Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
02.05.2024

Мәжіліс депутаттары мемлекеттік статистика және деректерді басқару мәселелері туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады


Астана, 2 мамыр, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар мемлекеттік статистика және деректерді басқару және есірткі, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері туралы заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады.

Жалпы отырыста Мәжіліс есірткі, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы Снежанна Имашева есірткі қылмысына қарсы күресті прекурсорлар мен зертханалық жабдықтарды заңсыз жеткізудің жолын кесуден бастау керек екенін, алайда қолданыстағы заңнамада оларға контрабанда үшін ғана жауапкершілік белгіленгенін атап өтті.

– Қылмыстық кодекстің 301 және 303-баптарына прекурсорларды заңсыз дайындағаны, өңдегені, сатып алғаны, сақтағаны, тасымалдағаны және жөнелткені үшін қылмыстық жауапкершілікті, яғни олардың заңсыз айналымы үшін, сондай-ақ олармен жұмыс істеу қағидаларын бұзғаны үшін жауаптылықты көздейтін түзетулер енгізу ұсынылады. Сонымен қатар прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттарды дайындауға немесе өңдеуге арналған құралдар мен жабдықтардың заңсыз айналымы да қылмыстық жазаға тартылуы керек, – деді С.Имашева.

Жұмыс тобының жетекшісі Дмитрий Колода Мемлекет басшысы Ұлттық )ұрылтайдың үшінші отырысында есірткінің заңсыз өндірісін есірткі қылмысының аса қауіпті түрлеріне теңестіруді тапсырғанын айтты. Өз кезегінде депутаттар осы бап үшін жазаны өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін енгізуді ұсынды.

Сондай-ақ «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 174-бабына түзетулер енгізіледі. Оған сәйкес психоактивті заттарды қолдануға байланысты мәжбүрлеп емдеуден өткен адамдар клиникадан шығарылғаннан кейін динамикалық бақылауға жатады және онда емнен өтуге міндетті.

Сонымен қатар отырыста Мемлекеттік статистика және деректерді басқару мәселелері жөніндегі заң жобасы бірінші оқылымнан өтті. Оны Парламент депутаттары Мемлекет басшысының Ұлттық статистика бюросын реформалау және цифрландыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатымен әзірледі. Жиында заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Екатерина Смышляева баяндама жасады.

– Мемлекет басшысы статистикалық ақпаратты қалыптастыру тәсілдерін өзгерту жөнінде бірнеше рет тапсырма берді. Үлкен деректер мен цифрландырудың даму дәуірінде ақпарат жинаудың ескі әдістері өзектілігін жоғалтады. Заң жобасы деректерді басқару және статистикалық ақпаратты қалыптастыру тәсілдерін қайта қарау үшін құқықтық жағдай жасайды, – деді депутат.

Екатерина Смышляева өзгерістер аясында деректерді басқару жөніндегі талаптар Үкіметтің қаулысымен бекітілетінін айтты. «Ұлттық регистрлерге» құқықтық мәртебе беріледі. Бұл – Электрондық үкімет архитектурасы шеңберінде барлық салалар бойынша эталондық деректерді қамтитын базалар. Қайталанатын және дұрыс емес мәліметтер болмайды.

Депутаттың айтуынша, әкімшілік деректердің сапасына бақылау енгізіледі, уәкілетті орган Ұлттық статистика бюросы болады. Дата-бақылаушылар институты енгізілуде. Олар электрондық үкіметтің деректерін ұлттық тізілімдерге сәйкес бағалайды. Сонымен қатар ғылыми зерттеулер мақсатымен және жасанды интеллект модельдерін оқыту үшін деректерді пайдалану тәртібі реттелмек.

 Бұдан басқа, балама деректер ұғымы енгізіледі. Бұл – әкімшілік және статикалық емес деректер. Ұлттық статистика бюросының келісімі бойынша олар статистикалық есептер мен деректерді талдау үшін ұсынылатын болады. Ұлттық анықтамалық ақпарат ұғымы да енгізіледі. Ол жіктеуіштер, каталогтар, анықтамалар мен номенклатуралар жиынтығын білдіреді.

Жалпы отырыста Мәжіліс комитеттері «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы»  және ішкі істер органдарының қызметі саласындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобаларын жұмысқа алды.

Отырыс соңында депутаттар мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік және экономикалық тақырыптар бойынша 18 депутаттық сауал жолдады. Олардың барлығы Мәжілістің ресми сайтында және Telegram-арнасында жарияланған.

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі. Суреттер –  Ж. Жұмабеков, Т. Таныбаев.

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі