Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
26.11.2014

МӘЖІЛІС БІРҚАТАР ЗАҢ ЖОБАЛАРЫН МАҚҰЛДАДЫ


МӘЖІЛІС БІРҚАТАР ЗАҢ ЖОБАЛАРЫН МАҚҰЛДАДЫ

 

Астана, 26 қараша. Мәжіліс үйі. Мәжіліс Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен жалпы отырыс өтіп, бірқатар жаңа заң жобалары мақұлданды.   

Депутаттар «2004 жылғы 19 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

Хаттамаға сәйкес, Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасының автокөлік құралдарымен екі тарап мемлекеттері арасында, екі тарап мемлекеттерінің аумақтары арқылы транзитпен жүктерді тасымалдау рұқсатсыз жүзеге асырылатын болады. Ал, үшінші мемлекеттен үшінші мемлекетке жүктерді тасымалдау автокөлік құралдарымен тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары беретін рұқсаттар негізінде орындалады. Сондай-ақ, рұқсат уақытша (транзиттік) тіркеу нөмірлері бар бос автокөлік құралдарын межелі жерге айдап әкелу кезінде талап етілмейді. 

Сондай-ақ, осы күні Мәжіліс депутаттары «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде құпия ақпаратты қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

Құжат бойынша ТМД органдарына құпия ақпаратты беру әрбір нақты жағдайда, өз мүдделері негізге алына отырып, тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Құпия ақпаратты пайдалана отырып қызметін жүзеге асыратын ТМД органдарының тізбесін ТМД Атқарушы комитеті қалыптастырады.

Бүгін мәжілісмендер екінші оқылымда Парламент депутаттары бастамашы болған халықаралық теңіз ұйымының аудитінен өту мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді мақұлдады. 

Заң жобасы теңізшілерді даярлау мен оларға диплом беру және вахтада тұру туралы халықаралық конвенцияның ережелерін іске асыру, сондай-ақ теңізде жүзу және кемелердің теңізде қауіпсіз жүзуі мен оларға навигациялық қызмет көрсетуді  қамтамасыз ету мәселелері бойынша ұлттық заңнаманы жетілдіру мақсатында әзірленген. Заң жобасы бірінші оқылымда 2014 жылғы 15 қазанда мақұлданды.

Заң жобасымен жұмыс істеу барысында депутаттар:

кемелердің порттардағы және оларға кіреберістердегі қауіпсіздігін навигациялық қамтамасыз етуді  навигациялық орталықтың жүзеге асыруы жөніндегі нормаларды құқықтық реттеуге;

кемелердің қозғалысын басқаруды ұйымдастыру тәртібін айқындауға және кеме иелерінің міндеттерін және кеме экипаждары мүшелеріне қойылатын талаптарды нақтылауға;

кеме экипаждары мүшелерін медициналық қарап тексеру қағидаларын және олардың денсаулығы мен физикалық жарамдылығына қойылатын талаптарды, сондай-ақ кеме экипаждары мүшелеріне кәсіби дипломдар беру және оларға қойылатын біліктілік талаптарын бекіту жөніндегі уәкілетті органның құзыретін белгілеуге;

«теңіз оқу-тренажер орталығы» ұғымын және теңіз көлігі мамандарын  даярлауды (қайта даярлауды)  және олардың біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарын  куәландыру жөніндегі нормаларды нақтылауға бағытталған түзетулер енгізді.

Сонымен қатар, осы күні  азаматтардың өзара сапарларының шарттары туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты қазақстандық-өзбекстандық  үкіметаралық хаттамаға өзгерістер енгізуді көздейтін жаңа заң жобасы, сондай-ақ  «Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы»  заң жобасы ілеспелі түзетулермен жұмысқа қабылданды.

                Жалпы отырыста Мәжіліс ілеспелі түзетулермен «Дамуға ресми көмек туралы» заң жобасын қарап, Сенат енгізген өзгерістермен келісті.   

 

 

 

(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі )

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі