Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
14.12.2015

МӘЖІЛІС СПИКЕРІ ТҮРІКМЕНСТАН БЕЙТАРАПТЫҒЫНЫҢ 20 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ШАРАЛАРҒА ҚАТЫСТЫ


                МӘЖІЛІС СПИКЕРІ ТҮРІКМЕНСТАН БЕЙТАРАПТЫҒЫНЫҢ 20 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ШАРАЛАРҒА ҚАТЫСТЫ

 

             Астана, 14 желтоқсан, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов Ашхабад қаласында Түрікменстан бейтараптығының 20 жылдығына арналған шаралар кезінде «Бейтараптық саясаты: бейбітшілік, қауіпсіздік және даму үшін халықаралық ынтымақтастық» атты халықаралық конференцияға қатысты.

Маңызы ерекше жиынға мемлекет басшылары, үкіметтер мен парламенттер жетекшілері, сондай-ақ, 80-нен астам халықаралық ұйымдар өкілдері жиналып, қауіпсіздік пен дамуды, бейбітшілікті сақтаудың маңыздылығы төңірегіндегі ой-пікірлерін ортаға салды.    

             Конференцияда сөз алған Мәжіліс Төрағасы Түрікмен Президентіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жолдаған құттықтау хатты оқыды. Онда:

             «Аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздіктің маңызды факторына айналған Түрікменстанның тұрақты бейтараптық мәртебесі халықаралық қауымдастықпен  өте жоғары бағаланды. Қазақстанда бауырлас Түрікмен елімен  өзара тиімді қарым-қатынасты дамытуға айрықша көңіл бөлінеді. Біздің елдеріміз арасында көпғасырлық тату көршілікке негізделген жан-жақты байланыс табысты дамып келеді. Өткен жылдар ішінде қол жеткізілген жоғары деңгейдегі түсіністік пен әріптестік жаңа белестерге жол ашады»,-делінген. Одан әрі Елбасы түрікмен халқына әл-ауқат пен гүлдену тілей келіп, Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы сенім және достық қатынас алдағы уақытта қос мемлекеттің игілігі жолында дами беретініне сенім білдірді.

Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердымухамедов Қазақстан Президентінің ізгі тілегі үшін алғысын жеткізе келіп, қазақстандық-түрікмендік тиімді саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық қатынастар,  энергетикалық және көліктік жобаларға бірлесе қатысу, өзара ғана емес, халықаралық деңгейде де қолдау тауып отырғандығын атап өтті. Аталған ел басшысының пікірінше, қос туысқан ел бірлескен зор әлеуетке ие бола отырып, өздерінің ынтымақтастығын кемел келешекке бағыттауда.

             2015 жыл Түрікменстанда 20 жылдық мерейтойға байланысты бейтараптық және бейбітшілік жылы болып жарияланды. БҰҰ Бас Ассамблеясының Қарарына сәйкес, халықаралық қауымдастықтың аталған елдің тұрақты бейтараптық құқықтық мәртебесін мойындауына қатысты құжат 1995 жылы 12 желтоқсанда қабылданған.   

             Түрікменстанның бейтараптық үлгісі бейбітшілікті сүю, басқа мемлекеттердің ісіне араласпау, олардың егемендігі мен аумақтық тұтастығын сыйлау, халықаралық әскери келісім-шарттар мен әскери ұйымдарға қатыспау ұстанымдарына негізделген.

 

 

(Зәмеш Кеңесқызы, 74-68-44, ҚР Парламенті Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі)

 

              

              


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі