Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
02.05.2017

Мәжіліс: балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау мәселелері


Астана, 2 мамыр.Мәжіліс Үйі.

Бүгін, Парламент Мәжілісінде «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларының таныстырылымы өтті. Оның жұмысына Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлнар Иксанова қатысып, аталған комитет мүшесі Бекболат Тілеухан жүргізді.

Заң жобалары Мәжіліске 2017 жылғы 11 сәуірде ұсынылды. Бұл заң жобаларына Парламенттің бір топ депутаттары – Гүлмира Исимбаева, Сауытбек Абдрахманов, Светлана Бычкова, Артур Платонов, Бірғаным Әйтімова, Серік Бектұрғанов бастамашылық жасаған.

Негізгі заң жобасы балалардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталып, оның ішінде Қазақстан Республикасы ратификациялаған Біріккен Ұлттар Ұйымының бала құқықтары туралы конвенциясында (1989 ж) бекітілген, халықаралық құқықтың жалпы танылған қағидаттары мен нормаларына сәйкес әзірленген.

                Заң жобасы мемлекеттің «баланы қалыпты дамуына зардабын тигізетін ақпарат пен материалдардан қорғаудың тиісті қағидаттарын» әзірлеуді қамтамасыз ету міндеттерін сақтауына ықпал етуге, сондай-ақ баланың өзінің құқықтарына, атап айтқанда, «ақпарат пен кез келген түрдегі идеяны іздеу, алу, беру бостандығына» қажетті шектеулерді белгілеуге арналған.

                Заң жобасының міндеті балаларды физикалық және психикалық денсаулығына, имандылық, рухани, психикалық, физикалық және әлеуметтік жағынан дамуына зардабын тигізетін ақпараттан, оның ішінде зорлық-зомбылық пен қатыгездікті, порнографияны, қоғамға жат және құқық бұзушылық әрекетті насихаттайтын баспа, дыбыс-және дыбыс-бейне өнімдерін, электрондық және компьютерлік ойындарды таратудан қорғаудың ұйымдастырушылық-құқықтық тетіктері мен заңнамалық кепілдіктерін енгізу болып табылады.

 

                Бірқатар елдердің (АҚШ, Канада, Германия, Ұлыбритания, Нидерланды, Норвегия, Дания, Швеция, Финдляндия, Австрия, Франция, Италия, Жапония және т.б, соның ішінде ТМД елдерінің) заңнамасында:

                балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпаратты балалар мен жасөспірімдер арасында насихаттауға шектеулер мен тыйым салу;

                ақпараттық өнімнің тиісті сараптамасын жүргізу және осындай өнімнің жас санатының сыныптамасын жүзеге асыру;

                балаларға арналған бағдарламаларды таратуға уақыт шектеулерін белгілеу; 

                балаларды зардабын тигізетін ақпараттан қорғау жөніндегі арнайы бақылау-қадағалау органдарын құру, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасында ақпараттық өнімнің заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауаптылық белгілеу шаралары көзделген.

                Заң жобасын әзірлеуде сынақтан өткізілген халықаралық тәжірибе ескерілді.

                Заң жобасының ережелері кәмелетке толғандардың ақпаратқа қолжетімділігін шектемейді. Мұнда балалар үшін қолжетімді уақытта және қоғамдық орындарда «ересектер үшін» деген өнімдерді таратуға қажетті шектеулер белгіленген.

                               

                Заң жобаларын талқылауға ақпарат және коммуникациялар вице-министрі, мүдделі мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары, Парламентке кірмеген саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сарапшылар қатысты.

 

Енді заң жобасына депутат Б.Тілеухан жетекшілік жасап, алғашқы отырысы 16 мамырда өтетін болады.

 

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі