Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
19.04.2024

Мәжіліс I оқылымда ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері туралы заң жобасын қарайды


Астана, 19 сәуір, Мәжіліс үйі. Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.

Депутаттар бірінші оқылымда ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері жөніндегі заң жобасын қарайды.

Бұл жаң жобасы мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгеріс енгізу туралы ілеспе заң жобасын Парламент депутаттары Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін азаматтарды құмар ойындар мен бәс тігуге қатысу кезінде ойынға тәуелділікті (лудоманияны) қалыптастырудан қорғау мақсатымен әзірледі.

Ұсынылған түзетулер 25 жасқа толмаған жеке тұлғаларға, қатысуы шектелген және борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізілген тұлғаларға ойын және (немесе) бәс тігуге қатысуға тыйым салуды белгілеуге бағытталған. Сонымен қатар лотерея билеттерін таратуға (сатуға) бөлек талаптар енгізіліп, букмекерлік кеңселер мен лотереяларды жарнамалауға тыйым салу көзделген. Электрондық казинолар мен онлайн казинолардың қызметін ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік, сондай-ақ 25 жасқа толмаған және құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуы шектелген тұлғаларды қатысуға жібергені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі.

Бірінші оқылымда депутаттарға масс-медиа мәселелері бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске бұрын Мәжіліс қабылдаған «Масс-медиа туралы» заңның ережелерімен үйлестіру мақсатымен әзірленген Үкімет енгізген түзетулерді қарау ұсынылады.

Жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасына екінші оқылымда жаңартылатын энергия көздерін, электр энергетикасын және табиғи монополияларды пайдалануды қолдауға қатысты депутаттардың заңнамалық түзетулері талқыланатын болады.

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-01. Суретті түсірген  Ж. Жұмабеков


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі