Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
04.02.2020

Мәжілісте асыл тұқымды мал шаруашылығы мәселелері талқыланды


 

Нұр-Сұлтан, 4 ақпан, Мәжіліс Үйі. Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне асыл тұқымды мал шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды.

Отырысқа Мәжіліс депутаттары, Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты қызметкерлері, Ұлттық экономика, Қаржы, Әділет министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институтының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Заң жобасының негізгі мақсаты асыл тұқымды мал шаруашылығы жүйесіне халықаралық тәжірибені енгізуді қамтамасыз ететін қолданыстағы заңнаманы жетілдіріп, заманауи нормативтік құқықтық базаны құру болып табылады.

Республикадағы асыл тұқымды істі одан әрі қайта реттеуге бағытталған түзетулер туралы Ауыл шаруашылығының вице-министрі Гүлмира Исаева баяндады. Айтуынша заң жобасында «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекске және ҚР «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы», «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» және «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңдарына 80 астам өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.

Мал шаруашылығында тиімділікті арттыру мақсатында өсіріліп отырған малдардың тұқымдарының генетикалық әлеуетінің деңгейін және республикада малдардың өнімділік деңгейін арттыру мен мал басының өсу қарқынын жеделдету бойынша селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізуді жетілдіру қажет. Ол үшін ірі қара малдың асыл тұқымды құндылығын бағалау индексі қағидаларын, молекулярлық генетикалық сараптама жүргізу қағидаларын, асыл тұқымды жылқыларды ипподромдарда сынау, сондай-ақ асыл тұқымды тұқымдық бұқаларға өз өнімділіктері бойынша және (немесе) ұрпағының сапасы бойынша бағалау жүргізу қағидаларын әзірлеу және бекіту бойынша түзетулер енгізілуде.

Сонымен қатар республикандық палаталардың жауапкершілігін заңды деңгейде бекіту туралы жаңа бап қарастырылуда.

Асыл тұқымды және дистрибьютерлік орталықтардың, бонитерлердің, техник-ұрықтандырғыштардан және эмбриондарды транспланттау жөніндегі мамандардың жұмысын жеңілдету мақсатында олардың қызметтерін басталғаны немесе аяқталғаны туралы хабарламаларды қабылдау тоқтатылады.

Сондай-ақ Заң жобасында Қазақстан Республикасының заңнамасын Еуразиялық экономикалық одақтың нормативтік құқықтық актілеріне сәйкестендіру, асыл тұқымды мал шаруашылығы саласын құқықтық реттеудегі олқылықтарды, қайшылықтар мен коллизияларды, сондай-ақ тиімсіз іске асырылып жатқан нормаларды жою бойынша түзетулер көзделеді.

Талқылау барысында Мәжіліс депутаттары М.Айсина, В.Олейник, Р.Ким, С.Звольский, А.Смағұлов, М.Теміржанов жауапты өкілдерге бірқатар сұрақтар қойып, саладағы өзекті мәселелерге кеңінен тоқталды. Депутаттар қазақтың ақбас тұқымды ірі қара малын өсіру мәселелерін шешу үшін жүйелік көзқарасты жасап шығаруды ұсынды.

Талқылау барысында айтылған ұсыныстар мен ескертулер одан әрі Е.Барлыбаев жетекшілік ететін жұмыс тобының отырыстарында қаралатын болады.

 

(М.Мұса, 74-63-04. Мәжілістің Баспасөз қызметі. Суретті түсірген С.Майлыбаев).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі