Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
10.04.2017

Мәжіліс: «Нұрлы Жол» 2015 – 2019- бағдарламасының жүзеге асырылу барысы


Астана, 10 сәуір, Мәжіліс Үйі.

Мәжілісте Палата Төрағасының орынбасары Владимир Божконың жетекшілігінде «Нұрлы Жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы (көлік-логистикалық инфрақұрылымы)»,-деген тақырыппен Үкімет сағаты болды.

Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек аталған тақырыпты депутаттарға баяндап берді.

«Нұрлы жол» бағдарламасының дағдарысқа қарсы ықпалы бар. Ол халықты жұмыспен қамтамасыз етуге және отандық құрылыс материалдарын өндірушілерді ынталандыруға бағытталған.

2015-2016 жылдары автожол жобаларын орындауға 616 млрд теңге, оның – 329 млрд теңгесі Ұлттық қордан бөлінді. Бөлінген қаражат толық игерілді. Бөлінген қаржыға 9 жоба іске асырылды: Батыс Еуропа – Батыс Қытай, Орталық – Оңтүстік, Орталық – Шығыс, Бейнеу – Ақтау, Алматы - Өскемен, Астана – Петропавл, Жезқазған – Петропавл, Ақтөбе – Атырау және Орал – Каменка. Жалпы жол-құрылыс жұмыстарымен Қазақстанның 12 аймағындағы 2 мың км қамтылды. Барлық жобаларда 75 мың адам жұмыс жасады. Материалдардың 90 %-ын отандық өндірушілер дайындады.

Ұлт жоспарының 92-ші қадамын орындау мақсатында 2016 жылы Қазақстан Республикасы көлік жүйесінің инфрақұрылымын дамытудың және ықпалдастырудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасымен біріктірілді.

Құрметті депутаттар! Аталған келісімдердің ратификациясы жөніндегі Заң жобаларын біз таяуда сіздердің қарауларыңызға енгізуді жоспарлап отырмыз.

Қазіргі уақытта Министрлік пен облыстық әкімдіктермен бірлесе отырып, республикалық маңызы бар автожолдарда жол қызметінің объектілерін жаңарту жөнінде жұмыстар жүргізілуде.

Мұның сыртында, «Нұрлы жол» аясында 2020 жылға дейін негізгі халықаралық дәліздерде Ұлттық стандартқа сай келетін 260 қызмет нысандарын дамыту көзделуде.

Жыл қорытындысы бойынша жол қызметінің 800 нысанын 2015 жылы қабылданған Ұлттық стандарттарға сәйкестендіру жоспарлануда.

Сонымен қоса, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан маңызы аса зор жоба туралы айтуға тиіспін.  Ол – Астанадағы жаңа теміржол вокзалының құрылысы. Құрылыс және әрлеу жұмыстары аяқталып қалды. Жаңа вокзал мамыр айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Жалпы алғанда, жаңа вокзалдың өткізу қабілеті – тәулігіне 35 мың жолаушыны құрайды. Ал қолданыстағы вокзалмен қоса алғанда – тәулігіне 48,8 мың жолаушы болады. Бұл астаналық жолаушылар ағынына, оның ішінде халықаралық көрмені өткізу кезінде де, сапалы қызмет көрсетуді толығымен қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ, «Нұрлы жол» бағдарламасын орындау аясында 2015 жылғы қаңтарда «Астана қаласының жаңа терминалын салу және әуежайының ұшу-қону алаңының реконструкциялау» жобасы басталды.

Жоба бойынша жаңа жолаушылар терминалының, тұрақ орындарының құрылысы, инженерлік инфрақұрлым, перронын реконструкциялау және аумақты абаттандыру көзделген. Құрылыс жұмыстарын биылғы жылғы 15 мамырда аяқтау межеленген.

Қорыта келе, бұл бағдарламаның қосымша жұмыс орындарын ашуға, құрылыс материалдары, туризм, өңдеуші өнеркәсіп секілді еншілес салаларды дамытуға,  сондай-ақ, жалпы ел экономикасына айырықша мультипликативті нәтиже көрсетуге мүмкіндік беретін дағдарысқа қарсы мықты қуаты бар екендігін атап өтуіміз керек.

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов қосымша баяндама жасады.

Инфрақұрылымды дамытудың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жеті бағыт бойынша іске асыру үшін 2015-2019 жылдарға, тұтастай, 5 триллион 300 млрд. теңге көзделді.

Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Еліміздің көлік және транзит әлеуетін толық ашу үшін көрші елдермен үйлесімді іс-қимыл қажет. Жүктердің еркін транзитін, көлік дәліздерін құру мен оларды жаңғырту ісін қамтамасыз ету керек. Көлік инфрақұрылымын басқаруға, көрсетілетін қызмет деңгейін арттыруға және әкімшілік кедергілерді жоюға ерекше көңіл аудару қажет»,- деп атап көрсетті. Сондықтан біз Мемлекет Басшысының тапсырмасын бірлесе әрі сапалы орындауымыз қажет.

Бүгін инвестициялар және даму министрі өз баяндамасында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы аясында көлік және логистика инфрақұрылымын дамыту туралы жан-жақты ақпарат берді. Сондай-ақ, кейбір жекелеген мәселелерге тоқталып кеткім келеді,- деген Комитет төрағасы: «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасында ұзындығы 7 мың шақырымнан асатын 11 автожол жобасын салу көзделген, олардың ішінде қазіргі уақытта 7 жоба іске асырылуда.

Алайда, еліміздің маңызды көлік жолдарын жобалау кезінде де, сондай-ақ оларды салу кезінде де жобалық шешімдерге салғырт  әрі   атүсті қарау жол жүрісі қауіпсіздігіне қатер төндіреді.

Мысалы, бұқаралық ақпарат құралдарында «Қапшағай – Балпық би» автожолының аяқталған учаскесінде Мұқыр өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің тұсында Алғабас ауылының маңында, жолдың ойлып кеткені туралы ақпарат болды.

Бұдан басқа, аяқталған бір ғана «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік-транзит дәлізі жобасы пайдаланудың алғашқы жылының өзінде-ақ су ағынына төтеп бере алмай отыр. Мәселен, Жамбыл облысында су басу қауіпі салдарынан 11 шақырым жолда  уақытша жүріс жабылды.

 «Орталық – Шығыс»,«Астана – Өскемен» маңызды бағыттардың бірінде мердігерлермен болып жатқан даулардың салдарынан конкурстық рәсімдік ұзаққа созылуда. Осы автожол шеңберінде 2015-2016 жылдары тек «Астана-Павлодар» учаскесіне 164,7 млрд.теңге бөлінген болатын.

Автомобиль жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, реконструкцияланғаннан кейін олардың көп ұзамай тез бүлінетін жағдайлары да жиі кездеседі.

Осыған байланысты, шамасы,  министрлік пен құқық қорғау органдары жұртшылықты, тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, пайдалануға берілетін автомобиль жолдарының сапасы бойынша аудит пен ревизия жүргізуі қажет. ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясы келісімшарттық міндеттемелерін адал орындайтын компаниялармен жұмыс істеуі тиіс.

2016 жылы ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясы тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуға байланысты 21 талап-арызбен сотқа жүгінген. Алайда даулар тек жосықсыз мердігерлердің кінәсінен ғана емес, сонымен қатар ҚазАвтоЖолдың сатып алу жүргізу кезіндегі әрекеттеріне байланысты да туындап жатады.

Сондықтан да, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, оның ішінде  «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ-ның, сатып алуды жүргізуін реттейтін және лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін, қызметінің ашықтығын қамтамасыз ететін Сатып алу туралы жаңа заңды қабылдайтын уақыт келді.

Тағы бір маңызды мәселелердің бірі – жол бойындағы сервистің нашар дамуы және оның сапасының төмен болуы. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасында 260 сервис объектісінің құрылысы көзделген, оның ішінде 31 объекті республикалық бюджет есебінен және 229 объекті жеке инвесторларды тарту есебінен салынуға тиіс.

Бүгінгі таңда ұзындығы 97 мың км-ден асатын жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарда 3 мыңнан асатын жол бойындағы сервис объектісі бар, олардың 75 %-ы белгіленген талаптарға сәйкес келмесе, 25 %-ы ұлттық стандарттың үшінші немесе төртінші (соңғы) санатына ғана сәйкес келеді.

Бұл да шешімін табуы қажет проблема.

Қазіргі кезде жолдарда, оның ішінде республикалық маңызы бар жолдарда ұялы байланысқа қол жеткізуге қатысты проблемалар бар.

Жолда жүріп келе жатқанда, әсіресе қыс кезінде жедел шешуді қажет ететін әр түрлі жағдайлар жиі орын алып жатады.

Сондықтан, облыстық және республикалық маңызы бар автожолдарда ұялы байланысқа қол жеткізуді қамтамасыз ету керек.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасында қазіргі жүк ағынын ынталандыру және оның қарқындылығын арттыру үшін Каспий өңіріне шығатын «Боржақты – Ерсай» теміржол желісінің құрылысы көзделген. Оның тапсырылу мерзімі 2015 жыл болатын. Ұзындығы небары 14 шақырым болатын бұл жобаның өзі де пайдалануға 1 жылға кешіктіріліп берілді.

«Алматы – Шу» теміржол учаскесіндегі екінші жолдарды іске қосу халықаралық транзит ағынының «тар» жерлерін еңсеруге және өткізу қабілеттілігін 2,5 есеге арттыруға, ал жүктерді тасымалдау мерзімін 2 есе қысқартуға мүмкіндік берер еді. Алайда жоспарланған екінші жолдардың бүгінгі таңда тек жартысы ғана, яғни 110 шақырымның орнына 52 шақырымы пайдалануға берілді.

Бұл ретте «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес осы учаске бойынша 2016 жылы тасымалдау қабілеттілігі 25,0 млн.тоннаны құрауы тиіс болатын, бірақ оған да қол жеткізілмеді.

Сонымен қатар, жолаушылар вагондарының көбісінің тозғанына, ескіркеніне байланысты жолаушылар вагондарының паркін жаңарту қажет.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасында Астана әуежайының жолаушылар терминалын реконструкциялауға және өткізу қабілеттілігін 2020 жылға қарай жылына 7,6 млн. адамға дейін кеңейту үшін 2015-2017 жылдарға 59 млрд. теңге көзделген болатын.

Астана әуежайының жаңа жолаушылар терминалы құрылысының аяқталу мерзімі 2017 жылдың наурыз айында белгіленген болса да, ол әлі аяқталған жоқ»,- деп сынап алды.

«KAZLOGISTIK» Қазақстанның көлік одағының бас директоры  Қанат Әлмағанбетов пен «BI Group Construction»       акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Арман Жәкенов  депутаттардың алдында сөз алды.

 

***

«Үкімет сағаты» шеңберінде Мәжілістің жалпы отырыс залының фойесінде көрме ұйымдастырылды.

 

(Сәуле Досжанова, т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі