Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
05.05.2017

Мәжілісте «Прокуратура туралы» заң жобасы таныстырылды


Астана, 5 мамыр.Мәжіліс Үйі.

Бүгін,  Мәжілісте  вице-спикер Владимир Божконың қатысуымен «Прокуратура туралы» заң жобасы таныстырылды. Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров отырысты жүргізді.

ҚР Бас Прокурорының орынбасары Андрей Кравченко заң жобасы туралы баяндап берді.

Құжат Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2017 жылғы 10 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру жөніндегі шаралар кешені туралы» 2017 жылғы 13 наурыздағы № 437 Жарлығын орындау мақсатында әзірленген..  

 «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2017 жылғы 10 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңымен Қазақстан Республикасы Конституциясының 83-бабының 1-тармағына өзгерістер енгізілді.

Конституцияның 83-бабы 1-тармағының жаңартылған редакциясына сәйкес Заң жобасымен прокуратура қызметінің мынадай нобайлары көрсетіледі: заңда белгіленген шектер мен нысандарда Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалау; сотта мемлекет мүдделерін білдіру; мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асыру.

Заң жобасында мемлекеттік органдардың – Конституциялық Кеңестің, Жоғарғы Соттың, Әділет министрлігінің және басқалардың басым құқықтық саласындағы ұсыныстарын ескере отырып, қалыптастырылған мынадай тұжырымдамалық нормалар көзделген.

Біріншісі. Жоғары қадағалаудың шектері мен нысандары айқындалған, оның негізгі бағыттары нақтыланған, мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіндегі заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалау шектері белгіленген.

Прокурордың өкілеттіктері (құқықтары мен міндеттері), оның жауапкершілігі нақты баяндалған, прокуратура міндеттері белгіленген, тексерілетін субъектілердің құқықтары мен міндеттері анықталған, прокурорлардың тексерістер тағайындауына негіздер, сондай-ақ прокурорлардың талап қоюмен жүгіну негіздері қысқартылған.

Қадағалаудың үш нысандары көзделген: заңды күшіне енген құқықтық актілерді тексеру, талдау, бағалау. Прокурордың құқықтық актілері жүйесі түзетілді. Прокурорлық қадағалау (ден қою) актілерінен «алдын ала ескерту» және «ұйғарым» алып тасталды. Заңды түсіндіру мазмұны өзгертілді. Аталған құқықтық акті қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың, сондай-ақ дайындалып жатқан құқыққа қарсы әрекеттер туралы мәліметтер болған кезде олардың алдын алу мақсатында енгізілетін болады.

Наразылық келтіруге жатпайтын құқықтық актілердің түрлері және прокурорлық қадағалау (ден қою) актілерін қабылдау салдары айқындалды. Қадағалау (ден қою) актілерін мәжбүрлеп орындату сот тәртібімен ғана жүзеге асырылатын болады.

Екіншісі. Жекелеген тарауларға мемлекет мүдделерін сотта білдіру және қылмыстық қудалау функциялары, сондай-ақ прокуратура қызметінің мемлекеттік құқықтық статистиканы қалыптастыруды, арнайы есепке алуларды жүргізуді қамтитын өзге де бағыттарды, прокуратура органдары жүйесіндегі бірыңғай мемлекеттік кадрлық саясатты іске асыру бөлінген.

Үшіншісі.  Прокуратура органдарының бірыңғай жүйесі, Бас Прокурордың өкілеттіктері, Бас прокуратураның, облыстық, аудандық және оларға теңестірілген прокуратуралардың қызметі саласы айқындалды.

Аталған Заң жобасын қабылдау міндеті Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа редакциясын қамтамасыз ету, сондай-ақ прокуратура қызметін жетілдіру болып табылады.

Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі – депутат  Арман Қожахметов.

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі