Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
23.11.2016

Мәжіліс міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша толықтыруларды мақұлдады


Астана, 23 қараша. Мәжіліс Үйі.

Бүгін Мәжілістің Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен жалпы отырыс өтіп, онда Палата  Жер заңнамасына қатысты заң жобасын мақұлдады.

Толықтыруларды жасауға «Қазақстан Республикасы Президентінің «Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы» 2016 жылғы 6 мамырдағы Жарлығына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 8 тамыздағы Жарлығы негіз болған.

«Қазақстан Республикасы Жер кодексінің жекелеген нормаларының қолданысын және «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының қолданысқа енгізілуін тоқтата тұру туралы» 2016 жылғы 30 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы» заң жобасының басты мақсаты: «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы Заңның қолданысқа енгізілуін және Жер кодексінің жекелеген нормаларының, атап айтқанда, шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, сондай-ақ жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі 50 %-дан асатын заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге уақытша жер пайдалану құқығын беруге,

Сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік меншіктегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiне жеке меншік құқығын беруге қатысты нормалардың қолданысын тоқтата тұру мерзімін 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзарту болып табылады.

Жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары «Қарсы барлау қызметі туралы» заңының  жобасын ілеспе түзетулерімен бірінші оқылымда мақұлдады. Жобада қарсы барлау қызметін жүзеге асырудың заңдылығына кепілдікті бекітіп беру мақсатында қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдардың қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің жауапкершілігі, қарсы барлау қызметін жүзеге асыруды ведомстволық бақылау мен прокурорлық қадағалаудың тәртібі айқындалды, қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдарға жәрдем көрсететін құпия көмекшілердің мәртебесі және оларды әлеуметтік қорғау шаралары айқындалды.

Осы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда депутаттардан қолдау тапты.

Мәжілісмендер заң жобасын екінші оқылымға әзірлеуде  Бюджет кодексіне де өзгерістер енгізуді ұсынды.  

Қазақстан Республикасының Үкіметі 2017 жылдан бастап МККБК-ға арналған республикалық бюджет шығыстарының бағыттарын кеңейтуге қатысты депутаттардың түзетулерін қолдайтындығын білдірді.

Бүгін Мәжіліс Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері арасындағы 2017 2019 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы заңының жобасына Сенат енгізген өзгерістерді қарастырды.

Осылармен қатар Мәжіліс Қазақстан мен Иран Ислам арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа алды. 

 

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 

 

 

 

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі