биылғы жылы Қазақстан мен Жапония арасындағы дипломатиялық қатынастардың 25 жылдық мерейтойымен құттықтады. Тараптар ҚР Президенті Н.Назарбаевтың өткен жылғы Жапон еліне жасаған ресми сапарының екі ел арасындағы достық байланысқа жаңа серпін бергенін атап өтті. Мәжіліс депутаты жапония жағының Қазақстанда болатын «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысуға ниет білдіргендіктерін қуанышпен қабылдағандықтарын жеткізді. Парламентші мен дипломаттың жүздесуінде екі ел арасындағы мәдениет пен спорт, ізгілік саласындағы ынтымақтастықтарға ерекше назар аударылып отыратыны әңгіме болды. Депутат Елшіні «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында тамыз айында өтетін «Кокпар» турниріне шақырды.

14.03.2017

Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісін қабылдады

Астана, 14 наурыз, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Кэролин Браунды қабылдады. Әңгіме аясында тараптар «Қауіпсіз, әділ және гүлденген әлем құру үшін жаһандық серіктестікті нығайтудағы Қазақстанның тұжырымдамалық көзқарасы» саяси үндеуін алға тарта отырып, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысының басымдықтарына тоқталды. Кездесу кезінде айрықша көңіл аударылған тақырыптың бірі – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамшылығымен жүргізіліген билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесі. Елші ханым жаңа бастаманы Қазақстанның тұрақты дамуы жолындағы маңызды қадам деп бағалай келіп, елімізде жүрігізілген конституциялық реформаға байланысты жылы лебізін жеткізді. Мәжіліс Спикері екі ел арасындағы қарым-қатынасқа жіті көңіл бөле келіп, өткен жылы сыртқы сауда айналымының 1,2 млрд. долларды құрағандығын атап өтті. Қазақстанда 860 британдық бизнес компаниялары тіркелгендігін алға тартқан Н. Нығматулин: - біз жаңа экономикалық саясат және индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында Қазақстанда инновациялық жобаларды жүзеге асыру үшін британдық капиталдың қатысуына мүдделіміз,- деді. Жүздесу барысында Астанада өтетін «ЭКСПО - 2017» халықаралық көрмесі де назардан тыс қалмады. Осы ретте Мәжіліс Төрағасы британдық павильон қазақстандықтар мен шетелдік қонақтардың ерекше ықыласына ие болатынына сенім білдірді. Сонымен қатар, тараптар заң шығару жұмысында парламентаралық байланыстарды тереңдетудің маңыздылығына көңіл бөліп, тәжірибе алмасудың түрлі жолдарын атап өтті.

22.12.2016

Н.Нығматулин Бакуде ТүркПА-ның жаңа офисінің ашылуында сөз сөйледі

Астана, 22 желтоқсан, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулин ТүркПА-ның жаңа әкімшілік кеңсесінің ашылу салтанатына қатысты. Онда Мәжіліс Төрағасы сөз алып, Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Гейдар оглы Әлиевке Баку қаласының төрінен бой көтерген бірегей ғимарат үшін ТүркПА-ның Іс басындағы төрағасы ретінде ұйым мүшелері атынан шынайы алғыс сезімін білдірді. Мәжіліс Спикерінің айтуынша осы маңызды оқиға ТүркПА-елдерінің тәуелсіздік алғанына 25 жыл толған өте маңызды кезеңде өтіп отыр. Сонымен бірге 1920 жылы Шығыс халықтарының тұңғыш съезі және биыл 90 жылдығын атап өткен тұңғыш түркологиялық съез осы қалада өткенін еске алған Н. Нығматулин тарихи оқиғалар тоғысқан Бакуде бауырлас елдердің бас штаб-пәтерінің орналасуы айрықша маңызды екенін атап өтті. Өз сөзінде: - Біз Әзербайжанда ТүркПА Хатшылығының жаңа офисін аштық. Ол Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев негізін қалаған ТүркПА-ның жаңа белеске шығуының нақты көрсеткіші. Бұл Президентіміздің осы ұйымды құру жөніндегі идеясының маңыздылығын тағы да көрсетті. Сондықтан, алдағы уақытта ТүркПА елдері, соның ішінде, заң шығарушы органдар арасындағы әріптестік бұрынғыдан да тереңдей түсетін болады,-деді. Биылғы басқосудың тағы бір ерекшелігі ТүркПА-ның шешімімен Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Түркия елдерінің Президенттері «Еңбегі үшін» медальмен марапатталды.

22.12.2016

Мәжіліс Төрағасы Н. Нығматулин бастаған парламенттік делегация Бакуде ТүркПА шараларына қатысуда

Астана. 22 желтоқсан. Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бастаған парламенттік делегация 21-22 желтоқсанда Баку қаласында (Әзербайжан) өткен Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) іс-шараларына қатысуда. Парламентшілер үшін ең маңызды шараның бірі - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған ТүркПА-ның жаңа әкімшілік кеңсесінің ашылуы. Мәжіліс Төрағасы Бакуде Әзербайжаннан, Түркиядан және Қырғызстаннан келген әріптестерімен кездесті. Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының төрағасы Исмаил Кахраменмен жүздесу кезінде Палата Спикері ең алдымен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының және өз атынан Ыстанбұл және Кайсері қалаларында орын алған лаңкестік салдарынан қайтыс болғандардың қайғысына ортақтасып көңіл айта келіп, Қазақстанның қандай түрде болса да лаңкестікті қатаң айыптайтындығын жеткізді. Мәжіліс Төрағасының айтуынша Түркия Республикасының Президенті Реджеп Ердоған мырзаның 2015 жылғы Қазақстанға мемлекеттік сапары, сонымен бірге, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияға 2016 жылы сәуірде және тамызда жасаған сапары екіжақты өзара байланысты жаңа деңгейге көтерді. Қазақ-түрік қатынасына жаңа серпін берді. Әңгіме барысында Нұрлан Нығматулин: - Биыл 15 шілдедегі әскери төңкеріс жасау әрекетінен кейінгі ауыр жағдайдан Түркия үлкен абыроймен шықты. Түркия халқы бүкіл әлемге демократиялық ел екенін тағы бір дәлелдеді. Осы қиын күндерде біздің еліміз Түркия Республикасының заңды сайланған Президентін, Парламентін және Үкіметін қолдайтынын білдірді. Осы жағдайдан кейін Анкараға бірінші болып ресми сапар жасаған ол Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев,-деді. Өз кезегінде Исмаил Кахраман Қазақстанның биылғы жылы ТүркПА-ға төрағалығын өте жоғары бағалады. Одан әрі Сириядағы қақтығысты реттеу бойынша келіссөздерді Астанада жүргізу мәселесіне назар аударған И. Кахраман: - Бүгінгі күні Астана бітімгершілік мәселесінде айрықша рөл атқарады. Бұл Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі. Сондықтан, үнқатысу алаңы ретінде дәл Астананың таңдалуы өте ұтымды шешім деп есептеймін,-деді Кездесу соңында Н. Нығматулин әріптесін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Әзербайжан Милли Межлисінің төрағасы Октай Асадовпен және Қырғызстан Жогорку Кенешінің Спикері Чыныбай Турсунбековпен парламентаралық байланыстарды нығайтуға серпін беру арқылы, бауырлас мемлекеттердің ынтымақтастығын тереңдетудің өзекті сұрақтарын талқылады. Тараптардың пікірінше парламентаралық өзара іс-қимылды тереңдету Мемлекет басшыларының түрлі саладағы әріптестік келісімдерін тиімді жүзеге асыруға жол ашады. Н. Нығматулин ТүркПА-ға мүше-мемлекеттер келер жылы Қырғызстанның төрағалығы кезінде де басталған істі тиімді жалғастыратынына сенім білдірді.

13.12.2016

Парламентшілер ядролық қарусыздану жолында

Астана, 13 желтоқсан, Мәжіліс Үйі. Бүгін Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев «Парламентшілер ядролық қаруды таратпау және қарусыздану жолында» Парламенттік бірлестігінің Ғаламдық үйлестірушісі Алинэ Варэмен кездесті. Бейбітшілік сақтаушы әңгіме барысында жас тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін тізбелеп айта келіп, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты қарусызданудың ғаламдық жолындағы көшбасшы деп танитындығын атап өтті. Дүниежүзілік парламенттік ұйым Қазақстанның барлық әсіресе, аталған саладағы бастамаларын қолдайтындықтарын білдірді. Тараптар Қазақстанның 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып енуі шеңберінде әлемді ядролық қарудан азат ету жолында бірлесіп күш салатындықтарын мәлімдеді.

13.12.2016

Мәжіліске Швеция Елшісі келді

Астана, 13 желтоқсан, Мәжіліс Үйі. Бүгін Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев Швецияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Христиан Камиллмен кездесті. Мәжілістің Комитет төрағасы Қазақстан мен Швеция арасындағы сауда-экономикалық, саяси байланыстарды талдай келе Парламентаралық ынтымақтастықты өркендету жолындағы мәселелерден сөз қозғады. Тараптардың жүздесуінде назар Қазақстанның 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып енуі мен 2017 жылы Астанада өтетін ЭКСПО халықаралық көрмесіне телекоммуникация, тау-кен өндіру және ауылшаруашылығы саласының шведтік компанияларының да қатысуы жайына аударылды. Парламенттік ынтымақтастық қатынастар жайында депутаттық топтар деңгейінде тәжірибе алмасу мен заң шығару тәжірибесін үйрені турасында да ой бөлісті.

12.12.2016

Мәжіліс Төрағасы Мемлекеттік Дума Спикерімен екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың өзекті сұрақтарын талқылады

Астана, 12 желтоқсан, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Дума Спикері Вячеслав Володинмен кездесті. Бұл мәртебелі мейманның осы қызметке тағайындалғаннан кейінгі шетелдерге алғашқы ресми сапары. Кездесу барысында Мәжіліс Спикері елдер парламентшілерінің ынтымақтастығы қос мемлекет халықтарының мүддесі жолында нығая түсетіндігін атап өтті. Екі ел басшыларының өзара түсіністік пен достық қарым-қатынастарының арқасында даму биігіне бет бұрған ықпалдастыққа айрықша назар аударған Мәжіліс Спикері: - Бүгінгі күні Қазақстан және Ресей Федерациясы арасындағы стратегиялық әріптестік жыл сайын жоғары деңгейге көтеріліп келеді. Ол екі елдің Президенттері Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Владимир Владимирович Путиннің салиқалы саясаттарының нәтижесі. Осы жолда Парламент Мәжілісінің және Мемлекеттік Думаның негізгі міндеті тиімді заңдар қабылдау,-деді. Н. Нығматулиннің айтуынша бүгінгі күні біздің елдеріміздің арасында сенімді саяси үнқатысу жақсы жолға қойылған, жүйелі экономикалық қатынас орнаған, қауіпсіздік саласындағы ықпалдастық тиімді дамып келеді. Мәжіліс Төрағасы сондай-ақ, екі ел парламенттерінің арасындағы өзара іс-қимылдың да өте жоғарғы деңгейде қарқын алып отырғанын айтты. Оған Ресей Спикерінің 25 жылдық мерейтой қарсаңында алғашқы ресми сапарын Қазақстаннан бастауы дәлел деуге болады. Ресей делегациясының құрамында Мемлекеттік Дума комитеттерінің төрағалары да бар. Жүздесу барысында Мәжіліс Спикері Ресей Федерациясының Конституция күнімен құттықтап, Ресей халқына бейбітшілік пен гүлдену тіледі. Өз кезегінде Ресей Спикері В. Володин де Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойының маңызы зор екенін алға тарта келіп: - Біздің кездесуіміз Қазақстан үшін айрықша маңызды кезеңде өтіп жатыр. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы. Осы уақыттар ішінде Қазақстанның қалай өзгергенін көріп отырмыз. Астананың кереметтігіне де көзіміз жетті. Бұл жерде Қазақстан Президентіне арнау айрықша болмақ. Себебі, мемлекет басшысының әрбір қадамы, әрбір шешімі Қазақстан халқының өмір сапасын арттырып, мемлекеттік даму жолына жетелеп отыр. Ресей парламентшілерінің атынан Қазақстан азаматтарын тәуелсіздік күнімен құттықтаймын,-деді. Одан әрі тараптар парламентаралық ынтымақтастықтың одан әрі тереңдетудің өзекті сұрақтарын талқылады.

07.12.2016

Мәжіліске Канада Елшісі келді

Астана, 7 желтоқсан, Мәжіліс Үйі. Бүгін Мәжілістің Халықаралық істер, қоғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев Канаданың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шон Стайлмен кездесті. Тараптар әңгіме барысында екіжақты байланыстардың өркендеуі мен парламентаралық қатынастардың дамуы жайлы ой бөлісті. Елші мен парламентші келе жатқан жылды ынтымақтастық деңгейін арттыра түсуге пайдалану керек деген тоқтамға келді. 2017 жылы екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қатынастарға 25 жыл толады, Канада өзінің 150 жылдығын тойласа, Астана ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізеді. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшеліктің міндеттерін атқаруға кіріседі. Сонымен қатар жүздесуде Канада Парламентінде қазақстан-канада паралменттік достық тобы құрылатыны мәлім болды. Тараптар ол парламентаралық үндесудің жаңа бір бетін ашатынына келісті. Кең көлемде өткен кездесуде екі жақ экономика мен басқа да салалардағы ынтымақтастықты тереңдете түсуге мүдделілік танытты.

06.12.2016

Мәжіліс депутаттары Индонезия Парламентінің делегациясымен кездесті

Астана, 6 желтоқсан. Мәжіліс Үйі. Бүгін Мәжілістің Абай Тасболатов бастаған бір топ депутаты Индонезия Парламентінің парламентаралық ынтымақтастық бойынша комитет төрағасының орынбасары, қорғаныс, сыртқы саясат және ақпарат бойынша I Комиссиясының мүшесі Х.Сяйфулла бастаған делегациясымен кездесті. Тараптар әңгіме барысында парламенаралық ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтуді жүйелі түрде жалғастыру қажеттігіне тоқталды. Қазақстанда өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне Индонезияның да қатысатыны мәлім болды. Қазақстандық депутаттар халықаралық бастамаларда Қазақстанды қолдап отыратындықтары үшін Индонезия еліне ризашылықтарын білдірді. Индонезия жағы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдығымен құттықтап, екіжақты ынтымақтастықтың беки түсуіне ықылас танытты.

06.12.2016

Индонезия Парламентінің делегациясы Мәжіліске келді

Астана, 6 желтоқсан. Мәжіліс Үйі. Бүгін Мәжіліске Индонезия Парламентінің Тегу Джуварно бастаған делегациясы келді. Әріптестерін Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Меруерт Қазбекова бастаған бір топ депутат қарсы алды. Тараптар парламенттік ынтымақтастық бағыттарын одан әрі екі жақты байланыстыра берудің жан-жақты форматын қалыптастыруға мүдделілік танытты. Мәжілісмендер Қазақстан мен Индонезия арасындағы ынтымақтастық «жасыл экономика», қуат көздерін жандандыру мен таза технологияларды дамыту мәселелеріне жол ашатынын айтты. Екі ел арасындағы қарқынды қарым-қатынасқа баға бере келе парламентшілер ынтымақтастықтың жандана түсуіне атсалысуға ықылас білдірді.

15.11.2016

Мәжіліске ЕО Өкілдігінің Басшысы келді

Астана, 15 қараша. Мәжіліс Үйі. Бүгін Парламентте Мәжілістің Халықаралық істер қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Өкілдігінің Басшысы Траян Хриестамен кездесті. Тараптар әңгіме барысында Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы 23 жылдан бергі дипломатиялық қатынастар өзара серіктестік, теңқұқылық және сенімділікті сақтай отырып нығайып келетінін атап өтті. Саяси үндесудің бір тармағы парламентаралық байланыстарда жатыр. Еуропарламент делегациясының Қазақстанға, қазақстандық Парламент делегациясының Брюссельге өзара ресми сапарлары үздіксіз байланысқа ұласты. ҚР мен ЕО арасындағы парламенттік ынтымақтастық Комитеті өткізген 13-ші отырысы пікіралмасу алаңына айналды. Әңгіме барысында Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастық пен серіктестіктің жаңа кеңейтілген Келісімін жүзеге асыру, Қазақстанға инвестиция тарту, жеңілдетілген салық режимі, ұлттық заңнамаларды жетілдіру, инвестициялық преференция пакеттерін ұлғайтудың маңызы сөз болды. Парламентші М.Әшімбаев Қазақстанның инновациялық дамуына ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің қосатын үлесіне тоқталды.