Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
11.04.2017

Мәжілісте: «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының орындалу барысы


Астана, 11 сәуір. Мәжіліс Үйі.

Мәжілісте Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаевтың жетекшілігінде «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет туралы» Заңының орындалу барысындағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 1 – 15, 28, 29 қадамдарын орындау шеңберінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының орындалу барысы туралы»,- деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Оның жұмысына Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко қатысты.

Іс-шараны ашу барысында аталған Комитет төрағасы Мәулен Әшімбаев мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді  ұсыну  мен экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларды сапалы іске асыру   үшін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған бес институционалдық реформа құрамында кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру бағытының маңыздылығын атап көрсетті.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында айқындалған кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру барысы туралы егжей-тегжейлі баяндап берді. Мәселен, оның ақпаратына сүйенсек, жаңа қабылданған Мемлекеттік қызмет туралы заңның арқасында 15 тармақтың 11-і іске асырылды.

 Баяндама жасаған депутат Ерсұлтан Бектұрғанов қабылданған Заңды іске асыру және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының бірінші бағытын орындау мақсатында қажетті бірқатар маңызды аспектілерге тоқталып өтті. Атап айтқанда, парламентарийлер мемлекеттік қызметке кіру және одан өту, мемлекеттік аппараттың кәсібилігі мен әдеп кодексі нормаларының орындалу деңгейін арттыру бойынша нақты ұсыныстар енгізді.

Талқылау барысында депутаттар мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу бойынша тәсілдерді өзгертуге, «А» корпусына кіретін лауазымдар тізбесін оңтайландыруға, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясын одан әрі дамытуға және бірқатар басқа да мәселелерге қатысты сұрақтар қойды.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанындағы Қоғамдық кеңес  мүшесі  Еркін Оңғарбаев, Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов және Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының Кадр жұмысы департаменті бастығының орынбасары Гүлнар  Шүшікова мемлекеттік және құқық қорғау қызметіне кіру және олардан өту кезіндегі бірқатар проблемалы мәселелерге және оларды шешу жолдарына ерекше назар аударды.

Отырыс қорытындылары бойынша Комитет төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңды іске асыру бойынша жүргізген нәтижелі жұмысын атап өтті.

Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, Бас прокуратураның, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің, Ішкі істер, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерінің өкілдері мен мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

 

(Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі