Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
30.03.2015

Қ. ЖАҚЫПОВ: G-GLOBAL – ҒАЛАМДЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШЕТІН МАҢЫЗДЫ АЛАҢ


Қ. ЖАҚЫПОВ: G-GLOBAL ҒАЛАМДЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШЕТІН МАҢЫЗДЫ АЛАҢ

 

                Астана, 30 наурыз, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов Вьетнамның Ханой қаласында өтіп жатқан Парламентаралық Одақтың 132-Ассамблеясына қатысып, ортақ пікір алмасулар аясында «Тұрақты даму мақсаттары: сөзден іске» тақырыбында сөз сөйледі.

Қ. Жақыпов әлемдік қауымдастықтың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған міндеттерді жүзеге асыру жолында Қазақстанның үлесі туралы баяндады. Мәселен, Қазақстан Президенті бастамашы болған БҰҰ мүше-мемлекеттер «Рио+20» конференциясында қолдаған «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасы, «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы, сондай-ақ Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне баса назар аударды. 

Мәжіліс Төрағасының пікірінше, 2015-жылдан кейін ғаламдық деңгейдегі тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру үдерісіне барлық халықаралық қауымдастық қатысуы қажет. Қабиболла Жақыпов:

- Біз Астана Экономикалық форумы жанындағы G-Global халықаралық коммуникативті алаңын ұсынуға дайынбыз. Ол Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен дүниежүзілік дамудың өзекті мәселелерін талқылау және оларды шешу жолында  сындарлы ұсыныстар әзірлеу үшін әлемдік ақыл-ойды біріктіру мақсатында құрылған. Тұрақты даму мақсаттарына жету үшін бізге ғаламдық үнқатысудың қазіргі G-7 немесе G-20-дан да ауқымды форматы керек. Сондықтан да тікелей, G-global коммуникативті алаңы ғаламдық маңызды мәселелерді шешудің қозғаушы күші болмақ,-деді.  

Мәжіліс Төрағасының сөзінше, өткен жылы Астана Экономикалық форумы аясында БҰҰ мүше-мемлекеттер үшін Әлемдік дағдарысқа қарсы жоспар тұжырымдамасының қабылдануы дамуға жаңа серпін берді.

***          

Тұрақты даму мақсаттары – алдағы 15 жылда тұрақты дамуды қамтамсыз етуге  және кедейлік деңгейін төмендетуге бағытталған әмбебап бағдарлама. 2016 жылдың 1 қаңтарында күшіне енеді.  Онда 17 мақсат пен 169 міндет белгіленген. Тұрақты дамудың негізгі үш бөлігінен құралады. Олар: әлеуметтік, экономикалық, экологиялық.

Парламентаралық Одақтың 132-Ассамблеясының күн тәртібіне су ресурстарын басқарудың жаңа жүйесін қалыптастыру, халықаралық құқық мәселелері де енгізілген.

Ассамблея жұмысына қазақстандық делегация құрамында сенатор Е.Мұқаев, мәжілісмендер М.Әшімбаев, Р.Мәдинов, Ә.Бимендина, В.Киянский, Ү.Медеуов қатысуда. 

 

1889 жылы негізі қаланған Парламентаралық Одақ - әлем парламенттерінің іс-әрекетін үйлестіретін халықаралық ұйым. Ол БҰҰ жанындағы бақылаушы мәртебесіне ие. Бүгінгі күні ұйымға 166 елдің парламенттері мүше.

Ал, Қазақстан Парламенті Одаққа 1993 жылы 4 наурызда қосылды. Қазақстан Парламентінде ПО Ұлттық тобы ретінде Қазақсан Республикасы Парламенті делегациясы құрылған, жетекшісі Мәжіліс Төрағасы.   

 

(ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі