Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
30.11.2016

Мәжіліс Тәуелсіздіктің жиырма бес жылдығына байланысты рақымшылық жасауға қатысты заң жобасын жұмысқа қабылдады.


Астана. 30-қараша, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтіп, онда «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасы жұмысқа қабылданды.

Осы күні Палата «Пробация туралы» және оған ілеспе заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасы пробация қызметінің мемлекеттік органдармен, ұйымдармен және азаматтармен, сондай-ақ пробацияға жататын адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету мәселелері бойынша үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі нормаларды көздейді. Пробацияның әрбір сатысы үшін жүзеге асыру тетіктері белгіленеді. Сотқа дейінгі пробация  күдікті адамдардың мінез-құлқын түзеуге, олардың қайтадан жаңа қылмыстық құқық бұзушылық жасамауының алдын алуға бағытталған  әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету болып табылады. 

Мәжіліс депутаттары жалпы отырыста ілесспе құжатпен «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

                Заң жобасында  дактилоскопиялық және геномдық тіркеуге жататын адамдар тобы, сондай-ақ  оны жинауға, есепке алуға және сақтауға жауапты мемлекеттік органдардың толық тізбесі айқындалды.

Қазақстан азаматтарын дактилоскопиялық тіркеу паспортты, жеке куәлікті немесе теңізшінің жеке куәлігін ресімдеу кезінде жүргізіледі. Бұл ретте, он екі жастан он алты жасқа дейінгі балаларды паспорт алатын кезде дактилоскопиялық тіркеу олардың келісімімен ғана орындалады, ал он екі жасқа толмаған балалар – тіркеуге жатпайды.

Сонымен қатар, заң жобасында босқындарды, еңбекші көшіп келушілерді және Қазақстан Республикасында ықтиярхатпен тұрып жатқан шетелдіктерді дактилоскопиялық тіркеу ұсынылады. Жекелеген қылмыс түрлері үшін сотталғандар, биологиялық материалы  тергеу әрекеттері барысында алынған анықталмаған адамдар, танылмаған мәйіттер міндетті геномдық тіркелуге жатады.

Хабар-ошарсыз жоғалған азаматтардың туыстары  геномдық ақпаратты өздерінің жазбаша келісімімен ерікті негізде тапсырады.

Геномдық ақпарат қылмыстардың алдын алу, оларды ашу және тергеп-тексеру, сондай-ақ жасаған адамдарды анықтау мақсатында пайдаланылатын болады деп көзделіп отыр.

Мәжілісте «Волонтерлік қызмет туралы» заң жобасы да депутаттар тарапынан оң қорытындыға ие болды.

Бұл заң жобасына V сайланған Парламент депутаттары бастамашылық еткен болатын. Аталған заң жобасы волонтерлік қызмет институтының құқықтық негізін құру мақсатында әзірленген.  Осыған оарй волонтерлік қызметтің негізгі мақсаттары мен міндеттері, қағидаттары, тетіктері, нысандары мен түрлері, құқықтары мен міндеттері және олардың өзара іс-қимылы айқындалып,  мемлекеттік билік органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілеттіктері көзделген.

Осы күні Мәжіліс депутаттары өздері бастамыш болған тағы бір заң жобасы мақұлданды. Ол мәдениет мәселелеріне қатысты түзетулер. Онда жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарына мәдениет саласындағы гранттарды тағайындау құқығын беру, тарих және мәдениет ескерткіштерінде ғылыми-реставрациялау жұмыстарын орындау бағаларының нормативтерін бекіту, жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік мәдениет ұйымдарын құру, қайта ұйымдастыру және тарату мәселелерін уәкілетті органмен келісуі, Қазақстан халқының мәдени мұрасына жатқызылған баспасөз басылымдарын сақтауды және көпшілікке танымал етуді жүзеге асыратын Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының мәртебесін айқындау сияқты басқа да маңызды өзгерістер қамтылып отыр.

Жалпы отырыста халық қалаулылары «Қарсы барлау қызмет туралы» және оған ілеспе заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Екінші оқылымға дайындау барысында 60-тан астам ескерту мен ұсыныс жұмыс тобының отырыстарында қаралған. Атап айтқанда, құпия көмекшілер мен жасырын қызметкерлердің жеке басы туралы таралуға жатпайтын мәліметтер нақтыланып, жекелеген анықтамалар редакциялық тұрғыдан пысықталған. 

Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдардың міндеттері және қарсы барлау қызметінің материалдарын пайдалану, оларды сақтау және жою тәртібі, халықаралық ынтымақтастық, сондай-ақ қарсы барлау қызметін ақпараттық қамтамасыз ету және құжаттау мәселелеріне баса назар аударылған.

Палата көлік мәселелері бойынша түзетулерге қатысты және Словениямен Табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияны және оған Хаттаманы ратификациялау бойынша бейінді комитеттерге қорытынды әзірлеу мерзімін тағайындады.

                Жалпы отырыс соңында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин барша әріптестерін мемлекетіміз үшін де, халқымыз үшін де маңызы өте  зор Тұңғыш Президент күні мерекесімен құттықтады.

 (Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі