Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
04.05.2017

Мәжілісте кейбір конституциялық заңдарға өзгерістер таныстырылды


Астана, 4 мамыр.Мәжіліс Үйі.

 

Бүгін, Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заң жобасының тұсаукесері  өтті. Оның жұмысына Палатаның вице-спикері Владимир Божко қатысты.

Отырысты жұмыс тобының жетекшісі, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров жүргізді.

Заңға қатысты жаңалықтармен ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев таныстырды.

Заң жобасы бойынша өзгертулер сегіз Конституциялық заңдарға енгізіледі («Сайлау туралы», «Парламент және оның депутаттарының мәртебесi туралы», «Республикалық референдум туралы», «Үкімет туралы», «Президент туралы», «Конституциялық Кеңес туралы», «Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы», «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы»).

Министр: «Президент туралы» Конституциялық Заңында Президенттің өкілеттіктері конституциялық түзетулерге сәйкес келтіріледі. Атап айтқанда, Президент Парламент Мәжілісімен консультациялардан кейін Премьер-Министр енгізген ұсынумен Үкімет мүшелерін қызметке тағайындайды.

Сонымен қатар, Парламент депутаттары Конституцияда бекітілген тәртіппен (57-бап 6-тармақша) Үкімет мүшесін қызметінен босату туралы өтініш жасаған жағдайда, Президент оны қызметінен босатады.

«Президент туралы» Конституциялық заңнан Президенттің келесі заң шығару функциялары алып тасталады: заң күші бар жарлықтарды шығару,заң жобасын шұғыл деп жариялау, Үкiметке заң жобасын Мәжiлiске енгiзудi тапсыру және Үкімет актілерінің күшін жою.

 «Тұңғыш Президент - Елбасы туралы» Конституциялық заңында Қазақстанның Тұңғыш Президентінің «Елбасы» ретіндегі атауы мен мәртебесіне қатысты түзетулер енгізіледі»,- деп таратып түсіндірді.

«Парламент және оның депутаттарының мәртебесi туралы» Конституциялық заң жаңа жиырма екі де бір (22-1) бабымен толықтырылады. Ол Үкімет мүшелері кандидатураларын Мәжіліспен келісу тәртібін анықтайды.

Консультациялар Мәжілістің тиісті тұрақты комитеттерінде өтетін болады. Тиісті кандидатураларды Премьер-Министр, немесе ол өкілеттік берген лауазымды тұлға ұсынады.

Әрбір талқыланатын кандидатура жөнінде Мәжілістің тиісті комитеті қорытынды шығаратын болады.

«Үкімет туралы» Конституциялық заңында, конституциялық түзетулерге сәйкес, Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдарды жою бойынша өзгерістер енгізіледі.

Сонымен қатар, Үкіметтің Президент пен Парламент арасындағы қарым-қатынасын реттейтін нормалар бекітіледі.

Үкімет Парламент Мәжілісінің өкілеттік мерзімі аяқталғанша қызмет етеді және жаңадан сайланған Парламент Мәжілісінің алдында өкілеттігін тоқтатады.

«Сайлау туралы» Конституциялық заңында сайлаушылар мен сайлау үдерісіне қатысушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында түзетулер көзделген.

Сонымен қатар минстр Президенттікке кандидатқа қойылатын қосымша талаптар енгізілгенін мәлімдеп, атап өтті. Олар:

-             мемлекеттік қызметте немесе сайланатын мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жыл тәжірибесінің болуы,

- міндеттерін орындауға кедергі болатын аурулардың жоқтығын растау. (Ол үшін медициналық куәландыру өтеді)»- деді.

Баяндамадан кейін министр депутаттардың сұрақтарына жауап берді.

Заң жобасының таныстырылымына мемлекеттік органдар мен парламенттік емес саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен саясаткерлер және сарапшылар қатысты.

 

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі