Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
16.03.2017

Н. Нығматулин Беларусь Ұлттық Жиналысы Өкілдер Палатасының Төрағасымен кездесті


                Астана, 16 наурыз, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Беларусь Республикасына ресми сапары барысында Минскіде Беларусь Ұлттық Жиналысы Өкілдер Палатасының Төрағасы Владимир Андрейченкомен кездесті.

                Н. Нығматулин әріптесін Конституция күнімен құттықтап, барша Беларусь халқына гүлдену мен игілік тіледі.

25 жыл ішіндегі қазақстандық-беларустық қарым-қатынас туралы сөз еткенде Мәжіліс Спикері қос мемлекет басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Александр Лукашенконың екіжақты байланысты нығайтудағы теңдессіз рөліне тоқталды.

Әңгіме барысында сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастыққа баса көңіл бөлінді. Осы ретте Н. Нығматулин экономиканың басым салаларындағы жобаларды жүзеге асырушы инвесторларға  қазақстандық тараптың жан-жақты инвестициялық қолдау көрсететіндігін жеткізді.

Тараптардың айтуынша қос мемлекеттің халықаралық және өңірлік саясаттағы көптеген мәселелер бойынша ұстанымдары өте ұқсас.

Соңғы уақыттарда Минск қаласының халықаралық деңгейдегі көптеген мәселелер бойынша маңызды үнқатысу алаңына айналғанын атап өткен Н. Нығматулин біздің еліміздің БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшелігі аясында Қазақстан мен Беларусияның өзара іс-қимыл белсенділігінің арта түсетіндігіне сенім білдірді. 

Палата Төрағасы әріптесін Қазақстанда болып жатқан саяси реформалардан хабардар ете келіп, осы сессия барысында Мәжілістің  елдегі саяси және экономикалық реформаларды заңнамалық қамтамасыз ету жолында ауқымды шараларды қолға алатындығын айтты.

Осы орайда Мәжіліс Спикері екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы жұмысты бұрынғыдан да тереңдете түсу керектігін сөз ете келіп:

-парламентаралық үнқатысу біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететіндігіне сенімдімін,-деді.

 

  

                 (ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі