Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
06.04.2017

Мәжілісте мектепке дейінгі білім беру қызметінің сапасы талқыланды.


Астана, 6 сәуір, Мәжіліс Үйі.

Бүгін Мәжілісте Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлнар Иксанованың қатысуымен «Мектепке дейінгі білім беру қызметінің сапасы мен қолжетімділігін арттыру туралы» атты тақырыпта дөңгелек үстел болды. Оның жұмысын депутат Наталья Жұмаділдаева жүргізді.

Білім және ғылым министрінің орынбасары  Эльмира Суханбердиева мектепке дейінгі білім беру саласында министрліктің жасап жатқан жұмыстары туралы депутаттарға  баяндап берді.

«Биылғы жылы ұлттық мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласына 100 жыл болды. Ғасырлық тарихта осы сала күрделі жолдан өтті. Тәуелсіз мемлекеттің алғашқы жылдарындағы қиын жағдайда еріксіз «оңтайландыруға» ұшырады: 1991-2002 жылдар аралығында балабақшалар желісі 8 есеге қысқарды   (8881-ден 1095 бірлікке дейін).

                   Сол уақыттан бері саладағы саясат инфрақұрылымды дамытуға бағытталды. Мектепке дейінгі білім берумен қамтуды түбегейлі кеңейтуге 2010 жылғы «Балапан» бағдарламасы ықпал етті. 6 жылдан кейін біз 1991 жылғы (8881 бірл., 2015 жылы - 8834 бірл.) желі көрсеткішіне қол жеткізгенімізді қуанышпен айта аламызә,- деді вице–министр.

                «Өздеріңіз білетіндей, мектепке дейінгі кезеңде баланың негізгі қабілеттері қалыптасады.

                Сондықтан Министрлік мектепке дейінгі білім беруге балалардың тең қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Осы мақсатта 2019 жылға дейін   1631, оның ішінде 970 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым ашылатын болады. Нәтижесінде біз 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі ұйыммен толық қамтуға қол жеткізетін боламыз.

Бүгінгі күні республикада 807,2 мың бала құрамымен 9410 мектепке дейінгі ұйым, оның ішінде 2336 – жекеменшік мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. 

Осылайша, мектепке дейінгі білім берудің қолжетімділігі мәселесі шешіледі және Елбасының тапсырмасы 2019 жылға дейін ойдағыдай орындалады. 

                      Министрлікте мектепке дейінгі білім берудің мазмұнын жаңарту бойынша ауқымды жұмыс жүргізуде.     

           Осы мақсатта Стандарт жаңартылды және «Мәңгілік ел» жалпы ұлттық идеясы негізінде бірыңғай Үлгілік оқу бағдарламасы енгізілді. 

                      «Білім беру туралы» ҚР Заңына сәйкес мектепалды даярлық міндетті және 5 жастан бастап отбасында, мектепке дейінгі ұйымдарда және мектептерде мектепалды сыныптарда жүзеге асырылады.

Балалардың мектепалды даярлығын теңестіру үшін пилоттық шеңберде 2017 жылдан «Әліппені» («Букварь») және оны сүйемелдеу бойынша оқу бағдарламасын енгізу жоспарланып отыр.

«Әліппе» («Букварь») оқу жылында алфавитті және буындап оқуды үйретуге есептелген. Қазіргі уақытта «Әліппе» («Букварь») әзірленіп, сараптамаға жіберілді.

Министрлік ата-аналарды оқытуға ерекше назар аударуда.

2016 жылғы зерттеу ата-аналардың 40%-ы мектепке дейінгі білім беру мәселелері бойынша толық ақпараттандырылмағанын көрсетті. Тұтастай алғанда, ата-аналардың жартысына жуығында (48,7%) баланың физиологиялық дамуы туралы білімдер жеткіліксіз. Мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту және оқыту мәселелері бойынша ата-аналарды ақпараттандырудың қажеттілігін ескере отырып, балабақшалардың жанында консультациялық пункттер құрылды және Министрлік Отбасы.kz сайтын әзірледі.

Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасында 2020 жылға қарай педагогтің кәсіби өсу мотивациясын қалыптастыруға бағытталған бірқатар шаралар айқындалған.

Республиканың мектепке дейінгі ұйымдарында 84 мыңнан аса педагог жұмыс атқаруда. Олардың 97%-ның жоғары және техникалық кәсіби білімі болса, оның ішінде тек 37%-ның ғана кәсіби білімі бар.

Осыған қарамастан қазіргі уақытта 36 колледжде және 32 жоғары оқу орнында  «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» мамандығы бойынша кадр дайындау жүзеге асырылады. Жыл сайын осы мамандыққа мемлекеттік тапсырыстың көлемі  ұлғаюда.

Мектепке дейінгі ұйымдардағы кадрлардың тапшылығы  мектепке дейінгі педагог мамандығының тартымсыз болуымен емес, баланың өмірі мен денсаулығын сақтау жауапкершілігіне сәйкес келмейтін төмен жалақыға (тәрбиеші - 35,7-55,6 мың теңге, тәрбиешінің көмекшісі - 25-30 мың теңге) байланысты. Биылғы жылы Министрлік мектепалды даярлықтың  тәрбиешілері мен педагогтері үшін біліктілікті арттырудың білім беру бағдарламаларын әзірлеуді бастады. Сондай-ақ   мектепалды даярлықтың 9540 педагогі үшін біліктілікті арттыру курстарын қосымша қаржыландыру мәселесі қарастырылуда»,- деп қорытты.

Мәжіліс депутаттары,  мектепке дейінгі тәрбие және оқыту саласындағы үкіметтік емес ұйымдардың және білім беру ұйымдарының басшылары және басқалар сөз сөйледі. Жұмыс барысына Парламент Мәжілісінің депутаттары, Білім және ғылым министрі, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылық вице-министрлері, Астана қаласы әкімінің орынбасары, мектепке дейінгі білім беру кадрларын даярлайтын білім беру ұйымдарының басшылары, мектепке дейінгі тәрбие және оқыту саласындағы үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі