Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
22.09.2014

Қ.Жақыпов: Мәжіліс қазақстандық-қытайлық парламентаралық байланысты нығайтуға айрықша көңіл бөледі


Қ.Жақыпов: Мәжіліс қазақстандық-қытайлық парламентаралық байланысты нығайтуға айрықша көңіл бөледі

 

Астана, 22 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыпов Қытай Халық Республикасы Бүкілқытайлық Халық өкілдері Жиналысының Тұрақты комитеті төрағасының орынбасары Чжан Баовэнь бастаған делегациямен кездесті.

Қазақстандық-қытайлық өзара іс-қимыл мәселелерін талқыға сала келіп, тараптар Қазақстан мен Қытай басшылары арасындағы достық қарым-қатынас қос мемлекеттің стратегиялық ықпалдастығына серпін беріп келе жатқанына тоқталды.  

Кабиболла Жақыпов аталған елдің саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізудегі жетістіктерін тілге тиек ете келіп,  ҚХР-ның халықаралық және аймақтық саясатта орны айрықша орталық екендігін атап өтті. 

Өз кезегінде Чжан Баовэнь Қазақстан мемлекетінің өркениетін жоғары бағалай келіп:

- Президенттеріңіз Нұрсұлтан Назарбаевтың дана басшылығының арқасында сіздердің елдеріңіз дамудың қазақстандық жолын қалыптастырып, бүкіл әлемге ұлттық жаңғырудың үлгісін көрсетті,-деді.   

Осы жылы Қытайдағы жоғары билік органы саналатын Бүкілқытайлық Халық өкілдері Жиналысының құрылғанына 60 жыл толады.

Мәжіліс Төрағасы әріптесін айтулы мерекемен құттықтай келе ұйымның алдағы уақытта да өз елінің қарқынды дамуын қамтамасыз ететініне сенім білдірді.

Кездесу барысында парламентаралық ынтымақтастық мәселелері де назардан тыс қалмады. Екі ел парламенттері барлық салада екіжақты байланысты одан әрі нығайтуға барынша үлес қоспақ.

Сондай-ақ, Қабиболла Жақыпов пен Чжан Баовэнь екіжақты тауар айналымын кеңейтуді, атом энергетикасы, ауылшаруашылығы салаларында, көліктік-транзиттік әлеуетті көтеруде өзара тиімді ықпалдастықты нығайтуды сөз етті.

Әсіресе, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік жолының құрлысы, «Жібек жолы экономикалық белдеуі» идеясын жүзеге асыру, туризмді дамыту, Қазақстанда Қытай мәдени күндерін өткізу сынды ортақ тақырыптар қос тарапты да бей-жай қалдырмады.


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі