Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
27.03.2017

Мәжіліс: Жаппай кәсіпкерлікті дамыту және іскерлік белсенділікті жақсарту


Астана, 27 наурыз, Мәжіліс Үйі.

Мәжілісте Палата Төрағасының орынбасары Владимир Божконың жетекшілігінде «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту және іскерлік белсенділікті жақсарту жөніндегі шаралар туралы»,-деген тақырыппен Үкімет сағаты болды.

Отырысты вице-спикер: «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына жолдауында бүгінгі талқыланатын мәселе екінші басымдықпен көрсетілген. Жолдада шағын және орта кәсіпкерліктің алдына 2050 жылғаеліміздегі  ішкі өнімді 50 пайызға жеткізу туралы биік талап қойылды»,- деп бастады.

«Кәсіпкерлікке қатысты 4 жылда 14 Заң қабылданған. «Жол картасы -2020», «Агрокәсіпкерлік 2017-2020», «Нұрлы жер», «Жұрлы жол» үкіметтік бағдарламалары қабылданып, жұмыс жасап жатыр. Сонымен қатар, 100 нақты қадам Ұлт жоспарында 5 институтционалдық реформа жүзеге асырылуда.

Аталған құжаттардың бәрі де шағын және орта кәсіпкерлікке ерекше назар аударып отыр»,- деген Төраға орынбасары бүгінгі отырысқа  ұлттық экономика,  ауыл шаруашылығы, қаржы, инвестиция және даму, ақпарат және коммуникация, еңбек және әлеуметтік қорғау министрліктерінің басшылары, квазимемлекеттік секторлар акционерлік қоғамының жетекші өкілдері, Алматы, Қарағанды, СҚО, ШҚО мен Алматы қаласы әкімдерінің орынбасарлары және де басқа да мүдделі министрліктер мен ведомстволардың  өкілдері қатысып отырғанын хабарлады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов тақырып бойынша баяндап берді.

«Ел халқының жалпы санының 3 миллионнан астамы шағын және орта бизнес секторында жұмыспен қамтылған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 1,1 млн. бірлікті құрады, олар 9 айда 11,2 трлн. теңге сомаға өнім шығарды.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы ауылда сол сияқты қалаларда кәсіпкерлік әлеуетті дамыту, жеке ісін ашу және жүргізу үшін жағдай жасайды.

Кәсіпкерлік қызметті микрокредиттеуге жыл сайын қалаларда 10 млрд. теңге, ауылдық жерлерде - 27 млрд. теңге, қалаларда микрокредиттерге кепілдік беруге - 1,2 млрд. теңге, ауылдық жерлерде - 2,8 млрд. теңге көзделеді.

Жұмысын жаңа бастаған ауылдық кәсіпкерлер үшін «Бастау Бизнес» жобасы бойынша бизнесті жүргізу негіздеріне дайындаудың бейімделген курстарынан өту мүмкіндігі бар.

Оқытуды ұйымдастыру Ұлттық кәсіпкерлер палатасына бекітілген. Оқыту бағдарламасы 16 мың теңге көлеміндегі бір жолғы стипендия төлеу және одан әрі қаржы мекемелерінен қаржыландыруды алу үшін дайын бизнес жоспар дайындаумен бірге бизнесті жүргізу негіздеріне бір айлық оқып үйренуді көздейді. 

2017 жылғы 10 наурыздағы жағдай бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау есебінен 9 060 кәсіпкер жобаларын қаржыландыру жағдайларын жақсарта алды. Арзандатылған кредиттер сомасы 1,7 трлн. теңгені құрады. Берілген субсидиялардың жалпы көлемі 146 млрд. теңгені құрады.

2 642 кәсіпкер 93 млрд. теңге сомаға кредиттер бойынша кепілдіктерге қол жеткізе алды. Кепілдіктердің жалпы көлемі 40 млрд. теңгені құрады.

103 млрд. теңге сомаға шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 774 жобасына жетіспейтін инфрақұрылым тартылды.

Жаңа бизнес бастамаларды іске асыру үшін 2,8 млрд. теңге сомаға 1 132 мемлекеттік грант берілді, моноқалаларда жеке іс ашу және оны кеңейту үшін   4,7 млрд. теңге сомаға 1 284 микрокредит берілді»,- деп мәлемдеді министр.

Тақырыпқа қосымша баяндаманы Палатаның Экономикалық реформа және өңірлік даму  комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов жасады. 

«Елімізде кәсіпкерлерді  мемлекеттік қолдау мен олардың құқықтарын қорғау шаралары бекітілген Кәсіпкерлік кодексі қолданылып келеді. Бизнесті жүргізу шарттарын түбегейлі жақсартуға және рұқсат беру рәсімдерін оңайлатуға қатысты заңдар қабылданды.

Соңғы бес жыл ішінде рұқсат беру құжаттарының саны 3 есеге қысқартылды.  Бұдан басқа, бүгінгі таңда кәсіпкерлерге 28 мыңнан астам талап қойылады.

Тексерушілер арасында салық органдары көш бастап келеді. Сондай-ақ мемлекеттік органдар қатаң реттеуді қалап, рұқсат беру рәсімдерін оңайлатуға және кәсіпкерлердің қызметіне қойылатын талаптарды азайтуға еріксіз баруда.

Мәселен, Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша 2016 жылы әрбір төртінші құжат, ал бұл рұқсат беруге арналған 85 мың өтініш белгіленген мерзімдер бұзыла отырып қаралған.

Тұтастай алғанда, тексеру нәтижелері бойынша он мемлекеттік орган  кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын бұзудың бір жарым мыңнан астам фактісіне жол берген.

Мұндай тәсіл болған кезінде,оларды дамыту бойынша  шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау мақсатына қол жеткізілмейді. Сондықтан біз елімізде кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіретін барлық проблемаларды заңнамалық деңгейде шешуіміз қажет»,- деді.

Ұлттық экономика министрлігінің лауазымды адамдарының және өңірлердегі үйлестірушілердің жауапкершілігінің болмауы салдарынан, бюджет қаражаты мен Ұлттық қордың қаражатын нақты қажеттіліктерді ескермей «Даму» қорына аударуға жол берілген. Бұл  2010 жылдан бастап «Даму» қорында тұрақты қалдықтардың қалыптасуына әкелді, ол 2016 жылғы 1 қаңтарда 16 млрд. теңгеден астам болып, оған 1 млрд. теңгеден астам банктік сыйақы алынды.

Сондықтан субсидияланған әрбір кәсіпкерлік субъектісі бойынша және құрылған әрбір инфрақұрылым объектісі бойынша бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін айқындау қажеттігінің уақыты келгені айдан анық.

Осыған байланысты, Комитет  жосықсыз кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсетпеуді, алынған қарыздар бойынша олардың банктік сыйақы мөлшерлемелерін субсидияламауды ұсынады. Оның орнына  отандық тауар өндірушілер үшін жеңілдікпен кредит беру жүйесін құру қажет.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында қолданыстағы салықтық жеңілдіктерді оңтайландыру маңызды. Салықтық жеңілдіктер жаңа жұмыс орындары ашылып жатқан,  ішкі нарықты толтыру әрі  елдің экспорттық әлеуетін ұлғайту үшін бәсекеге қабілетті өнім шығарылатын салаларға берілуге тиіс.

Қорыта келе, мемлекеттік жүйелі шаралардың белгілі бір нәтиже беретінін атап өткім келеді.  Дегенмен де,  кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға қажетті жағдай жасау  үшін әлі де көп жұмыс істеуіміз қажет.  Кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға бөлінетін бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуына ерекше назар аударылуға тиіс. Осы жұмысқа «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы белсенді түрде қатысуы қажет.

Үкімет сағатын дайындау барысында  Комитет барлық 16 өңірге хат жіберді, олардан кепілді қамтамасыз ету мәселелерін шешу, кәсіпкерлерді оқытуды жетілдіру, Бағдарламаға қатысушылар санатын кеңейту, түсіндіру жұмысын күшейту, инфрақұырылым құрылысын қаржыландыру, Бағдарламаны қаржыландыру көлемдерін ұлғайту  бойынша ұсыныстар алынды»,- деген комитет төрағасы Үкімет сағатын дайындауға қатысқаны үшін  әріптестеріне оларға алғыс айтуды да ұмытпады.

Парламент сағатының қорытындысында мәжілісмендер тақырыпқа  қатысты Үкіметке нақты ұсыныстар берді.

Талқылау қорытындысы бойынша тиісті Ұсынымдар қабылданды.

***

«Үкімет сағаты» шеңберінде Мәжілістің жалпы отырыс залының фойесінде көрме ұйымдастырылды.

 

(Сәуле Досжанова, т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі