Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
15.12.2014

Қ. ЖАҚЫПОВ ПЕН А.АБДОЛЛА ҚАЗАҚСТАНДЫҚ-АУҒАНДЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ КЕЛЕШЕГІН ТАЛҚЫЛАДЫ


Қ. ЖАҚЫПОВ ПЕН А.АБДОЛЛА ҚАЗАҚСТАНДЫҚ-АУҒАНДЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ КЕЛЕШЕГІН ТАЛҚЫЛАДЫ  

 

                Астана, 15 желтоқсан, Мәжіліс үйі. Бүгін Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Қ. Жақыпов пен Ауғанстан Ислам Республикасы атқарушы билігінің басшысы Абдолла Абдолла қазақстандық-ауғанстандық ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады. Мәртебелі мейман біздің елімізге ШЫҰ мүше-мемлекеттер үкімет басшыларының Кеңесі жиынына  қатысуға келген.

Қазақстаннның және Елбасының аймақтық және ғаламдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған айнымас сыртқы саяси ұстанымын алға тартқан Қабиболла Жақыпов еліміздің Ауғанстан Ұлттық бірлік үкіметін және оның Ауғанстан азаматтарының әл-ауқатын жақсартуға, елде тұрақтылық орнатуға деген талпынысын қолдайтындығын жеткізді.

Тараптар Қазақстан Президентінің бастамасы бойынша ауған халқына көрсетіліп жатқан гуманитарлық көмекке айрықша назар аударды. Сондай-ақ, Ауғанстан аумағында индустриялық жобаларды жүзеге асыруға біздің еліміздің қатысуына байланысты мәселеге де көңіл бөлінді.

Өз кезегінде Абдолла Абдолла ауған халқына дер кезінде көрсетіліп жатқан көмектің маңыздылығын айта келіп, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа  және Қазақстан халқына өз алғысын жеткізді.

 Сонымен қатар, қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтай отырып, Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясаты мен Қазақстан халқының бірлігі арқасында біздің мемлекетіміздің ең дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсатына жету мүмкіндігінің зор екенін атап өтті.

Кездесу барысында тараптар екіжақты қарым-қатынасты, соның ішінде парламентаралық байланысты одан әрі кеңейту бағытында әңгіме өрбітті.

 

(ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

 

 

 

 

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі