Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
29.01.2018

Мәжілісте діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заң жобасының таныстырылымы өтті


Астана, 29 қаңтар, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліске  Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері туралы Заң жобасын таныстырды.  

Отырысты ашқан Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы 4 қыркүйектегі VI шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламентінің үшінші сессиясының ашылуындағы тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген Заң жобасының және діни қызмет саласындағы қоғамдық қатынастарды жетілдіруге бағытталған заңнаманың өзектілігін атап өтті.

Таныстырылымда баяндама жасаған Н. Ермекбаев заң жобасының басым бағыттарына тоқталды.

Заң жобасының ең маңызды нормалары дінді деструктивті мақсаттарда пайдаланудың кез-келген мүмкіндіктерін болдырмауға және мемлекеттік органдардың құзыреттілігін кеңейтуге және діни бірлестіктердің қызметін жеңілдетуге бағытталған», - деді министр.

Сондай-ақ, Заң жобасының тұжырымдамалық өзгерістері туралы сөз еткен ведомства басшысы заңнамаға алғаш рет «деструктивті діни ағым» және «діни радикализм» сияқты ұғымдардың заңды анықтамасы енгізілетінін айтты. Бұл ретте, заң жобасы аясында дінге сенушілердің де және дінге сенбеушілердің де құқықтары тең тұрғыда қамтамасыз етіледі. 

Қазақстан азаматтарының шетелде діни білім алуын құқықтық реттеу туралы, сондай-ақ, кәмелетке толмағандарды діни жиналыстар және рәсімдер, құлшылық етуге қатыстыру жағдайын анықтау бойынша түзетулер қарастырылған.

Заң жобасы аясында мемлекеттік қызметшілердің және бюджеттік ұйым қызметкерлерінің дінге қатысты іс-әрекетін базалық тұрғыда реттеу ұсынылған. Сондай-ақ, діни бірлестіктердің қаржылық қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған нормалар да бар.

Бұдан бөлек, министр Н. Ермекбаев заң жобасын әзірлеу барысында оның нормалары діни бірлестіктер өкілдерінің, сарапшылар қауымдастығының, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен әртүрлі деңгейдегі пікірталас алаңдарында кеңінен қоғамдық талқылаулардан өткендігін атап өтті.

Айта кету керек, заң жобасын әзірлеудің мақсаты - мемлекеттік-діни қатынастарды жетілдіру, діни қызмет субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін айқындау. Сондай-ақ, дін саласын реттеу. Заң жобасы аясында 12 нормативтік заңнамалық актілерге 53 өзгертулер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр.

Отырыс соңында Дін істері және азаматтық қоғам министрі және мемлекеттік органдардың өкілдері депутаттардың сауалдары мен ұсыныстарына түсініктеме берді.

Заң жобасы депутат Мұхтар Ерман жетекшілік ететін отырыстарда одан әрі талқыланатын болады. 

Заң жобасының таныстырылымы мемлекеттік органдар өкілдерінің, Қазақстанда тіркелген діни конфессиялар басшыларының, саяси партиялардың және қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен сарапшылардың қатысуымен өтті.

      (74-63-01, Ақпаратты Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі таратты).

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі