Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
30.04.2024

Мәжіліс депутаттары Ұлытау облысының экологиялық жағдайына алаңдаулы


Жезқазған, 29 сәуір. Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті Еділ Жаңбыршиннің төрағалығымен Ұлытау облысында «Ұлытау облысының экологиялық және энергетикалық мәселелері, оларды шешу жолдары» тақырыбында көшпелі отырыс өткізді.

Комитет отырысына Ұлытау облысы әкімі Берік Әбдіғалиұлы, салалық министрліктердің жауапты өкілдері, Ұлытау облысының басшылық құрамы, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, сондай-ақ экологтар, сарапшылар мен ірі кәсіпорындардың басшылары қатысты.

Отырысты ашқан Еділ Жаңбыршин Мәжіліс депутаттары Ұлытау облысындағы экологиялық ахуал мен энергетика саласындағы проблемаларға алаңдаулы екенін атап өтті.

Экологиялық проблемаларды шешу – маңызды міндеттінің бірі. Қоршаған ортаның ластануы адамдардың денсаулығына, аурулардың көбеюіне және халықтың өмір сүру сапасына теріс әсер етеді. Сондықтан экологиялық мәселелерді шешу бойынша тиімді шаралар қабылдау – Парламент пен Үкіметтің алдындағы шұғыл міндет, – деді Комитет төрағасы.

Жиында Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ұлантай Үсенов Жезқазған және Сәтбаев қалаларындағы атмосфера шығарындыларын бақылау мақсатымен 2023 жылы 4 арнайы құрылғы орнатылғанын айтты. Бұл ауадағы ластаушы заттардың шамадан тыс артуы кезінде тиісті шараларды уақытылы қабылдау үшін қажет.

Сондай-ақ «Қазақмыс корпорациясы» өндіріс орындарында экологиялық талаптарды сақтау кезінде ауа құрамындағы зиянды шығарындыларды азайту мақсатымен 2025-2026 жылдары Жезқазған мыс балқыту зауытының күкірт қышқылы цехын қайта жаңарту жоспарлануда, – деді Ұ. Үсенов.

Өз кезегінде Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев екі негізгі экологиялық проблемаға тоқталды.

Біріншісі – облыстағы ірі табиғат пайдаланушылардың тазарту қондырғыларының тиімсіз жұмысының кесірінен атмосфералық ауаның ластануы. Екіншісі – кәріз тазарту құрылыстарының сын көтермейтін жай-күйі.

Жиында сөз сөйлеген мәслихат депутаттары мен қоғам белсенділері бірнеше өзекті мәселені көтерді. Атап айтқанда, елді мекендердің аумағына кешенді экологиялық зерттеу жүргізу, қалалар мен ауылдардың тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, өнеркәсіп қалдықтар қоймасын қалпына келтіру, кәріз ағындарын тазарту мәселесін шешу, Сәтбаев қаласының жылу беру орталығының ескі қазандықтарын жаңғырту жаңа жаңа қазандық салу және басқалар.

Талқылауды қорытындылай келе, Еділ Жаңбыршин Ұлытау облысының экологиялық қауіпсіздігі мен орнықты дамуына жәрдемдесу бойынша шараларды әзірлеу және қабылдау үшін Мәжіліс комитеті өңірдегі жергілікті билік органдарымен, қоғамдық ұйымдармен және кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатып, бірлесіп жұмыс атқаруға дайын екенін алға тартты.

Комитет төрағасы: «Өнеркәсіпті халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға зиян келтірмей дамытуда экология мен антропогендік факторлар арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды» - деді.

Сондай-ақ Мәжіліс депутаттары Ұлытау облысындағы табиғатты қорғау іс-шаралары бойынша жол картасын уақытылы жүзеге асыру керектігін мәлімдеді. Отырыс хаттамасында қабылданған  ұсыныстар одан әрі Мәжіліс комитетінің, тиісті министрліктердің және облыс әкімдігінің жұмысы барысында ескеріледі.

Көшпелі отырыс аясында Мәжіліс депутаттары Жезқазған қаласындағы жылу электр станциясының және Жезқазған мыс балқыту зауыты кәсіпорының қызметтерімен танысты. Бұдан бөлек, олар Сәтбаев қаласының жылу орталығына, Жез-Солар күн электр станциясына, кәріз суларын тазалап отырған ПТВС мекемесіне, Бөргезсай қалдықтар қоймасына, Ботаникалық баққа, Жезді бөгетіне барды.

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі. Суретті түсірген – Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі