Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
29.03.2017

Мәжіліс конституциялық реформаға қатысты заң жобаларын жұмысқа қабылдады


Астана, 29 наурыз, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Палатаның жалпы отырысында Мәжіліс конституциялық реформаға қатысты заң жобаларын жұмысқа қабылдады

Олар: "Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Конституциялық заңының жобасы мен "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң жобасы.

Баяндама жасаған Мәжіліс депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров заң жобалары Елбасының 2017 жылғы 25 қаңтардағы арнайы жолдауында жариялаған тапсырмасын орындау мақсатында әзірленгенін, олардың саяси жүйені демократияландыру, атқарушы билік органдарының жауапкершілігі мен тиімділігін арттыру мақсатын көздейтіндігін атап өтті.

Осы күні Палата халықаралық жеке құқық жөніндегі Гаага конференциясының Жарғысын ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.

Қазақстанның Гаага конференциясындағы халықаралық заң шығарушылық жұмысына тікелей қатысуы шетелде біздің азаматтардың құқықтарының неғұрлым тиімді қорғалуын қамтамасыз етеді. Ұйымға мүшелік Гаага конференциясының саясатын белгілейтін екі кеңестің жұмысына қатысуға мүмкіндік береді. Олар - Жалпы істер және саясат бойынша кеңес және Дипломатиялық өкілдер кеңесі.

Кеңес мүшелерінің шешімдері консенсус негізінде қабылданады, яғни, барлық қатысушы мемлекеттердің ұстанымын есепке алуға мүмкіндік беріледі. Бұл біздің мемлекет үшін жаңа халықаралық шарттарды жасасуға, ұйымның басқа мүшелерімен жеке азаматтық құқық саласында ынтымақтастықты дамытуға, халықаралық деңгейде өз мүдделерін қорғауға мүмкіндік береді.

Гаага конференциясының жарғысында Қазақстан Республикасы Конституциясына қайшы келетін нормалар жоқ.

Ұйымға қосылу жыл сайынғы мүшелік жарнаны төлеуді көздейді (6850 евро). Бұл шығыстар Сыртқы істер министрлігінің тиісті бюджеттік бағдарламасында көзделген.

Жалпы отырыста дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша түзетулерге арналған заң жобасы да екінші оқылымда қолдау тапты.

Жалпы отырыста депутаттар  жер қатынастарын реттеуге байланысты заң жобасын жұмысқа қабылдап,  қылмыстық-атқару заңнамасын жетілдіру мәселелеріне арналған заң жобасы бойынша  Сенат енгізген өзгерістерге келісім білдірді.

 

 (Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі