Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
14.12.2023

Қазақстан мен Марокко Корольдігі парламентаралық достық топтарының мүшелері кездесті


Астана, 14 желтоқсан, Мәжіліс үйі. Қазақстан мен Марокко Корольдігі парламентаралық достық топтарының мүшелері кездесіп, ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Жиынға Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан, депутаттар Жанарбек Әшімжан, Данияр Қасқарауов, Тілектес Адамбеков, сондай-ақ Қазақстанның Мароккодағы елшісі Сәулекүл Сайлауқызы  қатысты.

Осы кездесуді ұйымдастыру мәселесін депутаттар Марокконың Қазақстандағы елшісі Мохаммед Рашид Маанину мырзамен талқылаған болатын. Марокко – Қазақстанның Африка және Ислам әлеміндегі негізгі серіктестерінің бірі.

– Өңдіріс саласын, банк секторын дамытуды және инвестиция тартуды көздеп отырмыз. Сонымен қатар біздің маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру. Бір сөзбен айтқанда, жаңа экономикалық саясат жүргізу арқылы 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың өсімін екі есе ұлғайтуға мүдделіміз, – деді А.Құспан.

Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жылдан асты. Марокко Корольдігі Өкілдер палатасының Қаржы және экономикалық даму комитетінің мүшесі, ынтымақтастық топ жетекшісі – Абделқадер Тахар осы уақыт ішінде Қазақстан мен Марокко көп бағытты әріптестікті нығайтуда толағай табысқа жеткенін айтты.

Тараптар достық топтары мен бейінді комитеттер аясында заң шығарудағы тәжірибемен алмасуға, екіжақты парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға келісті.

 

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі 74-63-04


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі