Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
12.04.2017

Мәжіліс көлік мәселелері бойынша түзетулерді мақұлдап, Сенатқа жолдады


Астана, 12 сәуір. Мәжіліс үйі.  Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті.

Онда Парламент депутаттары әзірлеген көлік мәселелері бойынша түзетулер әуелі бірінші оқылымда, кейіннен депутаттар ұсынысымен екінші оқылымда қаралып, мақұлданды.  

Заң жобасында сауда мақсатында теңізде жүзу саласындағы ұлттық заңнаманы халықаралық шарттардың талаптарына сәйкес келтіру ұсынылған.

Шағын көлемді кемелерді есепке алу және тіркеуге байланысты мемлекеттік жүйені жетілдіруге,  рельстік көлігінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге баса назар аударылған.  Қазіргі таңда метрополитендегі қозғалыстың қауіпсіздігін және техникалық құралдардың жай-күйін бақылау жергілікті атқарушы органға бекітілген, ал қалалық басқа рельстік көлік түрлеріне қатысты бақылау жоқ. Салдарынан 2015 жылы Алматы қаласында басқарылмайтын трамвай 14 автокөлікке залал тигізген. Құжат теміржол саласындағы тармақ иеленуші мен кірме жолдар тұтынушылары ара қатынастарын реттеуді көздейді. Қолданыстағы заңда теміржол көлігіндегі вагондарды беру-әкету жөніндегі операция процесінің егжей-тегжей мәні толық ашылмаған.

Жалпы отырыста  «Ислам Конференциясы Ұйымына мүше елдер арасындағы экономикалық, техникалық және сауда ынтымақтастығы туралы бас келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы да депутаттар тарапынан қолдауға ие болды.

Келісімнің негізгі мақсаты - Ислам Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық, техника, технология саласында ғылыми ынтымақтастықты дамыту және оны жүзеге асыру бағытындағы қарым-қатынасқа құқық тұрғысынан жаңа мүмкіндіктер ашып, өрісін кеңітіп, бекіту.

Осы күні сондай-ақ, қорғаныс және әскери қызмет, сонымен бірге, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі мәселелері бойынша түзетулерге арналған заң жобалары екінші оқылымда мақұлданды. Және Мәжіліс дипломатиялық қызметке қатысты заң жобасын жұмысқа қабылдады.

 

(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі