Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
30.12.2015

МӘЖІЛІСМЕННІҢ МЕЙІРІ


МӘЖІЛІСМЕННІҢ  МЕЙІРІ

                ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары, генерал-лейтенант Абай Тасболатов Астана қаласындағы «SOS балалар қалашығындағы» өзі қамқорлыққа алған балаларды Жаңажыл мерекесімен құттықтады.                    

                Қазақтың ақиық  ақыны Мұқағали Мақатаевтың «Бақыт деген сенің бала күндерің» деп жырлаған өлең жолдарына арқау болған қамсыз, мұңсыз, қызықпен өткен сол бір кездер бақытты балалық шағында ата-ана қамқорынан тыс қалған балаларға ата-аналық мейірім көрсету мемлекеттік басты саясат болып табылады.

                Алайда, тағдыр тәлкегіне ұшырап, балдай тәтті балалық шағында батпандай ауыр мұң арқалап, жанары жаутаңдаған жәудіркөздер сол бақытты қаншалы сезгені бізге беймәлім. Үкімет қамқорлығы қанша жерден қайырымды болғанымен, ата-анасының аялы алақанын алмастыра алмайтынын айтудың қажеті де жоқ деп айтуға болады.

                «Жетім» деген сөз қазақ халқына жат, дегенмен қазіргі таңда қоғамдағы ең бір етек алып отырған өзекті мәселелердің бірі болып отырғаны ешкімге жасырын емес. Не себепті қоғамда жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған  балалар көбеюде, оларға кімнің жаны ашып, кімдер жәрдемдеседі, кімдер қамқор болып, кімдер назарға алуда. Басты мәселе осында.  Бұл сұрақтарға жауап алу қиын, жауап алсақ та одан қорытынды шығару мүмкін емес.

                Қазақта «Жетім көрсең жебей жүр», «Жетімнің көз жасы удан да ащы» деген сөздеріне қарамастан бұл мәселенің қоғамда кейінгі жылдарда күрделеніп келе жатқаны жасырын емес. Сол себепті жастардың бойында қайырымдылық сезімін ұялатып, өскелең ұрпақты рухани жағынан тәрбиелеп, тағдыр тәлкегіне ұшырап, ата-ананың қарауынсыз қалған балаларға қоғамның назарын аударуымыз қажет.

                Жанары жасты, жүрегі жүдеу бүлдіршіндер саны бүгінгі таңда ресми деректердің айтуынша, 80 мыңның үстінде екен. Жай ғана ой таразысына салып көрсек, сол мыңдаған жетім балалар бүгінде үкімет қамқорлығында болғанымен, болашақта барар жері, басар тауын қайдан іздейді. Сонда тағдырдан теперіш көргендерді тағы да толассыз кедергілерден кім құтқарады? Әрине өз мемлекетіміз- Тәуелсіз Қазақстан.

                 «Жетім қозы – жатбауыр, жетілер де отығар» демекші, әкесі де, шешесі де балалар үйі болған балалардың болашағы оларды өз баласындай көріп кеткен тәрбиешілерді қатты алаңдатады. Алайда олардың қолынан келетін дәрмен жоқ. Әйткенмен, кейде тағдырдың оларға жылышырай танытатын кездері де болады. Ол – қазақтың ұлттық тәрбиені бойына сіңіріп өскен азаматтарының шынайы қамқорлығы. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған қазақ деген халық екенімізді жан-тәнімен түйсінген жанның адамшылық зор қасиеті.

                Өмір сынына түскен осындай балалардың қиын тағдырына тосқауыл болып, ағалық мейірімін шашқан сондай азаматтардың бірі генерал-лейтенант Абай Бөлекбайұлы Тасболатов Республикалық ұлан Қолбасшысы болған кезең 2005 жылдан бері Астана қаласындағы «SOS балалар қалашығындағы» №5 үйде тәрбиеленіп жатқан 10 баланы 10 жылдан бері өз қанатының астына алды. Сол балалардың алды өз алдына отау құрып, пәтер алып өз беттерімен өмір сүруде. Өмірде ананың ақ сүті мен мейіріміне жететін не бар десеңізші? Бүгінде № 5 үйдің сүйікті Анасына айналған Гүлнар Ғазизқызы балалардың анасы ретінде аялы алақанын аямай балалардың бойында мейірімділікті ізгіліктің дәнін себуде.

Ең үлкен Жанмурзин Данияр –  қоғамдық тамақтану колледжінің 2 курс студенті, Даниярдың бауыры Нариман – техникалық колледждің 1 курсында оқуын жалғастыруда. Балалар үйінің тұрғыны – Рамазанов Максим Елбасы Жолдауында тапсырған арнаулы орта білім колледжінде тегін білім алып жатқанын мақтанышпен бөлісті.   Ағайындылардың артынан ерген Аделя Қарабаева Астана қаласындағы № 22 мектептің 8 сыныбында оқып шығармашылық сурет өренірне ден қоюуда. Аделяның қолынан шыққан суреттер Халықаралық сурет көрмесінде Бас жүлде алып, сыйлыққа өзі  көптен күткен велосипедті ұтып алды. Ал № 37 мектептің 7 сыныбында оқитын Халелова Земфира болса өзінің 2 тоқсан қорытындысымен жаратылыстану пәндері 3 сабақтан «3» деген баға алып қалғанын қынжыла айта келе, келесі тоқсандарда бағасын «беске» жөндейтінін айтты. Болашақта әнші болуды армандайтын ойларымен бөлісті. № 5 үйдің сүт кенжесі Халелов Олег № 32 орта мектептің 4 сыныбында оқыса да спорттық жарыстарға бейімдігін көрсетіп қалааралық спартакидалық ойындардан жеңіп алған наградаларымен бөлісті.  Балалар жаңажыл қарсаңында өз қолдарымен жасалған сыйлықтарын Ағаларына сыйға тартты.

                Өз тарапынан  ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары, генерал-лейтенант Абай Тасболатов балаларға  жаңажылдық сыйлықтарын  тапсыра отырып, Қазақстанда жасалған «Ютария» тігін фабрикасында тоқылған тоқыма өнімдерінен шыққан кеудешелер мен жемпірлерді сыйға тартты. Балаларды Тәуелсіз Қазақстанның белсенді патриот мүшесі болып қалыптасуына тілегін білдіріп,  сабақтарын жақсы оқып саналы азаматтар болып қалыптасуға шақырды. 

Соңғы кездерде осындай  ата-аналардың балаларынан оңай бас тартып, жетім балалардың көбеюі күн санап келетіне назар аударды. Осындай жағдайларды қарап отырып, Қазақ қоғамында байып бизнесін дөңгелентіп жатқан кәсіпкерлердің назарын қазақ халқына тән мейірімділік, бауырмалдылық қасиеттерін жоғалтпай, жетімдерге қамқор болуға шақырды. Әрбір адам баласы дүниеге жетім болу үшін келмейді. Сондықтан да қатыгездікке жол бермей тағдырдың тәлкегіне ұшыраған жетімдердерге көмек көрсеткен абзал деп үндеу тастады!

    Қайырымдылық— адамның асыл қасиеттерінің бірі. Жаңажыл қарсаңында әрбір қазақстандықтың  айналасындағы адамдарға деген ықыласы мен көмегін аямай адамгершілік қарым-қатынастарға адал болуға шақырды.

Сәуле Досжанова, журналист


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі