Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
06.10.2016

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Ұлыбритания Парламенті өкілдерімен кездесті


Астана. 6-қазан. Мәжіліс үйі. Бүгін Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі Парламентінің Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі жалпыпартиялық парламенттік топ делегациясымен кездесті.

Дәл осы құрамда Қазақстанға алғаш рет іс-сапармен келген меймандарды Қауымдар палатасының депутаты Гизела Стюарт бастап келді.

Н. Нығматулин жылы жүздесудің еліміз тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында өтіп жатқанына назар аудара келіп, Ұлыбритания Қазақстанның маңызды саяси әрі экономикалық әріптесі екенін атап өтті.

Мәжіліс Төрағасының пікірінше, біздің еліміз келешекте де Біріккен Корольдікпен сауда-экономикалық қатынасты одан әрі тереңдетуге ниетті. Өткен жылы қос мемлекет арасындағы сауда айналымы 1,2 млрд АҚШ долларын құрады.

Палата Спикері меймандарға елімізде жүзеге асырылып жатқан Қазақстан Президентінің бес институционалдық реформасы жайында және оны заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында әңгімеледі.

Кездесу барысында мәдени-гуманитарлық, халықаралық қатынастармәселесі де назардан тыс қалмады.

Әсіресе, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес, көші-қон және босқындар жағдайына көңіл бөлінді.

Парламентаралық байланыс мәселесіне келгенде Н. Нығматулин қазақстандық парламентшілердің британдық әріптестерімен ынтымақтастық жөніндегі топтар мен бейінді комитеттер арқылы іс-сапарлар жасап, тәжірибе алмасуға, заң-шығармашылық әріптестікті күшейтуге ынталы екендіктерін жеткізді.

Тараптар аталған кездесудің қос мемлекеттің заңнамалық органдары арасындағы ықпалдастықты нығайтуға серпін беретініне сенімді.

 

 

(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

 

    

 

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі