Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
06.04.2017

Мәжілістің комитет отырысында жол жүрісі мәселелері бойынша түзетулер талқыланды


Астана, 6 сәуір.Мәжіліс Үйі.

Бүгін Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіровтың жетекшілігенде кеңейтілген отырыста «Жол жүрісі туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер енгізу туралы» депутаттық заң жобасы талқыланды.

Аталған заң жобасы бесінші шақырылған Мәжілістің  «Халық коммунистері» фракциясының депутаттарымен әзірленіп, 2015 жылғы 9 желтоқсанда Палата депутаттары бірінші оқылымда мақұлдаған.   

Құжат бойынша жұмыс тобының жетекшісі Мәжіліс депутаты Қанат Мусин комитет мүшелері мен заң жобасын жасаушылар алдында баяндама жасады.

«Жалпы заң жобасы бойынша жұмыс екі жыл жүргізілді. Жол жүрісі туралы Заң барлық қазақстандықтарға қатысты екенін және бұл заң қарапайым халықпен өте жиі қолданылатының ескере отырып заң жобасы бойынша жұмыс мұқият және жан-жақты жүргізілді. Себебі, бұл Заңның нормаларынан жол үстіндегі барлық азаматтардың өмірі мен денсаулығы тәуелді болып тұр.

Заң жобасы бойынша жасалған барлық жұмысымыз бұқаралық ақпарат құралдарында жария етілді, заң жобасы саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер мен сарапшыларды тарта отырып талқыланды.

Жұмыс тобында 100 (жүзден) астам түзетулер қаралды. Жұмыс тобының 33 отырысы өткізілді. Нәтижесінде 55 түзетуден тұратын салыстырмалы кесте дайындалды.

  Депутатардың ұсыныстары бірнеше рет Қазақстан Республикасы Үкіметінің қорытындысына жолданған болатын. Барлық түзетулер бойынша Үкіметтің пікірі бар»,- деді жұмыс тобының жетекшісі.

Жұмыс тобы шеңберінде мынадай түзетулер талқыланды.

Халық үшін оң әсері бар түзетулер:

1) Парламентпен жақында Ата Заңға қабылданған өзгерістерді орындау мақсатында жол жүрісі туралы заңнамаға жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы жекелеген өкілеттіктерді Үкіметтен уәкілетті органға беруді көздейтін түзетулер енгізілді;

 

2) жол жүрісі қауіпсіздігі саласындағы уәкілетті органның облыстық бөлімшелерінің құқықтық мәртебесі бекітілді;

 

3) автомобиль жолдарын жобалау, құрылыс салу және қолдану барысында қауіпсіздік талаптары күшейтілді, оларды жүзеге асыру үшін жауапты тұлғалар белгіленді; 

 

4) бағдаршам алдындағы «тоқтау-сызығын» бұзған үшін айыппұл мөлшері 5 АЕК-тен 3 АЕК-ке дейін төмендетілді;

 

5) мерзімі өтіп кеткен жүргізуші куәлігін ауыстырған кезде жол жүру ережесін білуге емтихан тапсыру қажет емес болды;

 

6) дереу келу, өзін таныстыру, кәулігін ұсыну, радардың (қолданған жағдайда) деректерін айту, тоқтатудың себебін түсіндіру сияқты көлікті тоқтатқаннан кейін полицейдің міндеттері заң жүзінде бекітіледі;

 

7) көліктің шанағына аэрографиялық суреттер салуға рұқсат беріледі;

 

8) полицияның әрекеттерін фото-бейнетүсірілімін жасауға көлік жүргізушінің заңнамалық құқығы бекітіледі;

 

9) түнгі уақытта жолаушылардың тұрақты емес тасымалына рұқсат беріледі;

 

10) мемлекеттік баждың жоғары мөлшері бойынша емін-еркін сатылатын, танымал болып кеткен «әдемі» номерлердің тізімі кеңейтіледі;

 

11) полиция көлікті тоқтатқан жағдайда, полиция қызметкерінің рұқсатын күтпестен жолаушылар көліктен шығып кете алады.

 

Сонымен қатар заң жобасы жолдарда тәртіпті күшейтетін нормаларды қамтыйды.

 

1) масаң күйді куәландырудан бас тартқаны үшін көлік жүргізу құқығынан 3 жылға айыру (қазіргі таңда – 2 жыл);

 

2) масаң күйде қөлік жүргізгені үшін мүгедектерді де көлік жүргізу құқығынан айыру (оларға қазіргі таңда ондай жаза қолданбайды);

 

3) көлік тоқтатқан полиция қызметкерінің заң талаптарын жүргізуші орындауға міндетті;

 

4) жолда жүрген кезде мотоциклдың жүргізушісі мен жолаушылары үшін міндетті түрде мотошлем болу керек;

 

5) қарсы қозғалыс жолағына шыға отырып кері бұрылыс немесе бұрылыс жасау көлік жүргізу құқығынан айырумен жазаланады.

 

Жұмыс тобы заң жобасына ұсынылған барлық түзетулерді қарады және оларды бас комитеттің отырысында талқылауды ұсынады.

 

Комитет отырысына мемлекеттік органдардың, парламенттік емес саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері және сарапшылар қатысты.

Комитет бүгінгі қаралған мәселе бойынша тиісті шешім қабылдады.

 

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі