Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
25.01.2018

Мәжілісте мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу мәселелері туралы заң жобасының таныстырылымы өтті


Астана, 25 қаңтар, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте Палата Төрағасының орынбасары Владимир Божконың қатысуымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасының таныстырылымы өтті.

Отырысқа Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай  Сабильянов жетекшілік етті.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында орталықтандырылған қызмет қағидаты бойынша мемлекеттік сатып алудың бірыңғай жүйесін енгізуді, сондай-ақ квазимемлекеттік секторда табиғи монополия мен жер қойнауын пайдалану саласында сатып алуды өткізу бойынша тәсілдерді түбегейлі қайта қарауды тапсырған болатын.

- Осыған байланысты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң  жобасы әзірленген болатын. Ол орталықтандырылған қызмет қағидаты бойынша бірыңғай мемлекеттік сатып алу жүйесін енгізуді; квазимемлекеттік  секторда сатып алу тәсілдерін қайта қарауды; квазимемлекеттік сектордың сатып алуын жүзеге асыру тәртібін бұзғаны үшін квазимемлекеттік сектордың лауазымды адамдарын әкімшілік жауапқа тартуды көздейді. Заң жобасы 9 заңнамалық актілеріне, оның ішінде 2 кодекс және 7 заңға өзгерістер енгізуді ұсынады – деді, жиынды ашқан депутат Н.  Сабильянов.

Осы Заң жобасы туралы Қаржы вице-министрі Р. Бекетаев өз кезегінде баяндама жасап, ұсынылып отырған заң жобасы Елбасы Жолдауындағы негізгі мәселелердің бірі болып табылатын сатып алу саласын жетілдірудің қажеттілігі туралы тоқталды.

Вице-министрдің айтуынша, Үкімет алдында екі міндет қойылған. Біріншісі, орталықтандырылған қызмет қағидаты бойынша мемлекеттік сатып алудың бірыңғай жүйесін енгізу. Екіншісі, квазимемлекеттік секторда сатып алу тәсілдерін түбегейлі қайта қарау. Осыған байланысты, заң жобасы екі бөліктен тұрады. Ол мемлекеттік сатып алу заңнамасын жетілдіру, соның ішінде біріңғай сатып алу жүйесін енгізу және ұлттық компаниялардың сатып алу ережелерін заң аясында реттеу.

Орталықтандырылған қызмет қағидаты бойынша бірыңғай мемлекеттік сатып алу жүйесін енгізу жөнінде Орталықтандырылған сатып алу қызметін барлық негізгі мемлекеттік сатып алуды шоғырландыратын жергілікті өзін-өзі басқарудан басқа, мемлекеттік бюджеттің әрбір деңгейінде құру ұсынылады.

Республикалық деңгейде Орталықтандырылған сатып алу қызметін – орталық мемлекеттік органдар үшін мемлекеттік сатып алуды өткізетін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алу комитетінің базасында құру ұсынылып отыр.

Облыстық деңгейде бұл қызмет – облыстық маңызы бар сатып алу бойынша облыстардың жұмыс істеп тұрған мемлекеттік сатып алу басқармаларының базасында құрылады.

Ал, аудандық деңгейде – тиісті мемлекеттік сатып алу бөлімдерінің базасында құрылады.

Ұсынылған тәсілдерді енгізу «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізуді талап етеді. Атап айтқанда, қазіргі бірыңғай ұйымдастырушылардың жұмыс тетігін өзгерту ұсынылады. Ол мынадай қағидаттармен жасалады. Бірінші, республикалық, облыстық және аудандық Орталықтандырылған сатып алу қызметін арасындағы өкілеттіктердің ара-жігін анық ажырату. Екінші, Орталықтандырылған сатып алу қызметін мемлекеттік сатып алуын міндетті түрде уәкілетті орган бекіткен тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер тізбесі бойынша өткізу. Үшінші, облыстар және аудан әкімдерін конкурстық комиссияларда төрағалықтан босату.

Отырыс барысында Заң жобасын қарау, талқылау кезінде Мәжіліс депутаттары бірқатар ұсыныс-пікірлерін білдіріп, тиісті мемлекет орган өкілдеріне сұрақтарын қойды.

Сонымен қоса таныстырылымда қоғамдық сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін тарту тәжірибесі жалғастырылып, іс-шараға Мәжіліс депутаттары, министрліктер мен ведомстволардың, парламенттік емес саяси партиялардың, қауымдастықтар мен қоғамдық бірлестіктердің, сондай-ақ «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.

Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері туралы Заң жобасы одан әрі Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Уәлихан Қайназаров жетекшілік ететін жұмыс тобында қаралатын болады. 

 

(Э.Башеева, 74-63-01, Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі, суретті түсірген С. Майлыбаев

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі