Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
17.06.2015

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІ ПАЛАТАЛАРЫНЫҢ БІРЛЕСКЕН ОТЫРЫСЫ ӨТТІ


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІ ПАЛАТАЛАРЫНЫҢ БІРЛЕСКЕН ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

 

Астана. 17-маусым, Мәжіліс үйі. Бүгін Палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен Парламент Палаталарының бірлескен отырысы өтіп, күн тәртібіне үш мәселе енгізілді. Олар: еліміздегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы Конституциялық Кеңестің  жолдауы, Үкіметтің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2014 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері және бесінші сайланған Парламенттің төртінші сессиясының жұмысын ұзарту туралы.

Бірлескен отырысқа Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, Конституциялық Кеңестің, Жоғарғы Соттың, Орталық сайлау комиссиясының және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағалары, Үкімет мүшелері, Республика Президентіне тікелей бағынатын және  есеп беретін мемлекеттік органдардың  басшылары, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің, Парламент Палаталары аппараттарының жауапты қызметкерлері  және   бұқаралық  ақпарат құралдарының өкілдері   қатысты.

Алғашқы сұрақ бойынша Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы Игорь Рогов баяндама жасады.

Биыл еліміздің Ата Заңына 20 жыл толды.

1995 жылы тамызда республикалық референдумда халық қалауымен қабылданған Конституция  осы уақыт аралығында Қазақстан мемлекетін, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын айқындайтын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік ел ретінде орнықтырудың айшықты белгісіне айналды.

Сонымен қатар, халықтың мүддесі мен еркін іске асыра отырып, қазақстандықтарды топтастырудың қуатты бастауы болды, еліміздің саяси тұрақтылық, ұлтаралық және конфессияаралық бейбіт келісім жағдайында көпвекторлы тарихи ауысу кезеңдерінен өтуін қамтамасыз етті. 

И. Роговтың атап өткеніндей, Конституциялық кеңес Ата Заңмен белгіленген миссияларды және функцияларды орындай отырып, мемлекет қалыптасуындағы барлық оқиғаларды Конституция талаптарына сәйкестендіру үрдісіне белсене араласады, заңнамаларда заманауи бастамаларды орнықтыруға ықпал етеді, ұлттық құндылықтарды іске асырады, адам, қоғам және мемлекет арасында өркениетті өзара қатынастар дамытуды ынталандырады.

Ел Конституциясының жиырма жыл тиімді жұмыс істеуі конституциялық бақылау институтының таңдап алынған үлгісінің дұрыстығын дәлелдеді.

Санды мәліметтерге жүгінсек, 1996 жылғы ақпаннан бастап Конституциялық Кеңеске 190-нан астам өтініш түкен. Олардың 21-і Елбасынан, 77-і Парламент Палаталарының Төрағалары мен депутаттарынан, 27-і Премьер-Министрден, 66-сы соттардан. Осы уақыт ішінде Кеңес 140-тан астам нормативтік қаулы қабылдаған.

Кеңеске түскен барлық өтініштің ішінде 27-сі Парламент қабылдаған және Мемлекет басшысының қол қоюына ұсынылған заңдардың Конституцияға сәйкестігін тексеруге бағытталған.

Бүгінге дейін Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Конституциялық кеңестің 18 жолдауы жария етіліп, адамдардың құқықтарын қорғау, заң шығармашылығы қызметін жетілдіру, әкімшілік реформалар мен конституциялық реттеудің басқа да салалары туралы мәселелер көтерілген.   

Екінші сұрақ бойынша Қаржы министрі Б. Сұлтановтың, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің  төрағасы Қ. Жаңбыршиннің баяндамалары тыңдалды. Қосымша Мәжіліс атынан Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі,  депутат Қ. Идирисовқа, Сенат атынан  Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы, депутат Е. Астаевқа сөз берілді.

Атап өтерлігі, өткен жыл қорытындысы бойынша  бюджет кірістері 5 908, 8 млрд теңгені құрады. Оның ішінде салықтық түсімдер  3 666 млрд, салықтық емес түсімдер 131,7 млрд,  негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер  7,7 млрд, транферттер түсімдері 2 103,4 млрд теңген болды. Ал шығыстар 6 471, 2 миллиард теңге. Тапшылық - 1 081,3 миллиард, бюджет тапшылығын қаржыландыру 1 081,3 млрд теңге шамасында болды.  

Тақырыпты талқылау барысында қос палата депутаттары В. Рогалев, Е. Нығматулин, Ж. Дүйсебаев, О. Перепечина, Г. Исимбаева, М. Тағымов, Е. Никитинская, Е. Мұқаев өзекті сұрақтарды алға тартып,  Т. Ибраев, Е. Сағындықов, В. Косарев, М. Бортник, А. Перуашев өз ойларын ортаға салды.

Бірлескен отырыста Парламент депутаттарының бесінші сайланған    Қазақстан Республикасы Парламенті төртінші сессиясының жұмысын ұзарту туралы мәселе қойылды. Осыған орай Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов:

- Қазіргі кезде Парламент алдында жұмыс көлемі көбейіп отыр. Бұл біздің басқа мемлекеттік органдармен үйлесімді түрде жұмыс істеуімізді талап етеді. Осыған орай,  біз уақытты ұтымды пайдалану үшін Парламент сессиясының уақытын ұзарту мүмкіндігін қарастырдық,-деді.

Қазақстан Республикасы Конституциясы 59-бабының 3-тармағында Парламенттің кезекті сессиясы жылына бір рет қыркүйектің бірінші жұмыс күнінен маусымның соңғы жұмыс күніне дейін өткізіледі деп белгіленген.

Конституцияда көрсетілген мерзімді өзгертуге тыйым салатын норма жоқ. Қ. Жақыпов:

- Конституциялық Кеңестің аталған Конституция нормасына берген ресми түсіндірмесін негізге ала отырып, бесінші сайланған Парламенттің төртінші сессиясын 2015 жылғы 15 шілдеге дейін ұзартуды ұсынамыз,-деп түйіндеді.

Халық қалаулылары ұсынысты бірауыздан қолдап, арнайы Қаулы қабылданды.  

 

(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі