Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
13.01.2016

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ БІРҚАТАР РАТИФИКАЦИЯЛЫҚ ЗАҢ ЖОБАЛАРЫН МАҚҰЛДАДЫ


МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ БІРҚАТАР РАТИФИКАЦИЯЛЫҚ ЗАҢ ЖОБАЛАРЫН МАҚҰЛДАДЫ

 

Астана. 13 қаңтар. Мәжіліс үйі. Бүгін Палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен Мәжілістің жаңа жылдағы алғашқы жалпы отырысы өтті.

Халық қалаулылары ең әуелі Елбасының атына Мәжіліс депутаттарының бесінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісін мерзімінен бұрын тарату және Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізу туралы бастама көтерген үндеуін жолдады.

Үндеуде айтылғандай, бүгінде жаһандық жүйелі дағдарыс әлемнің барлық елдерін, тіпті дамыған жетекші мемлекеттерді де қамтуда. Қазақстан егемен ел ретінде дамып келе жатқан 25 жылдың ішінде әлемдік дағдарыстардың сын-қатерлерімен сан мәрте бетпе-бет келді және олардың барлығына лайықты тойтарыс бере білді. Әрдайым дамудың жаңа сапалық деңгейіне шығудың мүмкіндігі ретінде пайдалана білді.

Сондықтан, қазірден бастап жаңа реформаларды жүзеге асыруға жедел кірісу үшін, сонымен бірге, дағдарысқа қарсы шараларды тиімді жүзеге асыру үшін бесінші шақырылымдағы Мәжілістің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатып,  Парламентке жаңа сайлау тағайындау айрықша маңызды. Сондай-ақ, реформаларды жүзеге асыру жөніндегі іс-әрекеттерді барлық деңгейде үйлестіру үшін Парламент сайлауын жергілікті мәслихаттар сайлауымен қоса өткізу қажет.

Бұл дағдарыс жағдайында сайлау науқанын ұзақ мерзімге созбауға және сайлауды ұйымдастыру мен өткізуге жұмсалатын бюджет шығыстарын біршама қысқартуға мүмкіндік береді(үндеудің  мәтінін www.parlam.kz сілтемесінен толық оқуға болады).

Мәжіліс депутаттарының өз дәйектерін алға тарта отырып, Елбасының атына бесінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісін мерзімінен бұрын тарату және Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлығын қабылдау туралы ұсынысы барлық депутаттық корпус атынан бурауыздан қолдау тапты. 

Палата Төрағасының атап өткеніндей, белгіленген мерзім ішінде Елбасы қандай бір шешім қабылдағанға дейін Мәжіліс жұмысы бұрынғыдай жалғаса беретін болады.

Одан әрі депутаттар күн тәртібіндегі кезекті мәселелерді талқыға салып, бірқатар ратификацяилық заң жобаларын мақұлдады.

Осы күні ратификацияланған  Қазақстанмен энергия тиімділігін арттыру бағдарламаларына және жастар корпусын дамытуға арналған бір донордың Траст қоры әкімшісі ретінде әрекет етуші Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы грант туралы (Жастар корпусын дамыту жобасы) келісім  2015 жылғы 10 қыркүйекте Астанада жасалған.

Келісімге сәйкес Дүниежүзілік банк Жастар корпусын дамыту жобасын қаржыландыруға жәрдем көрсету үшін Қазақстан Республикасына 21 763 000 АҚШ доллары мөлшерінде грант бөлуге келісім береді.

Грант Траст қорының қаражатынан қаржыландырылады, оны толықтыру үшін Дүниежүзілік банк Траст қорының донорынан кезең-кезеңмен жарналар алып отырады.

Жобаның мақсаты жастардың, әсіресе әлеуметтік тұрғыдан осал топтарының қоғамдастық өміріне тартылуын ынталандыру, сондай-ақ қоғамдастықтың игілігі жолындағы қоғамдық пайдалы қызмет дағдыларына оқыту бағдарламалары арқылы олардың өмірлік маңызды дағдыларын дамыту.

Сонымен қатар, Мәжіліс депутаттары Чехиямен Табыс пен капиталға салынатын салыққа қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы, сонымен қатар,  Қазақстан мен Үндістан арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобаларын мақұлдады.   

Жалпы отырыста ілеспе құжаттармен төлемдер және төлем жүйелері, коллекторлық қызмет, халықты жұмыспен қамту туралы заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеу мерзімі тағайындалды.  

Сондай-ақ, халық қалаулылары Қазақстан мен Молдова үкіметтері арасындағы заңсыз болатын адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді және оны іске асыру бойынша атқару хаттамасын, сонымен бірге, Қырғыз Республикасымен өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы үкіметералық келісімді, 2009 жылғы 9 маусымдағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Дағдарысқа қарсы қорын құру туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы және қордың қаражатын басқару туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы, сондай-ақ, бір тараптан ЕАЭО пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы еркін сауда туралы келісімді, Қазақстан мен Словак арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы үкіметаралық келісімді ратификациялауға қатысты заң жобаларын жұмысқа қабылдады.  

 

(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі