Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
30.01.2018

Мәжілісте газ және газбен жабдықтау туралы депутаттық заң жобасының таныстырылымы өтті


Астана, 29 қаңтар, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті «Газ және газбен жабдықтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасының таныстырылымын өткізді. 

Отырыста Мәжіліс дептутаты Б. Ізмұхамбетов заң жобасының басты жаңашылдықтары туралы баяндама жасады. Онда  бизнес үшін әкімшілік кедергілерді азайту бойынша саясаттың шеңберінде  еліміздің ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын электрондық сауда алаңдары арқылы жеткізудің жаңа тетігін Заңда бекіту арқылы сұйытылған мұнай газының көтерме бағасын кезең-кезеңімен реттеуден босатудың қажеттігін атап өтті.

Шара барысында Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Г. Щегельский заң жобасына депутаттар (Б.Ізмұхамбетов, Ж. Нұрғалиев және Г. Щегельский) Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау саласындағы қолданыстағы заңнамасын жетілдіру, сондай-ақ оны құқықтық қолдану барысында айқындалған құқықтық олқылықтарды жою мақсатында бастамашылық жасағанын атап өтті.

Жалпы заң жобасында ұсынылып отырған өзгерістер «көлеңкелі» экспортты азайтуға, сұйытылған мұнай газы нарығында бәсекелестікті дамытуға және Қазақстан Республикасының өңірлерін сұйытылған газбен үздіксіз қамтамасыз етуге, ішкі нарыққа жеткізілетін сұйытылған мұнай газын бөлудің ашықтығын жоғарылатуға мүмкіндік береді.

Заң жобасының таныстырылымына Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, «Кazenergy» және Қазақстанның отын қауымдастықтарының, сондай-ақ газ өндірушілердің, газ-желілік ұйымдардың, газ құю станцияларының, газ және газбен жабдықтау саласында қызметті жүзеге асыратын басқа да мүдделі субъектілердің өкілдері қатысты.

 

(74-63-01, Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі).

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі